„Тәуелсіздік Алаңында„ (Майдан) ұйымдастырылған фотокөрме Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың украин астанасына сапарының қарсаңында ашылды. Біздің украиндық әріптесіміз Юрий Кузнецов хабарлағандай, ұйымдастырушылар қалағандай киевтіктер мен астаналық қонақтардың қызығушылығын тудырған шара ешқандай дүрлікпесіз өтті. Дегенмен оны өткізудің датасына назар аударған жөн.
Біріншіден, ол осыдан үш жыл бұрын Қазақстанда орын алған белгілі оқиғалардың кезекті жылдығы. Ал екіншіден, украиндық журналистің пікірі бойынша, көрменің қазақстандық президенттің Киевке сапары қарсаңында ұйымдастырылуы тегін емес.
— Украинада негізінен Назарбаевқа жақсы көзқарас қалыптасқан, – дейді Юрий Кузнецов. – Дегенмен Украина үкіметі, негізгі үш министрлік, оларды басқаратын шетелдік министрлер, әсіресе, оларды сол лауазымға тағайындағандар, сіздердің президенттеріңіздің ниетін қабылдағысы келмейтін сыңайлы. Ол, белгілі болғандай, жанжалды бейбіт жолмен реттегісі келіп, үнемі өзінің елшілік қызметін ұсынуда. Бірақ бұл кейбіреулерге ұнамауда. Яғни, осындай жағдайда Назарбаев екі тараптың бірін ашық қолдаса (бұл жағдайда украин билігін), ешқандай мұндай көрме ұйымдастырылмаушы еді, деп ойлаймын. Ал осылай көшеде қыдырып жүргендерге Жаңаөзен оқиғаларының суреттерін көрсеткендер бір ғана мақсатты көздеді: Қазақстанда тоталитаризм өркендеуде, халықтың ерік білдіруі қатаң басып-жаншылады-мыс. Стендтерде „оппозициялық көшбасшылардың„ суреттері берілген, ал олар, менің білуімше, Жаңаөзендегі оқиғаларға қатысқан емес. Олардың ішінде қазір шетелде жүрген белгілі қазақ олигархы да бар. Яғни, көрмені ұйымдастырушылар өздері байқамай, оның тәртіпсіздіктерге қатысы бар екенін көрсетіп қойды. Ал олигархтың қалай қатысты болуы мүмкін? Тек қаржылай және басқаша көмегі арқылы.
— Осы орайда, Жоғарғы Рада депутаты Игорь Мосейчуктың Орталық Азияда үшінші майдан ашу туралы жақындағы мәлімдемесі еріксіз ойға оралады.
— Қазір біздің елімізде барлық ТМД елдерін басып алған-мыс тоталитаризм тақырыбы белсенді бой көтеруде. Мұндай көрмелер екі күннің бірінде ұйымдастырылып жатады. Біресе «Болотная», біресе «Шешенстан», біресе «Грузия», біресе «Гонконг». Бір қызығы, әлі бір рет «Фергюссон» немесе «Сент-Луис» тақырыбы бойынша фото көрме ұйымдастырылған емес, ал жақында ол жақта да полицейлердің қара нәсәілді американдықтарды өлтіруі бойынша жаппай халық толқулары болған. Ал кезекті майдан ашу, шындап келгенде, түрлі түсті төңкерістеру ұйымдастыруды, радикалды исламшылдардың белсенді әрекетін жандандыруды және осы тұрғыдағы басқа әрекеттерді білдіреді, ал бұл – қазіргі украин билігінің, ал шын мәнінде, осы билікті басқарып отырғандардың көксеген арманы. Украинадан басқа бір мемлекетте жоқ шетелдік министрлер соның тікелей айғағы. Ал халықтың өзіне келетін болсақ, қазіргі соғыстан, суықтан және электр жарығының болмауынан шаршаған адамдардың Қазақстанда не болып жатқанында ешқандай шатағы жоқ. Адамдарға керегі жарық, жылу және ыстық су. Ал кейбіреулеріне тамақ керек. Қазір бүкіл әлеуметтік бағдарламалар шектелген, кәсіпорындар жабылып жатыр, еңбекақы айлап төленбейді, ал гривна 190 пайыздан артық деңгейге құлдыраған, халықтың көптеген топтарына азық-түліктің жетіспеушілігі байқалады. Осыған наразылық білдіргендер күнде Жоғарғы Рада маңына жиналады. Ғимаратты кез-келген тәртіпсіздікті қатал тоқтату туралы бұйрық алған құқық қорғаушылар күзетуде. Украинаның АҚШ-тан, Еуроодақтан уәде етілген ақшаны алмауы, адамдардың түңілушілігін, тіпті, ренішін тудыруда. Сондықтан осындай фотокөрмелер ұйымдастырылуда. Олардың мақсаты — алған бетімізден айнысақ, бізді де осындай жағдай күтеді деген ескерту сыңайлы. Бірақ оларды көруге ешкім бармайды, күнделікті күйбең тіршілік мұрша бермейді.