2014 жылдың басында Қазақстанда шамамен 256,7 мың бас бөкен болған — дала бөкенінің саны аңшылық кәсіппен айналысуға мүмкіндік беретін деңгейге жақындап қалған еді. Қазір қазақтың қасиетті иен даласындағы Бетпақдала бар-жоғы 31 300 және Орал популяциясында тағы 50 мың бас ақбөкен қалды. Сұлулығы көздің жауын алған дала аруы — бөкен жоғалудың алдында тұр…
Қазанның соңында Ташкентте киік мәселесі бойынша сарапшылардың Техникалық мәжілісі өтті, одан кейін бөкенді сақтап қалу, қалпына келтіру және тұрақты пайдалануға қатысты Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюшы елдердің Үшінші мәжілісі өтті. Өкінішке қарай, ғалымдар бұл жолы да ең басты сұраққа жауап бере алмады: киіктің қырылуына не себеп болды.
Осы орайда, британдық биолог Ричард Кок 2015 жылы Қазақстанда 210 мың бас киіктің жаппай қырылуына бұрынғы заласыз бактериялар түрткі болды деп есептейді. Ауа райының қалыпты ахуалдан ауытқуы осы микроағзаларды жануарларға ажал құштыратын уға айналдырды. Ричард Коктың ойынша,
жаһандық жылыну тетігі бөкенді бір жылдың ішінде толық құртудың тетігін іске қосуға қабілетті.
Айтпақшы, тағы бірқатар ғалымдар да осы болжамды ұстануда. Олардың нұсқасы: мамырда ақбөкендер қатты желдің салдарынан температураның күрт құбылуын бастан өткерген. Соның салдарынан жануарлар әлсіреп, бұл олардың иммундық қорғанысының бұрын қауіпсіз саналған микробтарға төтеп бере алмауына әкеліп соққан.
Енді Қазақстанның алдында күрделі мақсат тұр — киіктің қалған басын аман-есен сақтап қалу.
Ресейдегі ахуал бұдан да ауыр болады. Ташкенттегі мәжілісте Ресей Табиғат министрлігінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясат пен реттеу департаментінің директоры Дмитрий Беланович киіктің Ресей Федерациясының Қызыл кітабына енгізілетінін хабарлады.
Ресей Федерациясының аумағындағы киіктің ареалы, яғни, мекендеу аймағы Каспий теңізінің Солтүстік-Батыс жағалауында орналасқан. Ол жердегі популяцияның жағдайы мүлдем мүшкіл: қазіргі таңда ол жердегі бөкен саны 4,5 мың бастан аспайды.
ҚХР СУАР-ының Шекара полициясы «Торугарт» өткізу-бақылау бекетінде төрт контрбандашыны құрықтаған, олардан сомасы 160 миллион юань тұратын 5300 киік мүйізі мен басқа тыйым салынған тауарлар тәркіленген.
Құрықталған жүк машинасы Қырғызстаннан келген. Бұл елде киіктің жоқ екенін ескерсек, мүйіздердің қазақстандық бөкендерге тиесілі екені күмән тудырмайтын болар.
Бұған дейін 2015 жылғы 15-қазанда Қарағанды облысында киік еті және 36 жас кесілген киік мүйізі тиелген автомашина құрықталған болатын. Бірнеше күннен кейін Ақтөбе облысының аумағында тағы екі джип құрықталып, оларды тексеру барысында жас кесілген 100 мүйіз тәркіленді.
Жалпы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес,
Соңғы екі жылда Қазақстанда киікті заңсыз аулағаны, сатып алғаны, сақтағаны, сатқаны, тасымалдағаны және жойғаны үшін 139 қылмыстық іс қозғалған,
атап айтарлығы, 90 қылмыстық іс сот органдарының қарауына жіберіліп, олар бойынша 126 азамат сотталған.
Қылмыстық істердің көптеп қозғалуына қарамастан, браконьерлік жалғасын табуда. Мүмкін, біздегі жазалау жеткілікті мөлшерде қатал емес шығар?
Өйткені, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің №339-бабына сәйкес, қылмыскер үш мың АЕК көлемінде айыппұл төлеумен құтылуы әбден мүмкін ғой.
Атап айтарлығы, қылмыс қаруы тәркіленіп, құрықталғандар мінген көлікті алу да жүзеге асырылмайды.
Ең ары кеткен жағдайда ғана үш жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Ал сол Ресейдің өзінде де жаза неғұрлым қаталырақ. Дмитрий Белановичтің ақпараты бойынша, «РФ-да киікке аңшылық жасауға толық тыйым салынған, өйткені, ол халықаралық келісімдер қорғайтын аса бағалы жабайы жануарлар түрінің тізіміне кіреді. Киікті заңсыз аулағаны және айналымға шығарғаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған».
Сөз соңында қосарымыз, Ташкент кездесулерінің қорытындылары бойынша, 2016-2020 жылдарға арналған жаңа орта мерзімдік бағдарлама қабылданды, оның алдыңғылардан ерекшелігі, бұл бағдарламаға киік денсаулығының жағдайын мұқият және жан жақты тексеру енгізілген, сондай-ақ ауру мүмкіндіктерін, патогендік микроағзалардың болуын және олардың ахуалына әсер етуі мүмкін барлық табиғи факторларды тексеру қарастырылған. Бұдан тыс, киік мекендейтін аймақтарда тұратын жергілікті халықпен белсенді жұмыс жүргізу үшін бірқатар бағдарламаларды дамыту туралы шешім қабылданды. Бөкенің осы түрін және ол мекендейтін жерді сақтап қалу жөніндегі қызметке мұнай және газ өндіретін ірі компанияларды тарту бойынша ауқымды жұмыс шаралары жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ бөкен жөніндегі Ресурстық орталықтың сайтын енгізу, оның жұмысын белсенді қолдау және оған сарапшыларды тарту жөніндегі жұмыс жалғасын табады.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков