«Мұнай бағасының жоғары болу кезеңі аяқталды, біз оның қайта оралуын күтіп отырған жоқпыз, және бұл елеулі институционалдық реформаларды өткізу үшін ең қолайлы кезең. «Астана клубының» жабық отырысында осыны мәлімдеген премьер Кәрім Мәсімов, жақын болшақта Қазақстанды не күтіп тұрғаны туралы әңгімелеп берді.
«Астана клубы» бірнеше күнге дөңгелек үстелдің басына Қытайдың, Ресейдің, Жапонияның, АҚШ-тың, Ұлыбритания мен Түркияның үкіметтеріне кеңес беретін сарапшылар мен ғалымдарды жинады. Күрделі мәселелердің көпшілігі журналистедің қатысуынсыз, жабық есік жағдайында талқыланды — бұл пікірді неғұрлым еркін және ашық білдіруге мүмкіндік берді. Пікірлердің еркін білдірілгені соншалықты, жабық пікірталастардың өткір сипаты, тіпті, Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен ашық сессияда да сезіліп отырды, оған журналистерді де қатыстырған болатын. Оның барысында премьерге келесі өткір сұрақтарға жауап беруге тура келді: мәселен, Қазақстанның Ұлттық банкі мен Ресейдің Орталық банкінің күш-жігерлерін біріктіруі туралы, Қазақстан үшін инвестор ретінде кім маңыздырақ — Қытай ма әлде Ресей ме, және Қазақстандағы Қытай экономикасының белсенділігіне бойкот жариялау мәселесі туралы.
Соңғы тақырыпты Қытай өкілі көтерді:
— Қазақстанда қытайлық дамуға бойкот жариялау туралы естіген жоқпын, сондықтан мен бұған түсініктеме бере алмаймын, ондай фактілер болған емес, — деді қысқа қайырған Мәсімов. — Қазақстан үшін Қытаймен ынтымақтастық өте-мөте маңызды, атап айтқанда, «Бір белдеу — бір жол» бағдарламасы шеңберінде. Қазақстан Қытай үшін — экономикалық белдеу өтетін батыс бағыттағы бірінші ел, мейлі ол батыс, солтүстік немесе оңтүстік бағыт болсын. Кез келген жағдайда бағдар Қазақстан арқылы өтеді, сондықтан біз кез келген жағдайда Қытаймен ынтымақтастықта боламыз.
Қытаймен жұмыстың басқа маңызды бағытын – өндірісті Қытайдан Қазақстанға ауыстыруды премьер бірнеше рет көтерді:
— Бұл жария ақпарат. Бағдарлама Қазақстан үшін де, «жаңа қалыптылыққа» ауысу деп аталатын экономикалық саясатының өзгеруіне байланысты Қытай үшін де тиімді. Қытай экономикасының артық қуаттары бар, біз көзімізбен көрген ондай экономикалық өсім енді бола қоймас. Тиісінше, Қытай аумағына қазақстандық тауарларды экспорттау қиындай түседі…
Ендеше, осы жақта жұмыс істеу керек. Мәсімовтің айтуынша, алдымызда тұрған Қазақстандағы жекешелендіру осыған жағдай жасайтын болады. Пікірталастың осы сәтінде ресейліктер тарапынан сұрақ қойылды — кімге артықшылық беріледі: Қытайға ма, Ресейге ме немесе басқа біреуге ме?
— Біз жағрафия бойынша ешқандай ерекше жеңілдіктер жасамаймыз, — деді сұраққа жауап берген премьер. — Инвестор әлемнің кез келген елінен, аймағынан болуы мүмкін. Ал үздігі біздің экономикаға қосымша құн қосатын үздік технологиялар әкелетіні. 90-жылдардағы жекешелендіруден айырмашылығы, қазір тартылатын ресурстарды көбейту туралы мәселе тұрған жоқ.
Егер 90-шы жылдарда маңыздысы кәсіпорын үшін неғұрлым жоғары баға алу болса, бүгін бізге инвестордың технологиялары мен біліктілігі маңыздырақ. Ол өзімен бірге жаңа технологиялар, біліктілік, біздің экономиканы ары қарай әртараптандыру мүмкіндігін алып келу керек.
— Қазір жекешелендіру нысандарының құны соншалықты жоғары емес. Біз 80-жылдардағы британ тәжірибесін зерделеп жатырмыз, ол кезде нысандар ағымдағы сәттің нарықтық бағасымен сатылды, бірақ келісім шарттарында, баға көтерілген жағдайда оның орны толтырылатыны көрсетілген болатын. Бірақ бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
Ресеймен әрекеттесу мәселесі тағы бір қырынан — девальвация тұрғысынан қойылды. Ақыры Ресей мен Қазақстанның валюталары құнсызданса, біздің елдердің орталық банктеріне өз жұмыстарын үйлестіретін кез келген шығар? Мәсімовтің жауабы ағымдағы теңге құлдырауының себептерін түсінуге жаңа ньюанстар, яғни өзгешеліктер қосты:
— Ресей Орталық банкінің 2014 жылғы қазанда инфляциялық таргеттеуге көшуі біз үшін біршама күтпеген іс болды. Ол кезде бізде Халықаралық валюта қорының ресми бағдарламасы болды, біз мұндай көшуді сәл кейінірек жоспарлаған едік,
бірақ уақыт бойынша сәл кешеуілдеу болды. Біз тек жарты жылдан кейін көштік, осы айлар қазақстандық экономика үшін қазақстандық кәсіпорындардың бәсекелестік қабілеті, бағамды қолдау және осы мақсатқа жұмсалған валюталық резерв тарапынан да жеткілікті мөлшерде сезімді болды. Бірақ бұл кезең бекерден бекер өткен жоқ, біздің елдердің үкіметтері мен орталық банктері қарқынды келіссөздер жүргізді және келешекте мұндай келеңсіздіктерге жол бермейтін тетіктер дайындады. Қазіргі таңда біздің валюталар бәсекелестік тұрғысынан бір біріне тепе-тең, тең жағдайда. Бірақ күтпеген жерден басқа елдер қиындықтарға тап болды. Мәселен, Қырғызстан ЕАЭО-ға қосылғаннан кейін — біз тауар экспансиясын күткен едік, бағамдық саясат салдарынан бәрі керісінше болды.
Бір қызығы, девальвация мен мұнай бағасы «Астана клубының» талқысынан шалғай қалды. Мәсімов Қазақстан үкіметінің ахуалды анық көріп отырғанын білдірді: жоғары баға енді болмайды, оны ешкім күтіп отырған жоқ, ол дәуір аяқталды. Бір жағынан алып қарасақ, ол дұрыс — дағдарысты реформалар қарқынын жеделдетін импульс ретінде қабылдауға болады:
— Ақша көп болған кезеңде реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес, өйткені кез келген қиындықты ақшамен басып тастауға болады, сөйтіп, реформа жасауға ниет болмайды. Ал энергия тасымалдаушылардың төмен бағаларын нарықтық реформалар жасауға пайдалану керек. Нарықтық реформаларды жүргізуге балама жоқ.
Олар қандай реформа болу керек? Мәсімов қазір үкімет тарапынан талқыланып жатқан екі модельді атады:
— Қазақстанға өзінің құрылымы, аумағы, тұрғындары жағынан ұқсас, бірақ дамуы жағынан біршама жоғары тұрған елдер — Канада мен Австралия. Біз олардың экономикалық саясатының кейбір сәттерін өзімізде енгізетін боламыз… Мәселен, Канаданың білікті жұмыс күшін тартудың жаңа саясатын… Немесе құқықтар мен жауапкершілікті үкімет деңгейінен министрліктер деңгейіне, орталық үкіметтен халық алдында шешім қабылдауға және жауапкершілікке неғұрлым ашық аймақтық басқаруға, яғни әкімдіктерге көшіру. Біз адамдар мен шенеуніктер арсындағы қарым-қатынасты азайту мақсатында Австралия мен Канаданың мемлекеттік қызметтерді сандық нысанға көшіру тәжірибелерін зерделеп жатырмыз.
Мәсімов нақты осы мәтінде Қазақстанның ұлттық өзін-өзі билеу құқығын атап өтті:
— Қазақстан — көпұлтты, көпконфессиялы ел. Біз Қазақстанда тұратын әрбір этникалық топтың өкілі өзін қазақстандық азамат ретінде сәйкестендіруіне ұмтылып отырмыз.
«Астана қаржы орталығының әлемдегі аналогтардан несі артық?» деген сұраққа Мәсімов әзілмен жауап берді:
— Бірде инженерлерді жинаған Сталин оларға неміс фотоаппаратын көрсеткен: «Көрдіңдер ме, қандай жақсы аппарат! Тура осындай жасаңдар!», оған инженерлер «Одан да жақсысын жасаймыз!» дейді. Ол «Жоқ, одан жақсының керегі жоқ! Тура сондайын жасаңдар!» дейді… Біздің қаржы орталығы Сингапурдағыдан немесе Дубайдағыдан артық болмайды, артықтың қажеті жоқ — кем болмаса болды. Ал оның артықшылығы, ол осы аймақта, Орталық Азияда орналасқан… Орталық британ құқығының ережелеріне негізделеді, жұмыс тілі ағылшын тілі, соты Дубай мен Сингапур өнегесі бойынша сыртқы судьяларды тарту бойынша жұмыс істейді.
Мәсімов жауаптарының теңгерімділігіне қарамастан, оған қойылған кейбір сұрақтардың тұжырымдамасы кейде сыпайылықтан ада болды — бірақ «Астана клубы» өз қатысушыларына осындай артықшылық берді. Кездесу қатысушылары — қарапайым сарапшылар емес, қандай да бір нысанда үкіметтерге кеңес беретін және саяси шешімдер қабылдауға қатысы бар адамдар: жоғарғы мәртебедегі бұрынғы мемлекеттік қайраткерлер, беделді ғалымдар, жетекші ғылыми және зерттеу орталықтардың басшылары. Бұл сарапшылар саясат пен экономикадағы әлемдік үрдістерді біліп қана қоймайды — оларды дайындайды, саясаткерлерді өзекті мәселелер бойынша сапалы ақпаратпен қамтамасыз етеді. Кейде күрделі қарым-қатынаста болатын әр елдердің осындай сарапшыларына ашық диалог жүргізу үшін жабық есік жағдайында кездесу қажет.
Әлемде мұндай жабық пікірталас клубтары соншалықты көп емес, Қазақстанда Астана клубы сарапшылар ғаламдық мәселелерді талқылайтын алғашқы алаң болды. Клуб отырыстары әлемдік тәжірибедегі Chatham House ережелеріне сәйкес өткізіледі — Клуб сессиялары барысында айтылған ойлар мен идеяларды пайдалануға болады, бірақ олардың авторы кім екенін ашуға болмайды. Мұндай ереже қонақтарға жариялық жағына жалтақтамай, өз пікірін неғұрлым ашық айтуға мүмкіндік береді. Сондықтан осы диалог шеңберінде премьер-министр Кәрім Мәсімов өз еркінен тыс Қазақстанның Қытайға, Ресейге, халықаралық ынтымақтастыққа қатысты және алда тұрған реформалардың сипаты бойынша бірқатар мәселелерді белгіледі.
Денгенмен Мәсімовты «сынаушылар» оның ашықтығына лайықты баға берді:
— Еуразия дамуы мәселелерінің дәл осы Қазақстанда талқылануы қисынды дүние. Бұл ел көп векторлы саясатты жүзеге асырып жатыр және жанасу нүктелерін іздеген тараптар диалогында «адал брокер» бола алады, — деп атап өтті Джорджтаун университетенің Еуразияны, Ресейді және Шығыс Еуропаны зерттеу оратлығының директоры Анджела Стент.
Пікірталас барысында қызық тұжырымдама айтылды: «конфронтация психологиясы» — бір жағынан, саясатты түсіндірудің танымал формуласы, ал екінші жағынан – ешқайда апармайтын жол, деп атап өтті клуб қатысушылары:
— Елдер текетірес тек тығырыққа тірейтін жол екенін түсінуде. Аймақ дамуының саясаты мен экономикасы саласындағы маңызды мәселелері бойынша беделді сарапшылардың ашық сындарлы диалогы дер кезінде алдымызда тұрған қиындықтардың алдын алып, еңсеруге мүмкіндік береді, — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Алғашқы Президенті қоры жанындағы Әлемдік саясат пен экономика институтының директоры Сұлтан Әкімбеков. — Біз Еуразия аймағының даму мәселелері бойынша ашық әңгімеде өз тұғырын бүкпесіз белгілей білген халықаралық сарапшылардың Астанаға келгеніне қуаныштымыз. Мұндай диалог өте маңызды, өйткені қазір Еуразия бүкіл әлемнің назарында — дәл осында ЕАЭО-ны құру, «Жібек жолының экономикалық белдеуінің» басталуы сияқты және басқа көптеген аса маңызды геосаясаттық оқиғалар орын алуда.
Редакция Ағашқы Президент қорына «Астана клубының» жұмысына қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдіреді
Орысшадан аударған Қайрат Матреков