Астанада дала аруы — ақбөкеннің жаппай қырылу себептерін зерттеген жұмыс тобының қорытынды мәжілісі өтті. Өкінішке қарай, ғалымдар қайтадан бөкендердің жаппай қырылуының себептерін айта алмады.
365info.kz порталына Қазақстанның биологиялық түрлілігін сақтау ассоциациясы (ҚБТСА) директорының орынбасары Сергей Скляренко әңгімелеп бергендей, барлық сарапшылардың пікірілерін жинақтауға, талдауға және қорытынды талқылауға ұсынуға жауапты Биологиялық қауіпсіздік мәселелері институты бұл жолы бөкендер жаппай қырылған аймақтардағы үй малының өлу себептерін сипаттаумен ғана шектеліпті. Атап айтарлығы, баяндаманың көмескі болғаны соншалықты, ол отырысқа төрғалық етуші ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың заңды ашу-ызасын тудырды.
Институт бөкендердің жаппай қырылуын түсіндіретін болжамдар тізімін атаған қандай да бір анық құжат, не болмаса, негізсіз жорамалдарға тойтарыс берген адам сендірерлік жауапты да ұсынған жоқ. Нәтижесінде, жануарлардың жаппай қырылуының себебі анық басқы себебі көрсетілмеген қайта инфекцияға ұшырау (2014 жылы Қазақстандағы ақбөкендер саны 256,7 мың бас болған еді, қазір — 31 300 бас қалды — авт. ескерт) ретінде, сол баяғы пастереллез (немесе көп микробтық зақымдану) қалып отыр.
Осы орайда,
біздің зерттеуші биологтар шатысқан баяндамаларын ұсыну үшін қашанғы бюджет қаржысын желге шашады?
деген риторикалық сұрақ туындайды. Атап айтсақ, 2010 жылдан 2014 жылға дейін бөкендердің қырылуын зерттеуге ҚР БжҒМ 332 миллион теңге бөлді. Келесі жылға ғалымдар тағы 350 миллион теңге сұрап отыр.
Бірақ бұл отырысқа қатысып отырған басқа мамандардың наразылығын тудырды:
— Сіздер 330 миллион теңгенің тендерін ұтып алдыңыздар, жұмыс атқардыңыздар, вакцина жасадыңыздар. Шөп шоқтарын вакцинаға малып отырсыздар. Енді қазір қайта ақша сұрап отырсыздар! — деді ызаға булыққан биолог Әділқасым Жақыпбаев.
Ал Қазақстанның «бас» экологі Мэлс Елеусізов
егер бөкендердің популяциясы сақталмаса, Қазақстан бүкіл әлем алдында масқара болады
деп мәлімдеді.
— Дағдарыс жағдайында мұндай ақша бөлінбейді, — деді сөзін сабақтаған Елеусізов. — Бірақ қазір бөкендер мекендейтін жерлерді, олардың көшу жолдарын, сол маңдағы кенелерді зерттеп, олардың көзін ұшақпен, тікұшақпен санитарлық өңдеу жолымен жою керек.
— Қазір нақты жұмыс жоспарын жасамай мұндай қомақты қаржы бөлуге болмайды, — деген сенімде Сергей Скляренко. — Кезінде ҚБТСА бөкендер қырылуының себебтерін анықтауға мүмкіндік беретін бір қатар шаралар ұсынған еді. Бұл шаралар орындалмауда. Басқы себепті табу үшін, бөкендердің соңғы бес жылдағы қозғалысының уақыт-кеңістік картасын жасау қажет. Осыдан бес жыл бұрын ҚБТСА көшу жолдарын анықтау мақсатында жер серігі арқылы бақылау үшін жануарларға белгі беретін орнатқан еді. Бөкендердің көшу картасын зымырандар ұшу картасымен салыстыру керек, сонда біз зымырандар отынының қайда төгілгенін білетін боламыз, сондай-ақ ауа райы картасымен салыстырған да дұрыс, бұл бізге қай жылы көктем жаңбырлы болғанын, яғни, шөптің қалың өскенін анықтауға мүмкіндік береді, сонымен қатар, жел тармақтарын ескерген және барлық факторлардың ара-қатынасын табуға тырысқан жөн. Бұдан тыс, бүгін бізде жайылымдар өнімділігінің индексі көрсетілген карта бар, қай жерде шөптің қалай өскені және басқалары туралы және басқаларын білеміз.
— «Охотзоопром» РМК қызметкелерімен бірлесіп жасаған мониторинг нәтижесі бойынша қазір аман қалған бөкен популяциясының саны, шамамен, 31 300 басты құрайды, — дейді Сергей Скляренко. — Бұл нақты цифр емес. Бұл сұраққа анық жауап көктемде белгілі болады. Бірақ біз шындықтан жалтармауымыз керек. Алдымызда қыс, яғни, жұт күтіп тұр.
210 мың ақбөкен қырылды, мұндай ауқымды қырғын ешқашан болған емес!
— Иә, кеңес кезінде бөкендер 400 мың бастан қырылған болатын. Бірақ пайыздық өлшем бойынша бөкеннің қазіргі қырылуына ұқсас қырғын болған емес. Жағдай бұдан да нашарлауы мүмкін. Қазір біз 31 300 бас деген цифрға арқа сүйеп отырмыз, міне осыншама бөкенді сақтап қалуымыз керек. Бұл күзет мақсаты емес, бұл ғылым мүддесі. ҚР БжҒМ барлық халықаралық институттарды қамту керек.
Отырыс ауыл шарушылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың жеке жұмыс тобын құру туралы ұсынысымен аяқталды.
— Қазіргі маңыздысы, ғылыми-зерттеу институттары, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі институт, Зоология және ботаника институты және басқалары көктем шықпай тұрып, көктемгі-жазғы мезгілдегі біздің барлық әрекеттерімізді анықтаулары керек. Адамдар үйлесімді жұмыс істеп, топырақты зерттеп, бөкендер популяциясы көшінің алдында болып, олардың қоректенуі, ауа-райы жағдайы мәселелерінің алдын орап отыруымыз керек. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Біз бөкендерді браконьерлерден қорғау жөніндегі жұмысымызды жетілдіретін боламыз. Бұл біздің еншіміздегі жалғыз жұмыс.
Сөз соңында айтарымыз, бүгінде елімізде бірқатар елдердің ғалымдарының қатысуымен бөкендердің қырылу себебін анықтау бойынша Бонн конвенциясының эгидасымен құрылған халықаралық жұмыс тобы әрекет етуде. Бұл топ басқа жұмыстармен қатар қандай да бір заңдылықты анықтау үшін бөкендердің бұдан бұрынғы қырылуына ретроспективтік талдау жасауды жүзеге асыруда. Басқаша айтқанда,
аталмыш топ, ҚР Білім және ғылым министрлігі ақша бөлінген жағдайда атқармақшы болған жұмысты жасап жатыр.
Халықаралық топ жұмысының кейбір нәтижелері қазан айының соңғы күндерінде «Бөкендерді сақтау жөніндегі меморандумды» орындау бойынша Ташкент қаласында өтетін кездесуде жарияланатын шығар.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков