2014 жылғы 3-желтоқсанда «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың кассациялық шағымын қараған Алматы қалалық сотының аппеляция алқасы төменгі сот инстанциясының оны 1 (бір) миллион 300 мың теңге төлеуді және ардагерлерден республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кешірім сұрауды міндеттеген шешімін өзгеріссіз қалдырып, Жарылқап Қалыбайдың ардагерлер арызын жоққа шығаруға қатысты білдірген өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Бірақ Жарылқап Қалыбай мырза соттың бұл шешімімен келіспейтінін, ҚР Жоғары сотына шағымданатынын мәлімдеді.
Жалпы, қазақстандық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, «Аңыз адам» журналына жасалған қысым Ресейдің талап етуімен қолға алынып отырған көрінеді. Естеріңізде болса, «Аңыз адамға» қатысты дау бұрқ еткен кезде, сәуірдің 21-інде Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі тарапынан Қазақстанға ресми наразылық нотасын жолданған болатын. Неге екенін қайдам, Қазақстан билігі көрші елдің бұл нотасына едел-жедел жауап жолдап, тіпті, бұл істі тексеру үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылатынын мәлім етті. Бұл тұрғыдан Қазақстанның тез реакция танытуы – ел билігінің Ресей алдында тым жалтақтығын, төменшіктігін танытқандай әсер қалдырған еді. Мәселен, біртұтас Қазақстанды бөлшектеу туралы ресейлік саясаткерлер Жириновский мен Штыгашевтің, Лимоновтың сандырағына орай Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми нотасына Ресей тарапының қандай жауап бергенін қазақстандық қоғамы әлі күнге дейін білмейді.
Жақында қазақтілді басылымдарыдың бірінде қызмет ететін бір әріптесіммен әңгімелескен едім. Өзінің аты-жөнін, қызмет ететін басылымын атамауды өтінген ол, өздерінің редакциясында қазақстандың билікті ғана емес, сондай-ақ Ресей Федерациясының басшыларын, оның ішінде, Владимир Путинді сынауға тыйым салынғанын жеткізді.
– Бұрын Ресейдің агрессиялық саясатын сынауға мүмкіндігіміз бар еді, биыл одан да ада болдық. Сонда біз не жазамыз? – дейді ол қынжылып.
Соңғы уақытта «Адам бол» журналының үстінен қылмыстық іс қозғалып, журналды «соғысқа үндегені үшін» жабуға шешім қабылдағаны белгілі. «Адам бол» журналының төңірегіндегі істің басы-қасында болған құқық қорғаушы, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Тамара Калеева «Адам бол» сайтына берген сұхбатында Қазақстан медиа кеңістігінің Ресейге тәуелді екендігін айтады:
– Мен Adam bol журналына қатысты жағдайды Қазақстанның ішкі-сыртқы ахуалына орай қарастыруды ұсынамын. Қырымдағы жағдай басталысымен, Ресейлік бір топ саясаткердің Қазақстан аумағының бір бөлігі Ресейге тиесілі деген мәлімдеме жасағаннан кейін, біздің билік елдің ақпараттық тәуелсіздігі үшін қатты алаңдаулы екендігін жария еткен еді. Ресей медиасына тәуелді екендігін ашық мойындады. Тіпті, Украинадағы жағдай туралы әртүрлі ақпарат көздерінен тәуелсіз хабар жасауға да талаптанып көрген жекеменшік телеарналар да болды. Ақпараттық тәуелсіздік саясаты қаншалықты қамтамасыз етілді немесе біздің қазақстандық билік өзге елдердің саясатынан қаншалықты тәуелсіз? Бұл сауалға Adam bol журналына қатысты қазіргі жағдай жауап бере алады. Журнал Ресей саясатынан өзге көзқарасты танытуға талаптанып көріп еді, тіпті, өз көзқарасын емес, оқиғаға қатысушының көзімен көргендерін жариялаған еді, журналды «соғысты үндегені үшін» жабу процесі басталып кетті, – дейді Тамара Калеева «Закрыли за иную от пророссийской точку зрения» атты сұхбатында.
Саясаттанушы Айдос Сарым Тамара Калееваның пікірімен толықтай келісетіндігін айтады. Оның пікірінше, соңғы бір жарым жыл ішінде Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мен Кремльдегі саяси ахуалды жіті бақылап отыратын топтардың Қазақстанның ішкі ахуалына ашықтан ашық араласа бастағаны байқалады.
– Осы топтар бірнеше ақпарат құралдарының тізімін жасап, олардың Ресейге, оның саясатына, президентіне қарсы ақпараттық саясат жүргізіп отырғандығы туралы біздің билікті құлаққағыс етті деп ойлаймын. Бұл арада біздің биліктің жалтаққойлығы басты рөл ойнап отыр. Бұл айналып келгенде, өзінің баспасөзіне кері әсерін тигізеді. Бұрын қазақ басылымдары Ресейдің империялық саясатты, Ельцинды, Путинді аямай сынайтын. Алайда, бұған Ресей тарапы көп реакция таныта бермейтін. Соңғы жылдары олардың қазақ баспасөзіне шүйлігуінің өзіндік себебі бар секілді. Біріншіден, өзге жұрттан оқшауланып, экономикалық санкцияларға ұшыраған Ресей өз одақтастарынан қолдау күтеді. Екіншіден, шеттегі орыс диаспорасын өз ықпалында ұстауды жөн көреді. Үшіншіден, Қазақстанның ақпараттық кеңістігін уысынан шығарғысы келмейді. Сол себепті де, мен Тамара Калеева ханыммен де, Жарылқап Қалыбаев мырзамен де келісемін: «Мәселе – Гитлерде емес, мәселе путиндік билікті Гитлерге теңегеннен туындап отыр». Сот процесі барысында біраз әңгіменің басы қайырылғанының куәсі болдық. «Адам бол» журналында қатысты айтар болсақ, Бас прокуратура тікелей олардың Украинаға болысуын айыптап отыр. Есесіне, қазір Қазақстандағы орыстілді басылымдардың басым көпшілігі Ресей мен Украина қақтығысында Ресей сепаратистерін ашықтан-ашық қолдап, тікелей соғысқа үндеп отыр. Неге оларды соғысқа үгіттегені үшін жауапқа тартпаймыз? Егер, соғысқа шақырғандарды жауапқа тартатын болсақ, онда Украинаны қолдағандарға ғана емес, ресейлік сепаратистік пиғылды қолдағандарға да тыйым салсын.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали да жоғарыдағы пікірлерді жақтайды:
– Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы Ақпарат министрі болып тұрған кезінде «Ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбы бойынша диссертация қорғаған болатын. Сонда марқұм Қазақстанның Ресейдің ақпараттық экспансиясына төтеп бере алмай отырғандығын айтқан еді. Осыдан біраз уақыт бұрын мен Қазақстанның құзырлы орындарына тағайындалатын кадрлар Ресей арқылы өтетін болды деген едім. Қазақстанда Ресейдің ықпалды агенттері, оның ішінде, арнайы ақпарат құралдары жұмыс істейтінін білемін. Қазір күндіз-түні Ресей саясатын дәріптейтін телеарналар көбейді. Өкінішке қарай, ресейлік телеарналар ашықтан-ашық соғысқа үндейді. Мен өзім ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде ғылыми еңбектер жазған адаммын, полиция полковнигімін. Қазіргі ақпараттағы контенттерге қарап-ақ біздің насихатымыздың қайда кетіп бара жатқанын ажырату қиынға соқпайды. Қазір елдегі ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен айналысып жатқан ешкім жоқ. Үш әріп (ҰҚК – редакция ескертпесі) қайда қарап отыр, оны ешкім біле алмайды. Ресей ықпалындағы ақпарат құралдарына Ресей тарапынан қыруар қаржы бөлінгені жайлы ақпаратты оқып білдім. Бірақ бұл жайында менің қолымда ешқандай дәлел жоқ. Алайда қазіргі медиа контенттен көп нәрсені байқауға болады. Ал Жарылқап Қалыбайға келетін болсақ, Путинді Гитлерге теңегендердің біріншісі ол емес. Путин туралы мұндай жағымсыз пікір әуелі Батыс саясатшылары тарапынан айтылды. Британ ханзадасы, неміс канцлері Путинді тіпті «ауру адамға» теңегені мәлім. Сол себепті, біздің ақпаратты ықтырып алуды мақсат етудің көзге ұрып тұрғанын айтуға болады.
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, еріксіз Қазақстанның ақпараттық кеңістігін билеу толығымен теріскейдегі көршіміздің еншісіне берілген бе, деген ойға қаласың.