«Нұр Отан» партиясының Алматы филиалында мемлекеттік органдар өкілдерінің және Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен денсаулық сақтау саласы мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар болып өтті. Белгілі сөз шебері, Кәсіпкерлердің Алматы ассоциациясының басшысы Виктор Ямбаевтың арқасында басқосу келелі пікірталасқа айналды.
— Бұл жерде ешкімді бір нәрсеге үйретудің және үгіттеудің қажеті жоқ, — деген «дөңгелек үстелге» модератор ретінде шақырылған Виктор Вениаминович жиналғандарды қажетті арнадағы әңгімеге тартып, рухтандыра білді. — Егер мемлекет өз міндетіне азаматтарды туғаннан о дүниеге аттанғанға дейін бақылауға алса, оны күнделікті өмірден көріп жүрміз — барлық жерге бейнебақылау орнатылған, қандай да бір құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қатайтылған, онда азаматтар да мемлекеттен неғұрлым жайлы өмір, тиісті жағдай талап етуге құқылы, ал ең бастысы — заң алдындағы жалпыға бірдей теңдікті.
Сыбайлас жемқорлық қай жерде және қалай өркендейді? Біріншіден, жемқорлық — міндетті түрде ақша алу. Оның жолдары да әр түрлі болады — азаматтар ақшаны басқа жерге емес, белгілі бір құрылымға апаруы тиіс. Екіншіден, талғампаздық. Үшіншіден — материалдық игіліктер мен құндылықтарды — жарық, су, жылу, жер, табыс — бөлу. Төртіншіден — рұқсаттар мен тыйымдар, адамдар кабинеттен кабинетке жүгіргенде маңындағылар оған ретін тауып, шешім қабылдайтын адамның көңілінен шығу жөнінде кеңес береді.
Осы орайда, атап айтарлығы, қоғамға үнемі пара беретіндерге қарсы күресті күшейту керек деген жалған пікірді таңуда. Мен бұл дұрыс деймін — аз бермесін, бірден жеткілікті мөлшерде беріп ауызын жапқан жөн.
Әсіресе, Виктор Ямбаевтың дәрігерлер атына айтқан сыны тыңдауға қатысушылардың ерекше наразылығын тудырды.
— Барлығы үнемі: «Байқұс дәрігерлер мен мұғалімдер» деп жатады. Олар, әсіресе, ақылы орталықтарда жұмыс істейтін дәрігерлер, байқұс болудан баяғыда қалған. Бүгін артынан еш нәрсеге жауап бермейтін дәрігермен әңгіме 6-8 мың теңге тұрады. Осыдан 2-3 жыл бұрын ол 2-3 мың теңге болушы еді. Қазір қалтаңда 5 мың теңгең болмаса дәрігерге кіре алмайсың. Ақшаны олар қызық жолмен қабылдайды: үстелдегі тартпа ашылып, ақшаны сонда сүңгіте салады.
Адамдарды сапалы медициналық қызметке жіберуді шектеу бағдарламасы жұмыс істеуде. Бұл жерде мен медициналық тауарлар мен препараттар, тексеруден өту бағаларының еселеп өскені туралы айтып отырған жоқпын.
Осындай орталықтардың адамдарды ортаға алып, ақылы тексеру арқылы олардың қалтасын неғұрлым тереңірек қағуға тікелей мүдделілігі туралы айтамын. Міне, осының барлығы, ұсақ-түйек жемқорлықтың жолдары, адамдар күнделікті тірлікте олардан аяқ алып жүре алмайтын болды және олар қоғамның наразылығын тудыруда. Біз көп нәрсе сұрап отырған жоқпыз, емханаларда кезектер болмаса, дәрігерлер дөрекілік танытпаса, дәрігердің біліктілігі жоғары болса, жетіп жатыр. Қазір бізде Гиппократ антының орнына басқа бір серт қабылдайтын болыпты, ал олар кімге ант береді?
Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Жанар Мәдиева өз сөзін Виктор Ямбаевтың эскулаптарға тиісуіне наразылық білдіруден бастады.
— Мен кешірім өтінем, бірақ медицина қызметкерлерінің, дәрігерлер мен медбикелердің атына мұндай ауыр сөздер айту да дұрыс емес. Иә, жеке орталықтарда баға шарықтауда, бірақ Алматының медицина мекемелерінде қызметтің кепілді көлемі тегін көрсетілуде. Кезек мәселесіне келсек… бізде электрондық тіркеу қызметі, электрондық мәліметтер базасы іске қосылған, кезектерді азайту бойынша да жұмыс атқарып жатырмыз. Алматының медицина мекемелері мемлекеттік қызметтің ең үлкен көлемін көрсетуде. 6 ай ішінде Алматының жергілікті атқару органдары 5 млн 366 мың қызмет көрсетсе, олардың 5 051 мыңы, яғни, жалпы санның 91 пайызын ведомстволық бағыныстағы денсаулық сақтау мекемелері тарапынан көрсетілген. Жалпы, 2015 жылдың 9 айында халыққа 10 млн қызмет көрсетілген.
Жанар Мәдиеваның айтуынша, 2015 жылғы тамызда басқарма оңтүстік астананың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен бірлесіп мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына мониторинг жүргізген. Не деген керемет! Тексеру нәтижесі 2015 жылы тұрғындар тарапынан емханалар жұмысына дәлелді шағым болмапты.
— Ақылы орталықтардағы баға бақылаусыз артуда, оларға ешкім ықпал ете алмайды, — дейді басқарма өкілінің байсалды баяндамасына наразылық танытқан Виктор Ямбаев. — Әрине, олар нарық жағдайында жұмыс істеуде, бірақ олар да әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз — өйткені ол жерге де соңғы үміт жетелеген сырқаттар барады, ол жер көңіл көтеретін клуб емес қой, бірақ ондағылар сол сырқат адамдарды олжа ретінде қабылдайды.
Міне, осы сәтте меншікті медициналық орталықтардың денсаулық сақтау басқармасына бағынысты емес екені анықталды, сондықтан басқарма олардың қызмет бағасына бақылау жасай алмайды екен.
«Аман-Саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова қатысушыларға өзінің қорына мемлекеттік медицинаға шағым айтушылар санының жылдан жылға артып келе жатқаны туралы айтып берді. Осы орайда, атап айтарлығы, олар өздерінің үкіметтік емес көмек қызметін жарнамалауды көптен бері қойыпты.
— Біздің елде реформалар жүйесіз жүргізіледі — біресе оңға, біресе солға, біресе алға, біресе артқа тартады. Дөрекілеп айтқанда, олар, менің немерем айтқандай, медицина қауымын әбден жауыр қылды, ол қазір қайда барарын білмей дел-сал күйде, — деді ашынған Бақыт Ниязбекқызы. — Тіркеудің электрондық базасына қатысты. Мен Алматыда 2011 жылдан бері тұрамын, бұл жерде талай рет ем-дом қабылдап, ота жасатып үлгердім. Ал биыл маған „сіз біздің емханада тіркеуде жоқсыз„ дейді, сөйтсем, басқа бір емханаға ауыстырып жіберіпті. База осылай жұмыс істейді. Ал өмір бойы қасымда келе жатқан күйеуім өзін 2001 жылы көшіп кеткен Павлодар облысынан тапты. Ал ол мұнда бір емес екі ота жасатып үлгерді, барлық жерде із қалдырды, нәтижесінде. өзіміз баяғыда көшіп кеткен жерден бірақ шықты. Бұған не деуге болады?
Осы жерде Виктор Ямбаев қатысушыларды Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жіберілетін қорытынды қарарға қоғам белсенділеріне түрлі тексерулерге қатысу құқығын беру туралы міндетті тармақ енгізуді ұсынды — өйткені қолбала болуға үйреніп қалған мемлекеттік тексерушілерге қарағанда, олар ақиқатты жазатын неғұрлым әділ тексерушілер екен.
— Қазір барлық тегін қызметті — медициналық қызметті, препараттарды қысқартуға бағытталған үрдіс орын алуда, бірақ мен аяғына дейін тұрамын: салық төлеуші салықтар, оның ішінде әлеуметтік, мақсатсыз салық төлегенде, неге екені белгісіз бұл туралы ешкім сөз қозғамайды, ал ол салықты өзінің тұрмысын нашарлату үшін төлемейді ғой, — деді шындықты айтудан шаршамаған Ямбаев. —
Мемлекет үшін мінсіз азамат — өмір бойы ауырмайтын және зейнеткерліктің алғашқы күні бақилық болатын адам. Қаржы министрі үшін ол қоғамның мінсіз азаматы болушы еді.
Қалалық мәслихаттың депутаты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің директоры Қанат Өскеновтің қатысушылардың адалдығына тәнті болғаны соншалықты, ол, тіпті, өзінің басынан өткен оқиғаны баяндап берді.
— Мен, жалпы, денсулық сақтау басқармасы өкілінен сұрайын деп едім — сіздер дәрігерлердің біліктілігін қалай тексересіздер? Міне, мен тірі мысалмын. Менің бауырым ауырды, 12-қалалық ауруханаға бардым, маған бірден ота жасап, соқыршегімді алмақшы болды. Ал мен мұның дұрыс емес екенін сезіп жатырмын, сөйтіп, 20 минут мұрсат сұрап, зейнеткерліктегі таныс дәрігеріме телефон шалдым, мені қолына скальпель ұстаған екі хирург отаға апармақшы болып жатқанда таныс дәрігерім жетіп үлгерді, ол келе салысымен менде соқыршек емес екендігін айтты. Консилиум 40 минутқа созылды. Мені тексерген егде тартқан дәрігерлер сияқты еді, бірақ анализ менде соқыршек жоқ екенін көрсетті. Бұл сөз емес қой: медбике тек 19-реттен кейін ғана күре тамырымнан қан ала алды. Нәтижесінде, үйде 7 күн емделдім, шынымен майлы тамақ жеп қойып, бауырыма салмақ салып жіберіппін.
Міне, мәслихат депутаты мен осындай жағдайға душар болдым, ал қарапайым халық қандай күй кешуде? Мүмкін. біздің дәрігерлердің біліктілігін тексеру үшін басқа елдерден мамандар шақырып, оларды тестілеуден өткізу керек шығар? Адамдарды жарымжан етпей. емдеу керек қой. Бұл осыдан 4 жыл бұрын болған еді, танысым болмағанда, әлі күнге дейін емделіп жүруші едім. Ал дәріханаларға ол жақсы — күнде дәріге жүгірем ғой.
Ұлттық медицина ассоциациясының президенті Айжан Садықова көп ретте пациентері қайтыс болған дәрігерлердің тергеушілердің кабинеттерінен шықпайтынына наразылық білдірді. Алайда оның сөзіне жүгінсек, қайтыс болушылар саны өте көп екен, мұның өзі ойландыруға тиіс емес пе…
— Дәрігерлер адам өмірін ажалдан арашалап қалды. Бірақ кейде дәрігер кінәсіне жатпайтын жәйттер бойынша араша бола алмайтын жағдайлар да болады. Өліммен аяқталатын жағдайлар болады, мұндай істер құқық қорғау органдарына беріледі. Олар сырқат тарихтарымен және өліммен аяқталған жағдайлармен көміліп қалған, тіпті, медицина мәселелерімен жұмыс істейтін бөлімдер ашуда. Десек те олардың бәрі сапасыз медициналық көмек көрсетуге байланысты емес — кейде сырқаттар ауыруы асқынып кеткен, оларды құтқару мүмкін емес жағдай орын алған кезде дәрігер көмегіне жүгінеді. Содан дәрігерлерді сотқа тартады. Қазір көптеген дәрігерлердің еңсесі түсіп жүр — олар адам өмірін арашалай ма әлде соттарда сандалып жүре ме? Біз — республика бойынша тәуелсіз сарапшылармыз, бізді құқық қорғау органдары шақырады, Мен Астана ішкі істер департаментінде болдым — 4 тергеушінің кабинетінде дәрігерлерден жауап алып жатыр. Сырқатты тексеріп, соның қасында болудың орнына олар өздерінің сырқатты құтқару үшін қолдан келген барлық көмегін көрсеткені туралы түсінік беруде.
Ал бұдан кейін Айжан Бекайдарқызы мұндай дөңгелек үстелдер басындағы жиналыстар және олардың барысында тек жағымсыз жәйттерді жариялау біртіндеп дәрігер мамандығының беделін және огның әлеуметтік маңыздылығына нұқсан келтіреді деп мәлімдеді.
— Біз пациенттерді қорқытып, оларды түрлі дүмшелерге, халық емшілеріне жүгініп, өзін өзі емдеуге мәжбүрлейміз, — деп мәлімдеген ол, медициналық жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік комиссиялардың құрамына қоғам белсенділерін қосу керектігін айтты, сонда медициналық жоғары оқу орындары түлектерінің үстінен қозғалған қылмыстық істер бойынша олардың оқытушылары да тең жауапкершілікке тартылады дегенді қосқанын айта кеткен жөн.
— Денсаулық сақтау жүйесінде атқарылған реформалардың барлығы ешқандай жақсылыққа жеткізген жоқ, олар тек бұрынғы министрді сотталушы орындығына отырғызды, — деді, шындықты бірден кесіп айтқан Виктор Ямбаев.
Міне, осы кезде пікір таластырушылар бір сағат бойы көзге ілмеген егде тартқан ер адамға сұрақ қою мүмкіндігі берілді. Ал ол өте жанды тақырыпты қозғап, медицина шенеуніктерінен елімізде терапевтер мен педиатрлардың орнына енгізілген және енді пионерлерді де, зейнеткерлерді де емдейтін жалпы тәжірибе дәрігерлері туралы не ойлайтындарын сұрады.
— Жалпы тәжірибе дәрігерлерін енгізу — министрлік саясаты, жаңалық бүкіл Қазақстан бойынша ежүзеге асырылды. Алматы — оны енгізіп жатқан соңғы қала, — деді Жанар Мәдиева. — Иә, алғашында қиындықтар болады, бірақ негізі бұл дұрыс саясат, бір учаскеде дәрігердің қарауында 900 адам болады — балаларға да, ересектерге бір дәрігер қарайды және ол бүкіл отбасыын — бүлдіршіндерден ересектерге дейін танитын болады.
Залда орын алған күбір-күбір әңгіме мен көпшілікті аң-таң қылған түсініксіздікті Виктор Ямбаев бұзды.
— Сіз мені кешіріңіз, мұндай «қиындықты» енгізудің қандай қажеттілігі болды, одан да «оңайын» қалдыра салмадыңыздар ма? Жеке балалар емханасы, ересектердікі бөлек болғаны дұрыс емес пе. Екіншісі — 800 отбасы мүшелерін, маған сенсеңіз, ешбір ақыл-есі дұрыс адам жадында сақтай алмайды, мұның барлығы бос сөз.
Тыңдаулардың соңында журналистердің бірі, медиктердің өздері өз жұмысын, адамдардың жағымсыз жәйттермен баспасөзге жүгінетінін есепке ала отырып, қалай бағалайды деген сұрақ қойғанда, эмоцияға бой алдырған Айжан Садықова өте бір қызық ұсынысты жайып салды.
— Егер журналистер дәрігерлердің қателері туралы тек сот шешімінен кейін ғана жаза алады деген талап заң бойынша бекітілсе, көптеген сұрақтар болмаушы еді. Олар сот шешімі шықпай жатып, іске кіріседі, сөйтіп, дәрігердің де, жалпы емхананың да беделіне нұқсан келтіріледі. Сот шешімі жоқ па, ендеше, өзіңіз білмейтін дүниені талқылаудан аулақ болғаныңыз жөн.
Бірақ Виктор Ямбаев қатысушыларға сөз бостандығы туралы мәселені одан ары дамытуға мүмкіндік бермей, екі сағаттық пікірталасты сипаттаған қорытынды қарарды талқылауды ұсынды.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков