Эд Пратт, 19-жастағы ағылшын баласы жалғыз дөңгелекті велосипед — моноциклмен жер шарын айналып шығу үшін сапарға шығыпты. Жақын күндері ол Батыс Қазақстанға жетті. Мұқұр ауылынан кейінгі 140 шақырым саяхатшыға өте ауыр тиген, атап айтарлығы, ауа райы қолайсыз және бетке соққан жел өте қатты болғандықтан, ол осы қашықтықтың 80 шақырымын жаяу жүріп өтіпті.
Өз сапарының ең ауыр учаскесін артта қалдырған Эд, Қырғызстанға бағыт алған пойызға отырды, саяхатшы қырғыз астанасында қыс жағдайындағы саяхатқа дайындалмақ. Қазақстандық виза аяқталуға жақындағандықтан теміржол қызметіне жүгінуге тура келіпті.
— Менің нақты жоспарым болған еді, үлкен қашықтықты жүріп өткім келген-ді. Жолдардың нашар, ал қарсы бағыттағы желдің қатты болуы салдарынан, әзірге 600 миль жол ғана жүріп өттім. Егер пойыз кешікпесе, екі күннен кейін Бішкекке жетемін. Бір пойызбен жүріп өттім, әлі екеуі бар, келесі пойыз Таразға дейін 32 сағат жүреді, саяхат көңілді болады деп ойлаймын. Одан кейін Бішкекке баратын пойызға отырамын. Қазақстанның үлкен ел екенін бұрыннан білетінмін, қазір оған көзім жетті! — дейді өзінің саяхаттан алған әсері туралы әңгімелеген Эд.
Солтүстікке қарай айналма жолмен жүрмеу үшін, Эд Мұқұр ауылынан шығатын жолмен жүруді жөн көріп, өзін қатты қалжыратқан 140 шақырым қашықтықты үш күнде жүріп өткен.
— Бұл ең нашар қызмет көрсетілетін жол және иен дала болды. Сол жолмен келе жатқан бір сәтте мен бір жарым тәулік бойы тірі жанды көрмегенімді түсіндім, — дейді Эд.
Жел өте қатты, ал жолдың нашар болуы салдарынан Эд 140 шақырымының 80 шақырымын жаяу жүріп өткен.
Осындай ауыр сынақтан кейін ол саяхат тәртібін бұзып, уақытша моноциклден бас тартқаны үшін Facebook-те қатаң сынға ұшырады.
Өз кезегінде Эд оларға келесідей жауап қайтарды:
— Мен өз көлігімнің шектеулі екенін түсінемін, сонымен қатар, ауыр учаскелерде маған жаяу жүруге тура келетінін де түсінемін, бірақ олар да менің жолымның бөлігі. Егер жолдың әр сантиметрін моноциклмен жүріп өтуді көздесем, мен, мүмкін, әлі Германияда болар едім.
Қырғызстанға жеткеннен кейін Эд қысқа дайындалатын болады.
— Мен бірнеше күн Бішкекте болуды жоспарлап отырмын, моноциклді жөндеу, қосалқы бөлшектер сатып алу керек, ал ең бастысы, қысқы киім сатып алу қажет. Одан кейін қазақстанның қаһарлы қысын жеңу үшін қайтадан Байғанинге барамын.
Эд Праттың моноциклмен жер шарын айналып өтуінің ресми парақшасында оның осы саяхатының басты мақсаты туралы жазылған:
— Бүкіл әлем бойынша қоғамның назарын Piers Simon Appeal қайырымдылық ұйымы жетекшілік ететін «Рюкзактағы мектеп» бағдарламасына, бастамасына аударуға тырысудамын. Бағдарлама мектеп рюкзактары түрінде жарлы, жетім, қорғансыз және табиғи апаттар салдарынан жапа шеккен балаларға көмек көрсетеді. Әр рюкзакқа балаға жазуға, оқуға, сурет салуға және өзінің ойын, болмысын білдіруге мүмкіндік беретін кеңсе тауарларының жиынтығы мен оқу керек-жарақтары салынған.
Осы аптада Эд Facebook арқылы 5600 фунт стерлинг жинады. Бұл ақша дамушы елдердегі балалар үшін 10 мектеп рюкзагін жинауға мүмкіндік береді.
Ал біз Эдке, оның миссиясына табыс және ақ жол тілейміз. Өйткені Қазақстандағы қонақжайлылық елдегі жолдармен салыстырғанда, әрқашан биікте тұрады.
Дереккөзі: western gazette
Орысшадан аударған Қайрат Матреков