Қазақстандық қор биржасында РЕПО мөлшерлемесі күрт өсіп кетті. Сарапшылардың пікірі бойынша, бұл қадам ұлттық валютаның құлдырауын тоқтатып, теңгені бекітудің бастамасы болуы мүмкін. Қараша басталысымен валюта саудаларында теңге рекордтық қарқынмен құнсыздана бастады.
Бірнеше күннің ішінде американдықпен салыстырғанда ұлттық валюта 10 пайызға арзандады.Соған қарамастан, ҚР Ұлттық банкі өзінің валюта нарығына қатысуын шектейтінін хабарлады және бұдан былай, ұлттық валютаны қолдау үшін валюта қорын сатпайтыны туралы мәлімдеме жасады.
6-қарашада сауданың жабылуына қарай теңге бағамы 10 теңгеге арзандап, 1 долларға шаққанда 309 теңгеге дейін құлдырады. Барлық сарапшылар теңге құлдырауы одан ары құлдырайтын болды деген сәуегейлік жасады.
«Нарыққа өз бетінше құлдыраудың түбін анықтау мүмкіндігі берілуде, – деген қаржы сарапшылары, бұл мемлекет үшін теңге апаттық деңгейге дейін құлдырайтын, ақылға қонбайтын саясат деген қауіп білдірді».
Бірақ 9-қарашада РЕПО мөлшерлемелері алғаш рет бұған дейін қол жетпеген жоғары деңгейге көтерілді.
– Қымбат теңге саясаты – банктер алыпсатарлықты қойып, теңге бойынша ұзақ мерзімдік тұғыр таңдайтын қазіргі таңдағы дұрыс саясат, – дейді Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Жәнібек Айғазин.
– Теңгенің құлдырауына кінә көп ретте отандық банктердің мойнында жатыр, дәл осы банктер доллардың өсуі кезінде белсенді түрде алыпсатарлықпен айналысты – бар қаржысына валюта сатып алды.
– Халық несие алғанды тоқтатқаннан кейін, банктерге қалайда табыс табу керек болғанда, олар, әлбетте, валюта нарығындағы алыпсатарлықпен белсенді түрде айналыса бастады. Доллар мен теңге мөлшерлемелері арасындағы айырмашылық банктерге жақсы табыс табуға мүмкіндік берді, ал бұл, өз кезегінде, теңгенің әлсіреуіне жағдай жасады. Жоспар бойынша, нарықтан теңгелік өтімділікті алу, банктерді долларды теңгеге айырбастауға ынталандыру керек болатын. Теңге қымбат бола бастады, қазір бағам әлсіреуі керек, бірақ ол қысқамерзімдік шара.
РЕПО бойынша жоғары мөлшерлемелер теңге құлдырауын және алыпсатарлықты тоқтатты. Бірақ бұл шараның кері жағы бар – банктер несиелер бойынша жоғары мөлшерлемелер қоюға мәжбүр.
– Ұлттық банк банктердің алыпсатарлығын тоқтату мақсатында осылай жасады. Бастысы, реттеушінің бұл қадамдары қысқа мерзімдік болып, қымбат ақша саясаты трендке айналмаса болды. Қазір бізге, керісінше, жұмыс істеуге және дамуға бизнес несиелер алу үшін арзан ақша қажет, – дейді экономист.
– Ақша нарығында теңгелік өтімділікті қысу үрдісін бақылауға болады. 6-қарашадан бастап, күні бойына белгіленетін жоғарғы және төменгі мөлшерлемелер арасындағы айырмашылықтар күрт кеңейіп, келісімдер көлемі күрт қысқарды. Атап айтарлығы, 9-қарашадағы мөлшерлеменің жоғарғы шекті мөлшері 135 пайызға жетсе, 10-қарашада 100 пайыз болды, келісімдер ең төменгі шекті мөлшерлемелермен жасалды. Бұдан тыс, көп уақыттан бері РЕПО мөлшерлемелері алғашқы рет SWAP бір күндік контрактілері бойынша мөлшерлемелерге жақындады. Осы уақытқа дейін РЕПО бойынша келісімдер 30 пайызға тең болған, ал қалғанының барлығы SWAP нарығының еншісінде болған. 6-қарашадан бастап Ұлттық банк банктерге өтімді теңгені 16 пайыздық базалық мөлшерлемемен бергенді қойды, соның салдарынан өтімді теңгенің шектеулі мөлшері елеулі қымбаттады. Теңгенің мұндай жетіспеушілігі мен оның қымбаттауы жедел түрде валюта нарығына әсер етті, 9-қарашадағы күндізгі сессияда теңгенің долларға шаққандағы бағамы 312.65-тен 307 теңгеге дейін бекіді, ал 10-қарашадағы сауда сессияларының барысында құлдырау қайта жалғасты. Енді АҚШ долларына шаққандағы орташа сараланған теңге бағамы 306,60 теңге мөлшерінде тұрақталды және қазір қазір осы деңгейде тұр.
Анықтама үшін:
РЕПО (ағылшынның repo – repurchase agreement сөзінен алыған) – бағалы қағаз сатылған кезде оны алдын-ала келісілген бағамен қайта сатып алу туралы келісім жасалатын шарттың түрі. Кері РЕПО (reverse repo) – құнды қағаздарды қайта сату міндеттемесімен жасалатын сауда түрі. Яғни, РЕПО шарты — екі келісім түрі: қолма-қол құнды қағаздармен бүгінгі жасалған келісім оған қоса болашақта осы активтермен жасалатын кері келісім. Экономикалық тұрғыдан, РЕПО – құнды қағаздарды кепілге алып несиелеудің аналогы. Атап айтарлығы, РЕПО келісімі қарыз төленбеген жағдайда тараптарды кепілзатты пайдалануға байланысты үдерістерден босатады, өйткені құнды қағаздарды иелену құқығы келісімнің бірінші бөліміндегі қарыз берушіге рәсімделген. Тағы бір назар аударарлық жайт, сатып алу мен сату арасындағы айырмашылық төлем пайыздары іспетті қорды пайдаланудың ақысы болып табылады. РЕПО келісімдерін Ұлттық банк коммерциалық банктердің өтімділігін қолдау үшін пайдаланады. Осы мақсаттар үшін реттеуші РЕПО-ны «құнды қағаздарды белгілі мерзіммнен кейін алдын-ала келісілген бағамен қайта сатып алу (сату) сату (сатып алу) бойынша келісім» ретінде анықтайды.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков