Әділетсіз бәсеке қазақстандық сүт өндірушілерді тақырға отырғызуда. Рубль мен гривнаның құлдырауы ойламаған жерден сүт саласындағы кәсіпкерлердің жағдайын қиындатып жіберді. Осындай жағдайға тап болған отандық бизнесмендер мемлекет көмегіне жүгінетін кез келді деген шешім қабылдады.
Әзірге қатардағы қазақстандықтар жергілікті сүт өнімдері бағаларының ресейлік және украиндық тағамдардан қымбатырақ болатынына таң қалуда. Өйткені шеттен әкелінетін тауар бағасына өнім құнынан бөлек тасымалдау шығындары қосылу керек емес пе? Сондықтан отандық өндірушілер дабыл қағуда: гривна мен рубльдің әлсіреуі салдарынан украиндық және ресейлік сүт өнімдері біздің нарығымызда біздің сүт өнімдерінің алдын орап отыр. Көп ретте, дүкен сөрелері шетелдік өндірушілер жасаған сүт, шұжық, консерві өнімдері мен ірімшіктерге толып тұрады.
Нарықты арзан импорт толтырған кезде сүт саласындағы бизнесмендердің көпшілігі үшін шығыннан құтылудың жалғыз жолы — мемлекет көмегіне жүгіну, яғни субсидия сұрау. Бұл турасында «Соңғы кезеңдегі экономикалық сынақтар тұрғысындағы Қазақстанның азық-түліктік қауіпсіздігі» тақырыбына арналған «Raimbek» сарапшылар клубы» мәжілістері маусымының ашылуында Raimbek Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов айтты.
– Кедендік одақта үлесі қысқарып отырған біздер, тауарөндірушілер үшін, бәсекелестік қабілеті бойынша әділ шарттардың болғаны өте маңызды, – деп атап өтті бизнесмен. – Неліктен біздің елімізде бұл мәселеге осындай енжарлық танытылып отыр? Егер Германияда неміс компанияларының үлесі 2-3 пайызға құласа, мұны ұлттық трагедияға теңестіреуге дейін барады, ал бізде 10-30 пайызға төмендегенді де пысқырмайды! Нарықтың украиндық сары майды, немесе ресейлік сүтті қалай қабылдағанын, қазақстандық кәсіпорындар үлесінің қалай төмендегенін зерттеп жатқан ешкім жоқ.
Raimbek Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы атап өткендей, Қазақстанда жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған өте жақсы бағдарламалар бар, бірақ…
– Мәселе инвестсубсидиялардың осы бағдарламалары тек қағаз жүзінде жақсы көрсетілген, ал іс жүзінде олардың жұмысын ешкім көріп отырған жоқ, – деп сендіреді Райымбек Баталов. – Қазақстандық өндірушілер әлемдік нарықта бәсекелестікке қабілетті емес, осы орайда, атап айтарлығы, мемлекеттік қолдау өте төмен деңгейде, тіпті, Кедендік одақ елдерімен салыстырсақ та.
Жалпы, нарық жағдаяты біздің өндірушінің пайдасына шешіліп отырған жоқ. Raimbek Group компаниясы тиісті арнайы талдау жүргізіп, орын алған ахуалға екі фактор кінәлі деген шешімге келді. Біріншіден, сүт өңдеу зауыттары жағрафиялық тұрғыдан тиімсіз орналасқан, екіншіден, олардың қуаты мардымсыз.
– Ресей мен Украинада шикізат біздегіден әлде-қайда арзан, тіпті, логистикалық шығындарды есепке алсақ та. Бірақ ол қандай шикізат? Қазақстан нарығына қандай және қандай сападағы сүт кіріп жатыр, бұл үлкен мәселе, – дейді Райымбек Баталов.
Екінші жағынан алсақ, Украина мен Ресейдегі сүт беретін бүкіл дерлік мал басы (70 пайыздан астамы) Қазақстандағыдай, жеке қожалықтарда шоғырланған. Ендеше, олардың сүт зауыттары жұмыс істейтін шикізат сапасы біздегідей әртүрлі, бірақ жалпы қоспада, барлығы бірдей, нашар. Сондықтан елімізде өндірілетін өнімнің шетелде сондай шикізаттан жасалған өнімнен неге қымбат болатынын білмей, дал болған қазақстандықтарды түсінуге болады.
– Баралығы қарапайым, – дейді жағдайды түсіндірген Қазақстан ет-сүт өнімдері одағының басшысы Қайрат Оспанов. – Біздің өндіруші-өңдеушілер әр уақытта «бізге субсидия, анау-мынау керек» дейді, енді «бізге ақша беріңдер, ал біз ештеңе жасамаймыз»дейтін болар. Мемлекет «дамуға» субсидия беретін болса, жұмыс істеп қайтеді. Ал Ресейдегі және біздегі салық заңдылығын салыстырсақ, айырмашылық — жер мен көктей. Біздегі қосымша құн салығы 12 пайыз болса, оларда 18 пайыз, ал корпоративтік табыс салығы бізде 20 пайыз болса, оларда 30 пайыз.
Қайрат Оспановтың айтуынша, Қазақстанда шикізат өте тапшы, бізде өндірілген өнімнің көпшілігі импорттық шикізаттан жасалған. Қазақстанда тұтынылатын азық-түліктің жартысынан астамының шығу тегі шетелдік, мәселен, Алматы облысында өндірілген әр екінші сүт қорабы импорттық құрғақ сүттен жасалған. Немесе Қырғызстаннан әкелінген табиғи сүттен өндіріледі. Фермалармен ешкімнің айналысқысы келмейді. Өйткені ол үшін қыруар еңбек, қомақты нивестиция қажет. Сүт өңдеушілерге субсидия сұрап, құрғақ сүтті езіп, алынған өнімді табиғи тауар ретінде өткізген әлдеқайда жеңіл. Меніңше, сүт зауыттарын салмастан бұрын, шикізатты қайдан алу мәселесін ойластырған жөн. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау көрсетіп, өзіміздің мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру қажет. Сонда өңдеушілерге қажетті шикізат жеткілікті болып, мемлекеттен субсидия сұраудың қажеті болмайды.
Тағы бір себеп, біздің кәсіпкерлер аз шығын шығарып, мейілінше, көп табыс тапқысы келеді. Біздің бизнесмендер өз қызметін өздерінің өмірлік қажеттіліктеріне сәйкес бағалайды.
– Қасында Қазақстан тұрғанда қазір Қытай сүтті неге Еуропадан сатып алады? Өйткені Еуропада сүт арзан және, атап айтарлығы, біздегідей емес, табиғи, – дейді Қазақстан ет-сүт өнімдері одағының басшысы. – Феремерлердің жұмысын табысты және өзін өзі ақтайтын іс деуге келмейді. Ол көлемді қаржыны және қыруар еңбекті талап етеді, атап айтарлығы, 100 пайыздық маржа ала алмайсың. Фермерлік қожалықтар жақсы дамыған Еуропада 10 пайыздық маржа болса, ол керемет бизнес саналады, ал бізде бірден 100 пайыз кіріс алуды ойлайды.