Қазақстанға және Орталық Азия республикаларына тікелей қатысы бар сепаратизмнің барлық түрінен «синьцзяндық» деп аталатын нұсқасын бөлген жөн. Бұл Синьцзян провинциясы мен біздің аймақтың жағрафиялық, этникалық, конфессиялық жақындығымен байланысты. Сепаратизмнің Қазақстанға қалай қауіп төндіретіні туралы белгілі қазақстандық синолог Константин Сыроежкин ой толғайды.
Өзінің «Синьцзян: Қазақстан мен Қытай үшін үлкен сұрақ» деп аталатын жаңа кітабында саяси ғылымдар докторы Константин Сыроежкин былай деп жазыпты: «Синьцзяндағы сепаратизм мәселесі жыл өткен сайын асқына түсетін сыңайлы. Оның үстіне, ҚХР басшылығының мойындауынша, дәл осы сепаратизм «Синьцзяндағы тұрақтылыққа әсер ететін» негізгі қауіп.
Келесі жағдаяттарды ескере отырып, мұндай баға берумен келісуге болады.
Түптеп келгенде, этникалық бәселестік факторын да ескермеуге болмайды. 2009 жылғы шілдедегі Синьцзяндағы оқиғалар — соның айқын дәлелі. Бұл радикалды элементттердің бой көтеруі немесе жергілікті биліктің істеріне наразылық емес. Бұл өзара өшпенділік пен өзара наразылықтар негізіндегі этностар аралығындағы қақтығыс.
Атап айтарлығы, осындай бой көтерулер тарихында қақтығысқа алғаш рет хань ұлтының қарапайым халқы тартылды, ал бұл, жалпы Қытай үшін де, алдын ала болжау мүмкін болмайтын зардаптарға әкеліп соғуы мүмкін, өйткені мұндай көңіл-күй елдің барлық ұлттық аймақтарында орын алған. Соңғы уақытқа дейін лаңкестердің жоғары белсенділігіне, сондай-ақ ҚХР-дың СҰАР аумағында тұрып жатқан ұйғырлар мен басқа этникалық топтар арасындағы шиеленісті қарым-қатынастарға қарамастан,
хань ұлтының қарапайым халқы шеруге шыққан ұйғыр ұлты мен билік арасындағы кикілжіңге араласпауды жөн көріп келген еді.
Сондықтан ханьдықтардың жауап ретінде бой көтеруі бұл қақтығыстың неғұрлым елеулі салдары».
Қақтығыстардың себебі не?
Константин Сыроежкиннің пікірінше, қақтығыстардың белсендірек бола бастауының бірнеше себебі бар. Олардың біріншісі және бастысы — этникалық аңыздардың беріктігі. Мәселен, заманауи Синьцзян аумағындағы ұйғырлардың автохтондығы, яғни бірегейлігі және қалай болса да Орта ғасырда Батыс өлкенің аумағында ұйғырлар үстемдігі орнады және бірнеше ұйғыр мемлекеті болды деген сенімдер туралы.
«Алғашқы тезис ешқандай сын көтермейді, — деп есептейді синолог. —
Ұйғыр ұлтының заманауи өкілдері мен көне заманда осы атауымен өмір сүрген халық арасында тікелей паралель жүргізу соншалық дұрыс емес.
Екінші тезиске келетін болсақ, орта ғасырда ұйғырлардың мемлекеттігі болды дегенмен дауласу қиынға соғар, бірақ бұл жерде ол соншалықты айқын емес.
Біріншіден, бұл мемлекеттер басқа этникалық көшпелі тайпалардың тегеурініне, одан кейін Шыңғысхан империясының, ал ең соңында Цин империясының қысымына төтеп бере алмады.
Екіншіден, Орхон немесе ортағасырлық Турфан ұйғырларын заманауи ұйғыр этносымен бірдей деп санау өте даулы болып көрінеді. Бұлар, шын мәнінде, мүлдем бөлек халықтар. Үшіншіден, одан кейінгі замандағы берік ұйғыр мемлекеттігі туралы айтуға ешқандай негіз жоқ. Әрине, тарихи тұрғыдан олардың болғаны рас, бірақ осы мемлекетік құрылымдарды шынайы дербес болды деп айту қиын. Қалай болса да олар Ұлыбританияның немесе Түркияның протекторатында болды.
Қытайдың құрамына түбегейлі енуімен Синьцзяндағы үнемі орын алып келе жатқан толқуларды толық түсіндіруге болады. Ұйғырлардың сана-сезіміне жат қытайлық мәдениет элементтерін күштеп енгізу ұйғырлардың ассимиляцияға ұшырауын айтпағанда, олардың қабылдануына әкеліп соққан жоқ. Мұны жаңа билікке қарсы бас көтерулер сипаты да дәлелдеп отыр. Олардың барлығы ханьдарға және дүнгендерге қарсы сипатта болып, тек түпкілікті қатысушылардың әлеуметтік және ұлттық құрамы бойынша жүзеге асқан бірігуінен өзінің саяси бағдары, тұғыры бойынша ерекшеленген».
Ғалым ҚХР СҰАР-ы ұйғырларының наразылығын тудырып отырған бірнеше факторды атады.
«Соңғы 30 жылда ҚХР СҰАР-ы қарқынды дамып келеді, — деп жазады қазақстандық зерттеуші, — тұрмыс деңгейі өсіп, аймаққа орталық бюджеттен құйылатын қаржы артып, ал аймақта тұратын хань халықтарының жергілікті мәдениетіне толеранттық жоғары деңгейде болуына қарамастан, өзара жек көрушілік пен өзара наразылық негізінде ұлтаралық қақтығыстар орын алуда. Ол аз болса,
соңғы бес-алты жылда ханьдықтар мен ұйғырлар арасындағы өзара жек көрушілік шиеленіс деңгейі шыңырауына жетті.
Мұның сыртында, соңғы жылдарда Синьцзяндағы діни фактордың күшеюі және аймаққа исламның оған тән емес ағымдары, атап айтқанда, уахабизмнің белсенді түрде енуі байқалуда. Биліктің бұл ықпалды әкімшілік шаралармен шектеу жөніндегі талпынысы сәтсіздікке ұшырады. Зайырлы мемлекет құрылымына енудің заңды жолдарын таппаған ислам радикалдана бастайды және ол енді билікке қатысуды емес, бүкіл саяси билікке қол жеткізуге тырыса бастайды. Бұл мәселені шешуге 2015 жылғы 1-қаңтарда күшіне енген «СҰАР-дағы діни қызмет ережелері» көмек көрсете ме, жоқ па, — үлкен сұрақ. Көптеген тыйымдар мен бүгіп қалушылықтар енген бұл ережелерді аймақ халқы біржақты қабылдап отырған жоқ».
Бұл «Ережелердің», атап айтқанда, мемлекеттік мекемелерде, мемлекеттік оқу орындарында және ортақ қолданыс орындарында кез келген діни қызметке тыйым салады».
«Бұл жерде әңгіме ең алдымен жұмыс орындары үшін этникалық бәсекелестік шиеленісуі және қаржылай қорларды қысқарту жөнінде болып отыр, — деп атап өтілген зертеуде. — Тәжірибе көрсетіп отырғандай,
«этникалық қақтығыстардың» көпшілігінің негізінде этникалық, тіпті, саяси және діни емес, таза экономикалық факторлар жатыр.
Меншікті қайта бөлу, аумаққа иелік ету және оны басқару мен табиғи қорларын басқару үшін күрес жүруде. ҚХР СҰАР-ындағы бүгінгі жағдайды түсінудің өзгеше және аса елеулі белгісі жұмысшылар мен қызметкелер қатарын жергілікті этникалық топтардың есебінен толтыру тек жергілікті кәсіпорындарда жүзеге асады. Өндірістік өнімнің басым бөлігін өндіретін орталыққа бағынатын кәсіпорындарда бұл байқалмайды. Ұлттық азшылдықтардың ең көп үлес салмағы ауыл шаруашылығын қоспағанда, өндірістік емес салаларда байқалады: білім беру, мәдениет, өнер, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қызмет көрсету, сондай-ақ сауда, қоғамдық тамақтандыру, мемлекеттік және партиялық органдар, қоғамдық ұйымдар. Ең азы — ғылымды қажет ететін салалар мен өндірістік кәсіпорындар, әсіресе ірілерінде. Қазіргі күні ханьдарға қарсы наразылықтың әлеуметтік негізі әлеуметтік төменде, әдетте, Синьцзянды «қытайлық модернизациялау» жағдайында күнкөрістің елеулі қиындықтарына тап болатын ұйғыр халқының білімі таяз топтарының арасында қалыптасады. Олардың пайдасына шешілмейтін осындай жағдайдан шығудың жолы әлеуметік құлдырау болып табылады. Осындай жағдайда «сыртқы жауға» қарсы күрестің біріктірушісі рөлін ойнайтын ислам өзінің маңына наразылықтың қуатты қорын
жинақтайды».
«Мен өзін өзі билеу жолындағы күресте ұйғыр қозғалысының мүмкіндіктерін асыра бағалауға бейім емеспін, — дейді сөзін жалғастырған Константин Сыроежкин. — Біріншіден, көп ретте «ұйғұр сепаратистері» деп аталатындардың ұлт-азаттық қозғалысына ешқандай қатысы жоқ. Көп жағдайда олардың әрекеттері қарақшылық, тонаушылық, диверсия, ал соңғы уақытта — әділ түрде — террористік акт ретінде бағаланады. Екіншіден, «ұйғұр сепаратизмінің» негізгі ерекшелігі этникалық элитаның қақтығысқа араласпауы. Әрине,
ұйғұр элитасы өз этноареалы шеңберінде көп билікке қол жеткізгісі келеді, ол, тіпті, тәуелсіздікке қол жеткізу қозғалысының идеологтары мен басшылары болғанды қалайды.
Алайда өзінің бытырыңқылы және танылған жалпыұлттық көшбасшыларының, сондай-ақ ұлт-азаттық күрес идеологиясы болмауы салдарынан, ол бұған дайын емес. Үшіншіден, ҚХР СҰАР-ындағы ұйғыр сепаратистерінің астыртын және саны аз ұйымдарының қызметі бұрынғыдай жалпы Орталық Азиядағы, оның ішінде, Қытайдағы жағдайды тұрақсыздандыруға мүдделі шетелдік ұйымдар мен мемлекеттер тарапынан қуатты қаржылай және материалдық қолдау болған жағдайда ғана мүмкін. Төртіншіден, ұйғыр сепаратистерінің террор тактикасына көшуі оларды терроризмді қоғамдық мәселелерді шешудің нысаны ретінде айыптайтын әлемнің қоғамдық пікірі көзқарасында олар заң шеберінен тысқары шығарады.
ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мәліметтері бойынша 1990-2001 жылдар аралығында «Шығыс Түркістанның» террористік күштері 200-ден астам күш көрсету және террористік актілерін жүзеге асырған, соның салдарынан 162 адам қаза тауып, 440 адам түрлі деңгейдегі жарақаттар алған. 2000-шы жылдардың бірінші жартысы біршама тыныш өтті. Қалай болса да күш көрсетудің ірі актілері байқалған жоқ.
Басты себептер үшеу — біріншіден, ҚХР СҰАР-рында террорға қарсы күрестің күшеюі және аймақты модернизациялауға орталық бюджеттен қомақты қаржы құю. Екіншіден, әлемдік қауымдастықтың (ең алдымен АҚШ-тың) ҚХР аумағындағы терроризм актілерін мойындауы және «Шығыс Түркістандағы Ислам қозғалысын» лаңкестер ұйымдар тізіміне қосуы. Үшіншіден, сепаратистердің Синьцзянды азат ету жолындағы күресте террор тактикасынан саяси, күш көрсетпеу әдістеріне көшуі.
Ұлтаралық қақтығыстар мен лаңкестік актілердің жиілігі 2000-жылдардың екінші жартысында арта бастады. 2008 жылы ҚХР СҰАР-ында «террорлық» ретінде жіктелген сегіз акт тіркелді. 2009 жылы — жеті, оның ішінде, 1997 жылғы ақпандағыдан кейінгі ұйғырлар мен ханьдықтар арасындағы ең ірі қақтығыстар жаз айларында Үрімшіде, Қашғарда, Хотанда және басқа аймақтарда орын алды. 2011 жылы төрт террористік акт тіркелсе, 2012 жылы — үш, в 2013-те — 10, ал 2014-те — 11 террористік акт орын алған.
Қытай баспасөзі хабарлағандай, антитеррорлық науқанның алғашқы айы барысында (режим 2014-жылғы 23-мамырда бір жылдық мерзімге енгізілген)
Синьцзянның қауіпсіздік органдары 32 лаңкестік топтың көзін жойып,
380-нен астам күдікті қылмыскерлерді және 65 қашқынды құрықтады, 264 жарылғыш құралдарын, 3,15 тонна жарылғыш заттарын жасайтын шикізат пен 357 қару бірлігін тәркіледі.
Қытайдағы заманауи терроризмнің атап айтарлық ерекшелігі, егер бұрын «сепаратистердің» қарулы шабуылының нысанасы полицейлер немесе армия (дәлірек айтқанда — Халықтық қарулы полиция) өкілдері болса, соңғы екі-үш жылда мұндай акциялардың нысанасы халық көп жиналатын орындарда шоғырланған адамдар бола бастады: Қашғардағы кафеге жиналғандар, Хотан — Үрімші ұшағының жолаушылары, Тяньаньмэнь алаңына жиналған туристер, Куньминь мен Үрімшінің теміржол вокзалындағы жолаушылар мен өтіп бара жатқан адамдар, Үрімші базарындағы тұтынушылар. Атар айтарлығы, олардың барлығы хань ұлтының ғана емес, басқа ұлттардың да өкілдері. Бұл терактілер құрбандар санын ұлғайтып, көпшілік арасында «қорғансыздық синдромына» әкеліп соғуда. Мәселен, БАҚ-тан алынған мәліметтерге сәйкес, тек 2014 жылдың алғашқы алты айында террористік актілер салдарынан 69 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алған.
Ақыр соңында, бұл қылмыстардың барлығы ешқандай саяси мәлімдемелерсіз және талаптарсыз жасалған акциялар болғанымен, ешбір жағдайда жарылыстар мен өзін өзі жаруларлар сияқты жаппай қырғындар себебтері айтылмаса да,
терактілердің жиілігі мен біртектілігі — бұл акциялардың бір орталықтан жоспарланғанының, үйлестірілгенінің және қаржыландырылғанының айқын дәлелі.
Атап айтарлығы, ол орталық, шын мәнінде, Синьцзяннан шалғай жерде орналасқан».
«ҚХР СҰАР-ы ұйғыр халқының Бүкіләлемдік ұйғыр конгресін (БӘҰК) және Шығыс Түркістанның ислам қозғалысын (ШТИҚ), сондай-ақ Синьцзян аумағында әрекет етуші террористік және сепаратистік топтарды қаншалықты қолдайтыны туралы мәселе ашық қалуда, — дейді қорытынды жасаған профессор Сыроежкин. — Әрине, ҚХР-дің СҰАР аумағында насихатталып отырған дербес ұйғыр мемлекетін құру идеясы ұйғыр ортасында өте танымал, бірақ
осы этностың әр өкілі тәуелсіздік үшін қарулы соғысқа дайын емес.
Тұрғындардың басым көпшілігі қазіргі жағдайға көніп отыр, тек жергілікті билік пен күш құрылымдарының өзбырлығын алып тастаса дейді. Бірақ соңғысы тек Синьцзянға ғана тән емес. Бұл құбылыстар Қытайдың ішкі аудандарында да наразылықтар тудыруда. Ендеше, «ұйғыр сепаратизмінің» негізгі себептерін, Қытайда орын алған «ұйғыр терроризмінің» себептеріндей, тек шетелдік ұйымдар мен эмиссарлардың қызметінен ғана емес (бұл да соңғы фактор емес), ең алдымен, ҚХР мен оның ұлттық аймақтарының әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының мәселелерінен іздеген жөн.
Егер Қытайға Орта Азия мен Қазақстанда орналасқан ұйғыр ұйымдары тарапынан төнетін қауіп туралы сөз қозғасақ, бұл аңыз. Әлбетте, Орталық Азияда тұратын барлық ұйғырлар Орталық Азия аумағында ҚХР СҰАР аумағының шегінде ұйғыр мемлекетінің құрылғанын қалайды, бірақ олардың ешқайсысы ол үшін соғысқысы келмейді.
Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің аумағында ШТИҚ-тың қызметі туралы ештеңе белгісіз.
Оның Қазақстанда, Қырғызстанда және Өбекстанда жұмыс істеп жатқан ұйғыр ұйымдарымен байланысы туралы да ақпарат жоқ. Қалай болғанда да, бірде бір Қытайға қарсы жасалған мәлімдемеде аймақ мемлекеттерінің ұйғыр ұйымдары, не бұрын белсенді болған және БӘҰК-мен байланысы болған осы ұйымдардың көшбасшылары бой көрсеткен жоқ.
Нақты жағдай мүлдем қарапайым. Егер ұйғыр диаспорасының шын мәніндегі өзекті мәселелері бойынша өте сирек материалдарды алып тастаса, Орталық Азиядағы мемлекеттерде жұмыс істейтін ұйғыр ұйымдары қызметінің негізін олардың көшбасшыларының жеке бизнесінің қолдауы және атаққұмарлығы мен кеудемсоқтығы құрайды, ал оның бүкіләлемдік ұйғыр қозғалысына, аймақ мемлекеттеріндегі «ұйғыр мәселесіне» ешқандай қатысы жоқ. Дегенмен, осы мәселені ескермеу, Қытайдың аймақтық және ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында тұратын ұйғырлардың, олардың арасындағы саяси-әлеуметтік үдерістер жөніндегі алаңдаушылығына назар аудармау сияқты көріністер — дұрыс нәрсе емес».
Орысшадан аударған Қайрат Матреков