Өзінің әкесі — Рахат Әлиевтің 53-ші туған күнінде Айсұлтан Назарбаев әкесін әрқашан жадында сақтайтынын және бұл үшін нағашы атасы — Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіретіні туралы айтты.
Осы күннің қарсаңында ел президентінің жиені Facebook желісіндегі өзінің парақшасында қайтадан өзін толғандыратын жеке мәселелермен бөлісті.
«Жақында менің көзіме қазақтың ұлы перзенттерінің бірі Бұқар жыраудың (Абылайханның кеңесшісі) дана сөзі түсті: Әкелі бала жаужүрек, Әкесіз бала сұм жүрек.
Түрлі жағдайлардың тоғысуымен мен осы даналықты 10-желтоқсанда оқыдым. Бұл күні менің әкем, Рахат Әлиев өзінің 53-ші туған күнін атап өтуші еді. Бірақ, өкінішке қарай, Алла-тағала оның тағдырын басқаша шешіпті. Ол қарапайым адам емес-ті, бірақ өмірдің өзі де күрделі дүние ғой. Онда барлығының ақ не қара болуы мүмкін емес – барлық тамаша реңдіктер мен өзгешеліктерде.
Мен оны өзіме жақсы тәрбие берген, өсірген, оқытқан жақсы әке және футболды, жалпы, спортты сүюді үйреткен адам ретінде әрқашан еске алып жүремін. Қандай жағдай болса да, мен өз әкемнің баласы ретінде әркез оған ризамын.
Кейде мен ол туралы түрлі пікірлерді оқимын. Оны жақсы көрген, құрметтеген адамдармен қатар, әлі күнге дейін оны жек көретіндер де бар. Мен, Алла-тағаладан қорқатын адам ретінде, ешкімге баға бере алмаймын – өйткені ерте ме, кеш пе, барлығымыз Оның алдына барамыз, сол кезде әркім өзінің әділ бағасын алады.
Біреуді ғайбаттау – ауыр күнә. Тіпті, Президентің өзі өткенді есіне түсіре отырып, менің әкемнің тағдырына қатысты шешімді қабылдаудың оңай болмағандығын айтады. Сондықтан мен нағашы атамның батылдығы мен берік рухының алдында басымды иемін.
Дәл сол кезде оның әкемнің орнын баса біліп, маған өмірде дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп, салқынқанды және қызу жүректі, парасатты өмір салтына үйреткен адам болғанын көпшілік біле бермейді. Сол кісінің арқасында мен дербес болуды үйрендім, шындықтан қорықпаймын және арымның алдында тазамын. Ол мені және шынайы және үйлесімді өмір сүруге үйретті.
Менің өмірімде қара басымның қамы үшін әкемнен бас тартуға кеңес бергендер де болды. Мен оларды аянышпен еске аламын – өне бойында жан, жылулық жоқ, олар қалай өмір сүреді? Мен әкемнен бас тарпаймын, өйткені еш нәрсе және ешқашан оның анаммен бірге маған өмір сыйлаған әкем екенін өзгерте алмайды.
Сондықтан мен қара басымның қамы, қандай да бір мақсат немесе мансап үшін одан бас тартпаймын. Адал өмір сүріп, өз дербестігіңді сақтай білгеннен артық мансап жоқ. Мен бәрінен бұрын, көп жылдан кейін ұйқыдан оянғандай, өзімді өзім жоғалтқанымды түсінуден қорқамын. Дәл сондай адамдар осы дүниеде де, о дүниеде де не тыныштық, не бақыт таппайды.
10-желтоқсанда мен әкемді жақсы оймен еске алдым. Дәл сол сәтте менің жүрегімде ешқандай өшпенділік, реніш болған жоқ – ыстық ықылас пен енді тек бақилық болғанда ғана кездесетінімізге деген сәл өкініш болды.
Өмірден өткен адамдар туралы жаман айтуға болмайды — дегенді қандай дана адам айтқан деп ойлаймын. Бұл адамнан айуанға айналмаудың жақсы жолы.
Қазір менің өз отбасым бар, Құдай қаласа, балаларым да болады. Мен өмір жолымның қандай болатынын білмеймін, бірақ өз ұлымның немесе ұлдарымның, еш нәрсеге қарамай, өзім сияқты, мені де осылай жадында сақтаса, деп армандаймын.
Сол кезде мен оларға аспаннан қарап, дана бабам Бұқар жырау сияқты: Сендер батылсыңдар — мен сендерді мақтан тұтам, — деуші едім».
Орысшадан аударған Қайрат Матреков