Теңгенің долларға және басқа айырбасталымды валюталарға шаққандағы салмағын жоғалтқандығы туралы ақпараты Ташкент тұрғындары валютаның қара нарығындағы пысықайлардан білді.
Ташкенттің орталық базарында, Алай базарында саудагерлер әлі күнге дейін жаттанды жарнаманы айқайлауда. Бұл жолы одан танга деген сөз түсіп қалыпты. Валюта сатушыдан «Не болды» — деп сұрадым.
— Э ака, танга алмаймыз. Онымен не болатыны біз білмейміз, — дейді ол беті шіміркпестен.
Басқа саудагерге жақындап, теңге қанша тұрады деп сұрадым. «Мың теңгені 13 мың сумға сатып аламын. 20 000 мың теңгеге дейін сатып аламын, одан артық алмаймын», — дейді өзін Хамид деп таныстырған бейтаныс сатушы. Одан бір апта бұрын ғана 1000 теңгенің 23 мың өзбек сумы тұрғанын білдім. Сірә, бұл теңгені сумға шаққандағы ең жоғары бағам болды. Бүгін, яғни жексенбі күні 50-ге жуық адам теңге ауыстыруға келді.
— Адамдар теңгені асығыс өткізіп, доллар мен сум сатып алуға асығуда, — дейді Хамид.
Өзбектің ресми және бейресми БАҚ-тары теңге девальвациясы туралы ақпарат таратқан жоқ. Теңге құлдырағанға дейін доллардан кейінгі танымал валюта болған еді.
Рубльдің қайтадан құнсыздануы және теңге девальвациясы қара базардағы доллар бағамының көтерілуіне әкеліп соқты. Сәрсенбі, яғни 19-тамыз күні доллар бағамы бір долларға 4 550 — 4 570 сумнан 4 600 сумға дейін шарықтады. Мемлекеттік бағам өзгеріске ұшыраған жоқ — бір долларға 2590 сумнан берілді. Теңгені негізінен Қазақстаннан тауар тасымалдаумен айналысатын саудагерлер мен еңбек мигранттары және Өзбекстанға келген қазақстандықтардың өздері сатып алып жатты.
Саудагерлер Қазақстаннан ұн, ұн бұйымдарын, медициналық дәрі-дәрмектер, азық-түлік тасымалдайды. Өзбекстанда ең көп тұтылынатын қазақстандық өнім — ұн. Оны үлкен мөлшерде мемлекеттік компаниялар мен жеке бизнес өкілдері сатып алуда. Қазақстандық ұн өзбектердікіне қарағанда анағұрлым сапалы, оны шелпек, тандыр нан пісіретін наубайшылар жоғары бағалайды.
— Ұнның бағасы қымбаттап, біз оны сатып алуға және одан жасалған тандыр нанды қымбат сатуға мәжбүр боламыз ба деп қорқамын. Клиенттерді жаңа бағаға үйретуге уақыт керек, — дейді наубайшы Абдулло. Ол иелік ететін шағын наубайхана күніне 1500 тандыр нан пісіреді екен.
Бүгінде Ташкент тұрғындарының көпшілігі теңгеге байланысты ахуалды ресейлік арналар арқылы жіті бақылап отыр. Теңге айырбасталымды валюта болмаса да, ол Өзбекстандағы валютаның қара базарында өзінің орнын алып отыр. Теңгеге сұраныс бар, адамдар бәрі бір оны сатып алып, сатып жүр. Ташкенттік қаламайтын бір ғана зат — ұн мен нан бағасының қымбаттауы. Дегенмен, ұтысқа қол жеткізгендер де бар:
— Ұнның және медициналық дәрі-дәрмектің ұсақ сатып алушыларына арзан теңгенің тиімді болуы мүмкін. Алып-сатарлық сауданың жағдайын жақсартуы мүмкін, — дейді жеке фирманың директоры Руслан.
Қалай болса да, девальвациядан кейін теңге соңғы бірнеше жылдарда болғандай, доллардан кейінгі танымал валюта болудан қалған сыңайлы.
Орыс тілінен аударған Қайрат Матреков