«Қолжетімді баспана» жобасы мен мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің қандай екенін Шығыс Қазақстан облысындағы Шығыс ауылы көрсетті. Мемлекеттің ақшасына салынған үйлердің «сапалы» болып шыққаны сонша, оларды банктер кепілзат ретінде қабылдаудан ат-тонын ала қашады. Шығыс ауылындағы мемлекет есебінен салынған осы үйлерде тұру үшін кем дегенде миллионер болуың керек, өйткені ай сайынғы коммуналдық төлемдер ретінде пәтер иелері 300 мың теңге төлеу екен. Бірақ неге екені белгісіз ол үйлерге оралмандарды орналастырыпты.
Ия, ашығын айтсақ, өңірге өзге жерден көшіп келген азаматтар үшін салынған ауылдың сапасы сын көтермейді. Үйлердің жобасының өзі қысы қаһарлы Шығыс Қазақстан облысының ауа-райына жарамайтын болып шықты. Сондықтан бұл үйлер оралмандарға тегін берілген. Тегін болған соң оралмандар суықтан қалтырап отырса да, сол үйлерде тұрып жүр.
6 сотық жері бар 363 үй Өскеменнің іргесінде 2001 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салыныпты. Әу баста елге оралған қандастарымызға бұл үйлер жеңілдікпен беріледі делінген. Бірақ іші суық, канализациясы істемейтін, теплофон деген пәленің кесірінен жылуы электр жарығына тәуелді бұл үйлерде есі дұрыс адам өз еркімен тұрғысы келмейтін болып шықты. Бірақ жоғары жаққа «үйлер салынды, ауыл адамға толды, жұмыс атқарылды» деген есеп беру үшін жергілікті билік сасқанынан бұл үйлерді оралман ағайынға тегін бере салыпты.
Үйден бөлек, ауыл тұрғындарына „жұмыспен қамтимыз„ деген уәде берілген. „Ауыл шаруашылығын жүргізгісі келетіндерге жер телімдерін береміз„ деген. Бірақ мұның бәрі уәде күйінде қалып қойған. Атажұртқа оралған халық қазір қайыршының күйіне түсіпті, басқасын айтпағанда, әр отбасының электр жарығы үшін қарызы бастан асады. Белшеден қарызға батқаны үшін бұл үйлерді жазғы кезде жарықтан мүлдем ажыратып тастайды, қыста әйтеуір суықтап қатып, өліп қалмасын деген қауіппен жарық беріп қояды екен. Ауылдың осындай күйді кешіп отырғанына біраз жыл болыпты.
Шығыс ауылын миллионерлер ауылы деп атағың келеді – қыс кезінде коммуналдық төлем орташа есеппен 300 мың теңгеге жетеді. Оралмандар электр жарығы үшін есептеуіш құралдың көрсеткіші бойынша төлемейді (айтпақшы, есептеуіш құрал әрбір үйде орнатылған), жалпы ауыл тұтынған көрсеткіш бойынша төлейді екен. Ал бұл дегеніңіз – ауылдағы мектеп пен балабақша, жергілікті әкімдік, күнде сағат 19:00-де қосылатын көшелердің жарығы. 300 мың теңге осылай пайда болады екен.
Ал ауылда миллионер атымен жоқ. Жылу үшін ондай үлкен ақша төлемеу үшін жергілікті тұрғындар үйлеріне сумен жылытатын пеш орнатып алған, шамасы жеткендер үйлерінің сыртын кірпішпен қаптапты.
— Пеш орнату үшін 200 мың теңге бердік, — дейді Қытайдан келген оралман Ақан Қалдыбек. – Көмір жағамыз, бір қысқа 5-6 тонна көмір кетеді (36 мың теңге). Үйде жылу сақталуы үшін оның сыртын кірпішпен қаптауға тура келеді. Бұған тағы 500 мың теңге керек. Көршіміз қаптап алды, ал бізде ондай ақша жоқ, әзірге. Тек пеш орнаттық, үйіміз әжептеуір жылып қалды. Ал үйдің қабырғасы тым жұқа. Үй емес, темір каркас, гипсокартон және osb-плитамен тұрғыза салған бірдеңе. Шатырдан су ағады, екі күннің бірінде электр сымдарына су тиіп, жарық өшіп жатады.
— Үйді сатып алдыңыздар ма, әлде тек арендасын төлейсіздер ме?
— Жоқ. Тегін тұрамыз. Банк бізге несие беруі тиіс еді, біз ай сайын 30 мың теңгеден қайтаруымыз керек болатын.
Бірақ банктер бұл үйлерді кепілзат ретінде алмайды. Банктің бағалаушылары келіп, бұл үйлердің құны бар екеніне күмән келтірді, сол себепті несие берілмеді.
Осы үйлердің кесірінен «Нұрлы көш» бағдарламасы тежеліп қалды, сондықтан біздің тегін тұруымызға рұқсат берді. Су мен электр жарығының ақшасын төлесеңдер болды деген. Ал енді бұл үйлердің арғы тағдыры қандай болатынын білмеймін, сата ма, қайтеді – оны жоғары жақта біреулер шешіп жатқан шығар.
Шығыс ауылында мектеп те, балабақша да, жергілікті әкімдік ғимараты да салынған. Оралман Айнұр Бекет әкімдікте еден жуушы. Бұл кісі – жеті адамнан тұратын үлкен отбасында жұмыс істейтін жалғыз адам. Осылайша оның отбасының барлық табысы – Айнұрдың жалғыз жалақысы: бір қора жан айына 27 мың теңгеге күн көреді.
— Күйеуімнің де балаларымның да тұрақты жұмысы жоқ. Қалада ешкім жұмысқа алмайды, мұнда жұмыс жоқ. Тек анда-санда ұсақ-түйек бірдеңе болмаса. Оның өзінде көп жағдайда ақшасын бермейді. Былтыр күйеуім жаз бойы құрылыста істеді, айына 180 мың теңге төлеуге уәде берген, бірақ барлығы уәде күйінде қалды. Фирмасы банкрот болыпты. Сотқа бердік, сот «жұмысшыларға жалақысы төленсін» деген қаулы шығарды. Ал ақша сол күйі жоқ. Бізге басында әр отбасынан екі адамды жұмысқа орналастырамыз деген еді. Онысы жайына қалды, бізді алдап-сулап, ақыры қатырып кетті. Менің табысым түгелдей тамаққа кетеді. Электр жарығына ақша төлей алмаймыз.
– Әрбір үйдің ішінде дәретхана бар екен. Ол жұмыс жұмыс істей ма?
– Канализация істемейді. Ағызған суың ешқайда кетпейді. Үй ішінде дәретке бара қалсаң, бүкіл үйің сасып кетеді. Өйткені су ақпайды. Сол үшін ауыл тұрғындарының бәрі шұңқыр қазып, өздеріне даладан дәретхана салып алған. Үйдегі дәретхана сән үшін тұр.
Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, бұл ауылда халық тұрып жатыр. Соңғы екі жылдың ішінде ауыл тіршілігінде ешқандай оң өзгеріс болмаған. Кезінде мемлекет үшін маңызды зор жоба ретінде салынған ауыл енді мемлекеттің бас қайғысына айналды. Облыста әкімдер ауысып жатыр, бірақ одан ешқандай өзгеріс жоқ. Ауылдағы әрбір тұрғын әкім ауысқан сайын «миллионерлер ауылының» тағдырын келесі әкім шешетін шығар, деген үмітпен өмір сүріп жүр.