Қоғамымызда анда-санда бой көрсетіп қалатын тақырыптардың бірі — көп әйел алу мәселесі екені жасырын емес. Тіпті, Парламент депутаттары да осы тақырыпқа ара-тұра оралуды ұмыт қалдырмайды. Ер әріптестері айта берген соң, әйел-депутаттардың бірі «онда әйелдерге көп күйеуге шығуды да рұқсат ету керек» деп қойып қалды.
Көп әйел алу тақырыбын қозғаушылар, бұның басты бір себебі ретінде қазақ қыздарының өмірлік серіктерін таба алмай отыротырғанын алға тартады. Ал бұл олардың пікірі бойынша, халық санының өсуіне септігін тигізеді екен.
Біреулер, бұл әр адамның жеке шаруасы десе, басқа біреулер бұлай етуге болмайды деген заң жоқ, демек көп әйел алуға болады, дейді. Көп ретте, сөзі салмақты болу үшін келесі дәлелді алға тартады
Ислам діні төрт әйел алуға рұқсат етеді.
Иә, Мұхаммед пайғамбардың бірнеше әйелі болған: Хадиша, Сауда, Айша, Хафса, Зайнаб бинт Хузайна, Умм Салма, Джувайрийа, Маймуна, Сафийа, Зайнаб бинт Джахш, Умм Хабиба, Мәриям. «Диля» баспасы 2007 жылы шығарған, «Мұсылман есімдері» атты кітапта осылай жазылған. Дегенмен пайғамбардың перзенттері көп болмаған.
Тарихта байырғы түркілер деген атпен еске алынатын бабаларымыз исламды қабылдағанда, осы діннің көп әйел алуға рұқсат ететінін де есепке алған болуы керек. Олардың көп әйел алу салты болғанын VII-ХII ғасырлар құлпытастарындағы қайтыс болған адамдардың атынан жазылған жазулар дәлелдейді. 1993 жылы «Раритет» баспасы шығарған «Байырғы түркілер поэзиясы» атты кітапта жарияланған он жазудың сегізінде «менің әйелдерім» деген сөздер бар.
Иә, тарих қазақта көп әйел алу салты болғанын теріске шығармайды. Ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханның жазуы бойынша, бабасы Абылай ханның 12 әйелі болған. Белгілі ғалым Ирина Ерофеева қазақ төрелері туралы ғылыми еңбегінде Нұралы ханның 15 әйелі болғаны туралы дерек келтірген. Ақын Абайдың атасы Өскенбай бес әйел алған. «Абай» энциклопедиясында: «Зереден кейінгі төрт тоқалынан Өскенбай тоғыз ұл көрген» деп жазылған. Ақынның әкесі Құнанбайдың Әйбөбек, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным атты төрт әйелі болған. Ақын Абайдың өзінің де бірнеше әйелі болғаны белгілі. Аты аталғандардың бәрі де бай болған адамдар. Қазақтың тарихын оқыған адам,
кедейдің көп әйелі болыпты, дегенді еш кітаптан оқи алмайтыны анық.
Ал бұрынғы заманда қазақтың барлығы дәулетті болмағаны айдан анық.
Осы орайда, мәселенің екінші жағы бар екенін ұмытпаған жөн. Жалпы, көп әйел алуды жақтаушылар бір үйде тұрған бірнеше әйелдің және олардың балаларының психологиялық ахуалын ойлап жатқан жоқ. Олардың бәйбіше-тоқал балалары болып бөлінбейтініне кім кепіл бола алады? Бұл мәселенің өте қиын екенін заңғар жазушы Мұхтар Әуезұлының «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыған әр қазақ біледі. Романның «Жолда» атты тарауында Абайдың туған інісі Оспан мен тоқал анасы Айғыздан туған інісі Смағұл ұрысып қалады да Смағұл Ұлжанға тіл тигізеді: «Абай өз анасы үшін күйіп кетіп:
– Өй, ақмақ!.. Ол оның шешесі болса, сенің де шешең. Бұны кім үйретті, доңыз – деп, Смағұлды шапалақпен тартып-тартып кеп жіберді.
Осы бәлені шығарғаны үшін Оспанды да аямай ұрды….
Айғыз үлкен үйдің есігін сарт еткізіп шалқасынан ашып, табалдырықтан аттай бере, Смағұлды жұлқып ұшырып, үйге кіргізіп:
– Мә, жеңдер! Талап түтіп жеңдерші бұл қуарғанды! Жабылыңдар, мә
дейім!.. – деп, Абайға қатты төніп жетіп келді…
Айғыз кәрі шешеден жасқанып, кейін серпіле берді де: – Тоқал демексің, мүйіздемексің ғой бірігіп ап… Көрермін… келсін ертең, – деді. Ескерткені Құнанбай. Сұлу тоқал байына ыстық. Бел қылғаны сонысы». Өз заманындағы қазақ тіршілігін жетік білген Абай осы жағдайды бекер суреттемеген болар.
Қазақ халқы өзінің бүкіл тұрмыс-тіршілігін мақал-мәтелдерге сыйдырған халық қой. Атақты жазушы Сәбит Мұқанұлы ағамыз «Аққан жұлдыз» романының бірінші кітабында келтірген қазақтың жетпістен аса мақал-мәтелдерінің біразы ер мен әйелдің қарым-қатынасына байланысты: «Байдың қатыны өлсе төсегі жаңғырады, жарлының қатыны өлсе басы қаңғырады», «Қатын өлді, қамшының сабы сынды»; бұл екеуі жұбайсыз тұрмыстың қиын екенін меңзесе, «Бала – белде, қатын – жолда», «Семіз қатын құс төсек, арық қатын жоққа есеп» дегендері нәпсіқұмарлықтың болғанын да жоққа шығармайды. Осының барлығы өткен ғасырларда қазақтың тұрмысы біркелкі болмағанын көрсетеді.
Иә, жиырмасыншы ғасырға дейін қазақ қоғамында бірнеше әйел алу үйреншікті құбылыс еді. 1917 жылы билік басына келген коммунистер әйелдер мен ерлер теңдігін жариялап, көп әйел алуды жат қылық деп, оған теріс баға берді.
Дегенмен, Кеңес үкіметі кезінде де бірнеше әйел алғандар болды.
Әннің кені болған Кенен Әзірбайұлы жасы отыздан асып қалғанда бір жиында Нәсиха есімді қызбен айтысады. Содан не керек, екеуі көңіл жарастырып, кешікпей үйленеді. Бұл кезде ақынның жұбайы Үлпілдек төсек тартып жатқан науқас болатын.
Атақты ақын, әнші әрі композитор Нартай Алыпқашұлы Бекежанның басында да осыған ұқсас жағдай болған. Ақынның шәкірті Айдар Достиярұлына айтуы бойынша, алғашқы жұбайы денсаулығы болмай, ота жасалғаннан кейін, енді бала көтере алмайтын болдым, деп екінші әйелі Ақжанды ақынға өзі әперген. Екі әйелімен бірге тұрған ақын үшінші рет те үйленген. Көреген есімді жасы кіші досы қайтыс боларын сезіп ақынға: Нареке, төсегімді жатқа бастырмаңыз. Мені ырза болып, жалғаннан армансыз өтсін десеңіз, уәде беріңіз, деп айтқан. Көреген бұл тілегін жұбайы Күләшқа да аманаттайды. Нартай ақынмен Күләш ешкімге айтпай некесін қидырып, Ақалы атты қыз дүниеге келеді.
Өткен жиырмасыншы ғасырда бірнеше әйел алу сирек те болса да орын алып отырғаны ұлы жазушымыз Бердібек Соқпақбайұлының «Өлгендер қайтып келмейді» романында көрініс тапқан. Шығарманың кейіпкері Еркін жұбайы Зағипа екеуі пойызда бірге келе жатқан бір әжейді ермек болсын деп сөзге тартады:
– Еліңізде әлі күнге көп әйел алушылық бар дейді?
– Бұл енді өтірік. Көп әйелді неменесіне алады? Бұрынғыдай мал береді дейтін, мал жоқ. Көп алғанда екі-ақ әйел.
Кемпірдің мына сөзіне Зағипа да, мен де күліп жібердік».
Көп әйел алу мәселесінде «Біреу тойып секіреді, тіреу тоңып секіреді» дегенді де ұмытпаған жөн. Себебі ер адамдар бірнеше әйел алғысы келгенмен, олардың барлығы әйелдерін материалдық жағынан қамтамасыз ете алмайтыны сөзсіз. Ал дәулетім мол, қаражатым жетеді, дегендердің байлығы ертең суалып қалмайтынына ешкім кепілдік бере алмайтыны да шындық. Бұл мәселенің заң және құқықтық жағына келер болсақ,
ертеңгі күні бір үйдің бірнеше әйелден туған балалары мұрагерлік үлес үшін небір талас-тартысқа бармайды деп айту да өте қиын.
Көп әйел алуды заңды түрде рұқсат еткен күннің өзінде тұрмысқа шықпай жүрген қыздар азаймайды. Себебі, қай жас бойжеткен өз еркімен өзінен жасы үлкен балалы-шағасы бар еркектің тегінен ұстағысы келеді?
Сондықтан көп әйелу алудың демография мәселесін құтқармасы анық.
Бала туу көрсеткішінің төмендігіне көңіл аударар болсақ, біздің қоғамымыздың кемшін қалып келе жатқан бір тұсы — жастарды болашақ ерлі-зайыптылық өмірге дайындау мәселесі. Жастар математика, физика, химия, тарих, география және басқа сабақтарды оқыған.
Бірақ ерлі-зайыпты болудың, отбасылық тұрмыстың не екенін білмейді.
Ер баланы ертең бір үйдің отағасы, басшысы боласың, басты жауапкершілік сенің мойныңда, жанұяңды асырай алатын қаражат табуды үйленбей тұрып ойлан, деп ешкім айтпайды. Қыз баланы ертең бір шаңырақтың тірегі боласың, ол үшін мынадай нәрселерді білуің керек, өзіңді былай ұстауың керек, деп нақты үйретпейді.
«Үйлену оңай, үй болу қиын», деген сияқты жалпы сөздер айтылғанмен, бұл ұғымдарды ажыратып түсіндіру әлі де әдетке айналған жоқ.
Үйленген соң тұратын үй, басқа да тұрмысқа керекті заттар және ең бастысы бөлек тұру үшін қаражат керек екені, ол қаражатты қалай тауып, қалай үнемдеп жарату туралы жастармен ешкім де ашық сөйлеспейді.
Екі жас қол ұстасып үйленетін болса, ата-анасы қуана той қамына кіріседі. Дуылдатып-шуылдатып той жасайды. Жақсы тілектер айтылады, сыйлықтар табыс етіледі. Бірақ, ғашық болу, қыз бен жігіттің бір-бірінің бетіне қарап отыруы емес, өмірге деген көзқарастарының бірлігі екенін ешкім түсіндірмейді.
Бір сөзбен айтқанда,
жастардың көбі күйеу және әйел болудың не екенін үйленгеннен соң ғана біле бастайды.
Бұл кішкентай балаға өткір жүзді пышақты ұстата салумен тең.
Ендігі жерде ұл-қыздарымыз ешкімнен кем болмасын десек, оларды қазірден бастап ерлі-зайыптылық өмірге дайындауды қолға алу қажет. Сонда ғана жастарымыздың уақтылы тұрмыс құруы да нақтыланып, үйленбей жүрген жігіттер мен тұрмысқа шықпай отырып қалған қыздар саны азаяды. Ажырасулар да кемиді. Осылай болғанда бала туу көрсеткішіне де оң әсер ететіні сөзсіз.
Бұрығы заманда солай болды екен деп асығыстықпен шешім қабылдауға болмайды. Одан бері жүз жылдан аса уақыт өткенін ескеру керек. Ол заман басқа болса, бұл заман да басқа. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген халық даналығын да ұмытпаған жөн. Қалай болғанда да көп әйел алу мәселесін қозғағысы келетіндер, ең алдымен нәзік жанды қыздарымыздың көңіліне қарап, олардың пікірін тыңдауы керек.
Ал олар өздерінің сүйіктілерін ешкіммен бөліскісі келмейді.