Ресей Кедендік одақ елдері арасындағы ішкі шекараларды қалпына келтіргеннен кейін ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцов: «Кедендік одақ үшін қанша жанталастық, бәрі бекер болды. КО-да ішкі шекралардың болмауы және тауардың еркін айналымы қарастырылса да, олар қайтадан қалпына келтірілді. Кедендік одақтың ережелері бойынша, Путин біржақты санкциялар енгізбеуі керек болса да, ол оны енгізді. Өйткені ол мықты ғой, ережеге пысқырып та қарамайды. Сондықтан Кедендік одақ жоқ», – деп мәлімдеді.
Кедендік одақтың ыдырауға жақын екендігі туралы біздің экономистер мен саясаттанушылар да айтуда. Алайда ресейлік әріптестерінен ерекшелігі, олар келісімнің заң жүзінде және іс жүзінде тоқтатылғанына сенбейді. Олардың пікірі бойынша, жағдайды әлі түзетуге болады.
Тоқтар Есіркепов, экономист, қазақстандық қоғамды жүйелі зерттеу институтының директоры:
— Заң жүзінде Кедендік одақ бар. Егер біз оның шарттарын бұзсақ, Ресей бірден көшбасшы ретінде өзінің құқықтары туралы әңгіме көтереді. Кедендік одақты бұзу — асығыс шешім, бұл турасында басында ойлануымыз керек еді. Ал біз ол кезде де асығыс шешім қабылдадық. Мен, маман ретінде, ең басынан барлығы өте жылдам жасалып жатыр деп есептеген едім. Кез келген қисынды ойлай білетін экономист сізге интеграцияға баруды кооперациядан, қызметтесуден бастау керектігін айтады. Бұл жүйелі болуға тиіс қадамдар болатын, ал біз бірден интеграцияға бардық. Сөйтіп, асығыстық жасадық, енді соның зардабын тартып жатырмыз. Бізге игіліктер үйіп-төгіледі деген уәде берген еді, бірақ ешнәрсе көріп отырған жоқпыз, осы орайда, жауапкершілік туралы сұрақ туындайды. Мамандар ең басында айтты емес пе! Қарапайым дүние, біз қандай да бір одаққа қарай жылжығанда, ең алдымен еліміздің дамуының ішкі көздерін пайдалануымыз керек. Тек дамудың ішкі көздері жетпеген жағдайда, КО сияқты, сыртқы көздерді қосуға болады.
Енді үкіметтер келіссөздер жүргізуге тиіс. Әзірше, Кедендік одақтың жұмысын уақытша тоқтатуға, кідіртуге болады. КО қызметінің салдарын анықтап, КО жұмысын қорытындылап, оның жетістіктері мен кемшіліктерін анықтағаннан кейін, сол жағдаяттарды басшылыққа ала отырып, жан-жақты ойластырылған, байсалды шешім қабылдауға болады.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
— Ол заң жүзінде де, іс жүзінде де жұмыс істеп тұр. Алайда КО жұмысының қажеттілігіне күмән күшеюде, Қазақстан үшін ол әу-бастан тиімсіз болатын. Шынтуайтқа келсек, осы Кедендік одақпен біз өзімізді әлемнен, 200 мемлекеттен ресейлік жоғары кедендік баж салығымен оқшаулап тастадық. Қазір Ресей өзінің біржақты қадамдарымен жағдайды одан ары ушықтыруда. КО-ның табысы, жетістігі ретінде көрсетілгендердің барлығы жоққа шығарылып, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты күмән күшейе түсуде. Егер серіктестер қарым-қатынасы, сыпайылап айтқанда, дүрдараз болып, олардың арасында сауда соғысы орын алып жатса, қандай одақ туралы әңгіме қозғауға болады. Ресей санкциялары әрекет етіп тұрған кезде, шет мемлекеттер тауарлары Ресей нарығына Қазақстан мен Белраусь арқылы кіріп жатыр деген күдік туындауда. Соның салдарынан, Ресей, тіпті, жаңа кедендік шекаралар енгізіп жатыр. Яғни, қазір кедендік шекараларды алып тастау негізінде КО құру идеясының өзі жоққа шығарылуда.
Әрине, біраз уақыт өтіп, біз өзіміздің тауар өндірушілерге, шағын және орта бизнеске (ШОБ) қатысты көп нәрсені уысымыздан шығарып алдық. Бізде бензин мәселесіне қатысты қиындықтар бар, баға үнемі өсу үстінде, біздің шекарамыз ашық, соның салдарынан тауарымыз арзан болса, олар ресейлік нарыққа өтіп кетеді. Біз өзімізді өзіміз тығырыққа тіредік. Қазір бәрін кері қайтаруға әлі кеш емес. Бұл келісімдердің Қазақстан мүдделерін сақтауға тиіс екендігі туралы әңгіме қозғау да кеш емес. Біз өзімізге залал келтіре отырып, достасуға және қызметтесуге міндетті емеспіз. Ешкім Ресеймен және Беларусьпен қызметтесуге қарсы емес, бірақ ол Қазақстан мүдделеріне, біздің басқа мемлекеттермен қызметтесуімізге нұқсан келтірмеуі тиіс. Міне, осының барлығын қайта қарау қажет, өйткені кезінде елеулі кемшіліктерге жол берілді.
Естеріңізге салсақ, Ресей Федерациясының малдәрігерлік және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі Федералдық қызметі (Ресей ауыл шаруашылық қадағалау) Қазақстанға өсімдік өнімдерінің және ет транзитінің талаптарын қатайтқан болатын. 30-қарашадан бастап Қазақстанға азық-түлік өнімдерін Ресей арқылы тек Кедендік одақтың ресейлік учаскесіндегі өткізу бекеттері арқылы транзиттауға рұқсат етіледі.