Қазақстандағы журналистерге ақша делдалдар арқылы Мәскеуден жіберілген, ал олар мұнда банк туралы тексерілмеген материалдарды жариялап отырған.
Қазір Алматы қаласының ішкі істер департаментінде ұсталғандардан жауап алу және оларды беттестіру жүріп жатыр.
Осы іс бойынша бұрынғы журналист Рафаэль Балгиннің адвокаты Нұрлан Үстеміровтің айтуынша, орның қорғауындағы азамат біраз уақыттан бері «Казкоммерцбанк» туралы тапсырыс берілген материалдарды жариялауды ұйымдастырғанын мойындапты, аталмыш материалдар «Nakanune.kz» және «Республика» интернет-порталдарында жарияланып отырған.
— Балгин тапсырыс берушінің материалдары мен жобаларын делдалдардан алып, редакцияға жеткізуге қатысқан. Ол материалдарды «Республика» сайтының басшысы Ирина Петрушоваға жіберіп отырған, ал ол өз кезегінде мақалаларды жариялауға нұсқау беріп отырған. Тексерілмеген фактілерге негізделген жарияланымдардың мазмұнын Балгин тексермеген, — деп хабарлады адвокат Нұрлан Үстеміров 21-желтоқсанда полициядағы беттестірулерден кейін.
Адвокаттың айтуы бойынша, Балгин материалдар мен ақшаны жеткізіп отыруға көмек көрсетуді Мәскеудегі өзі (Балгин) сенетін, парасатты адам санайтын бір танысы (тергеу мүдесіне сәйкес, әзірше оның аты аталмай отыр) өтінгенін мойындады. Атап айтарлығы, осындай делдалдық қызмет үшін ақы, яғни ақша алып отырған.
— Менің қорғауымдағы азамат ақша да беріп жіберіп отырған, — деді сөзін жалғастырған Нұрлан Үстеміров. — Әдетте 4-тен 5 мыңға дейінгі қолма қол АҚШ долларын Балгин делдал арқылы Ирина Петрушовға жіберіп отырған, олардың бір бөлігі делдалдың сөзі бойынша «Nakanune.kz» сайтының басшысы Гузаль Байдалинова беріліп отырыпты. Сөйтіп, «Республика» және «Nakanune.kz» сайттарын мазмұндары тексерілмеген тапсырысты материалдарды орналастырғандары үшін қаржыландырудың жасырын арнасы ұйымдастырылған.
Нұрлан Үстеміров осы іс бойынша, сотқа дейінгі тергеу шеңберінде, басқа ұсталғандардың жағдайына түсінік беруден бас тартты. Айтуынша, адвокат оларға қандай айыптар тағылып отырғанын білмейді екен.
— Есірткі бойынша, және басқа фигуранттар бойынша мен еш нәрсе білмеймін, — деді сөзін тәмәмдаған Үстеміров.
Естеріңізге салсақ, 18-желтоқсанда полицейлер «Nakanune.kz» жобасының редакторы Гузяль Байдалинованы, журналист Юлия Козлованы және бұрынғы журналист Рафаэль Балгинді құрықтаған болатын. Олардың пәтерлері мен «Республика» және «Nakanune.kz» басылымдарының кеңселерінде тінтулер жүргізілді.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков