Үстіміздегі жылғы 1-қаңтардан бастап елімізге ЕАЭО елдерінен автомобиль әкелуге барлық шектеулер алынып тасталынды. Мамырда шекара және баж болмайтын одаққа қосылуды Қырғызстан жоспарлап отыр. Бұл Қырғызстаннан Қазақстанға бұрынырақ әкелінген автомашиналарды заңдастыруға мүмкіндік беретіндей болған еді… Алайда қазір қырғыздық тіркемесі бар автомашиналарға ерекше ережелер дайындалып жатыр. Олардың ешкімді қуанта қоймайтыны анық.
Жалпы, жылдың басынан бері жұмыс істей бастаған ЕАЭО туралы Келісім және „Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы„ Техникалық регламент ЕАЭО-ның барлық мүшелеріне тең құқықтар береді. Ендеше, мамыр айынан бастап Қырғызстаннан әкелінетін кез келген автомобильдер Ресейден жеткізілген темір тұлпарлар сияқты жеңілдетілген тәртіппен есепке алынуға тиіс. Қайталап айтамыз:
2015 жылғы мамырдан бастап Қырғызстан автомобильдерін салық және кедендік баж алымдарын төлемей, сертификаттар алмай Қазақстанға әкелуге болады.
Айтпақшы, қырғызстандықтар осыған үміт артып отыр. Өткен жылы Кедендік одаққа өтуге дайындалған кезде республикаға шетелде пайдалануда болғанына 7 жылдан асқан ескі машиналардың рекордтық саны әкелінген болатын, олардың 48 мың 271-нің басқару тетігі оң жақта орналасқан. Тағы 800-ге жуық автомашина мемлекеттік шекарадан өтіп үлгермеген – 600-і шекарада тұралап қалса, 200-і әлі жолда. Атап айтарлығы, көптеген компаниялар мен жеке адамдар автомобильдерді Кедендік одақа өткеннен кейін қымбатырақ өткізу үшін сатып алғандарын жасырған жоқ.
Алайда қазір Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кабинеттерінде Қырғызстан одаққа қосылғаннан кейін қырғыз автомобильдері бірден ЕАЭО-ның тауары деген мәртебеге ие бола ма жоқ па, деген мәселе шешілуде.
– Менің білуімше, мәселе әлі түбегейлі шешілген жоқ, – деп хабарлады 365 info тілшісіне ҚР ҚМ Мемлекеттік табыстар комитеті басқармасының бастығы Юрий Ким. – Қазір Кедендік одаққа кіргенге дейін жеткізілген тауарлар КО-ның тауары болып табыла ма, әлде олар бойынша жеке ережелер қабылдана ма деген мәселе талқылануда.
Мүмкін, үш жылдық өтпелі кезең белгіленіп, сол уақыт өткеннен кейін Қырғызстандағы көлік құралдары Кедендік одақтың тауары болып есептелінетін болады. Немесе мәселені шешудің басқа нұсқасы орын алуы мүмкін. Сөйтіп, Еуро-4 стандартына сәйкес келмейтін, 2007 жылдан бұрын шығарылған ескі автомобильдерді Қазақстан аумағына әкелуге тыйым салынады. Атап айтқанда, мұндай шектеуді енгізу Алматыда көлік құралдарының құжаттарын техникалық регламент талаптарына сәйкес рәсімдеу тақырыбына арналған семинарда талқыланған еді.
– Еуразиялық Экономикалық Одақ туралы Келісімі 29-бабының 1-бөлімін басшылыққа алған мүше-мемлекеттер, егер мұндай шектеулер адамның өмірі мен денсаулығын және қоршаған ортаны қорғауға қажет болса, өзара саудада шектеулер енгізуге құқықты (егер ол шаралар біреуді негізсіз кемсітудің немесе сауданы шектеудің құралы болмаса, – ескертп.). Ондай жағдайда бұл құқықты пайдаланып, Ресей мен Беларусьтен ескі-құсқы көліктің әкелінуін шектеген жөн, – деді семинарға қатысушылар.