Жақында Павлодар облыстық арнайы ауданаралық соты 2 жыл бойы Павлодар облысын басқарған, бүгінде үстінен қылмыстық іс қозғалған – Ерлан Арынды тергеу ісі аяқталғаны туралы мәлімдеді. Алайда, Ерлан Арын өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтып, арының таза екендігін дәлелдеп бағуда. Сот Ерлан Арынға қандай жаза қолданатыны әзірге беймәлім. Алайда экс-әкім, экс-ректор, ғалымға тағылған айып өте ауыр. Сарапшылар Ерлан Мұхтарұлының, кем дегенде, 10-15 жылды арқалайтынына сенімді.
Ерлан Арынның қылмыстық әрекеті туралы жазылған мақалаларды сарапқа салып, қарасаңыз, бір қызық жайттың куәсі боласыз. Ол – орыстілді БАҚ-тың оны бірыңғай қаралауы, қазақтілді БАҚ-тың қоғам қайраткерін ақтап алуға тырысуы. Кілтипанның бәрі осы жерден басталатын секілді. Ақпараттың көбі Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының берген мәліметтеріне негізделген. Кез-келген журналистің өз бетінше зерттеу жүргізіп, сараптама жасағаны байқалмайды.
www.ratel.kz сайтында Геннадий Бендицкийдің «Арын – на кичу?» атты мақаласын оқи отырып, бұған дейін таза дәлелдер мен дәйектерді ойната білетін, журналистік зерттеу элементтерін Қазақстан журналистикасына енгізіп жүрген Геннадий Бендицкийдің бұл жолы қадамынан жаңылғанын байқау қиын емес.
Ерлан Арынға тағылып отырған айып, ірі көлемде пара алу, бюджеттің қазынасын жеке пайдасына жарату. Мәселенің мәніне терең үңіліп көрсек, 2013 жылғы желтоқсанда Павлодар қаласындағы «Қазақстан» қонақүйінде Павлодар облысының бұрынғы әкімінің көмекшісі Төлеген Бастенов Шығыс Қазақстан облыстық «СДЕ» құрылыс компаниясының өкілінен ірі көлемде пара алып жатқан жерінен құрықталады. Аталған компания өкілі Павлодар облысында мектеп құрылысын жүргізу жөніндегі тендерден 1,2 миллиард теңге ұтып алғаны үшін 10 миллион теңге көлемінде сыйақы ұсынған көрінеді. «Время» газетінің жазуы бойынша, аталған сома «СДЕ» компаниясының бухгалтериясы арқылы ақшалай берілген. Экс-әкім көмекшісі құрықталғаннан кейін, бірден отставкаға кететінін мәлімдеді. Бірақ іс мұнымен тынбайды, Төлеген Бастеновтің адвокаттары оны қорғау мақсатында, экс-әкімді нысанаға алады. Аталған соманы Төлеген Бастенов емес, Ерлан Арын пайдаланбақ болғанын және соның тапсырмасын орындағанын жария етеді. Басында қызметінен босаған әкімді, арада бірнеше ай салып, құқық қорғау органдары қамауға алады, әрі үш бірдей айып тағады. Яғни, Ерлан Арын 52 және 85 миллион теңге көлемінде пара алды және Павлодар қаласын абаттандыруға бөлінген 23 миллион теңгені өз қажетіне жаратты деп айыпталған еді.
Ерлан Арын қамауға алынбай тұрған сәттің өзінде www.ablyazov.org сайтында «Какое счастье, что Арын уже не у власти» атты мақала жарияланды. Мақалада экс-әкімнің Павлодар мемлекеттік университетінде ректор болған кезінен жасаған экономикалық қылмыстары тізбеленеді. Мақалада Павлодар облысы әкімнің орнынан кетуі «азат ету» күнінен кем болмағаны айтылады. «Павлодар облыстық мәжіліс залында Павлодардың қазіргі әкімі Оразгелді Қайыргелдинов бұрынғы қала басшысы, қазіргі қаржы басқармасының бастығы Бакир Демеуовпен сүйісіп құшақтасты, ал лауазымы төмен шенеуніктер бір-бірін корридорда, лифтіде құттықтады. Облыстық кафелер қала мен ауыл басшыларына толып кетті, олар әкімнен құтылғандарын тойлауда», делінеді онда. Мақала авторы облыстық шенеуніктер Ерлан Арынның облыс басшылығына келуін өздеріне берілген «жаза» деп қабылдады дейді. Сөйтіп, әкімнің С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры болған күннен әжетін өтейтін бөлмесін алтындатқан Ерлан Арынның шектен шыққан әрекеттері санамаланады. Облыс әкімі лауазымына келісімен, ол өзінің айлық жалақысын бірден 43 пайызға көтерген көрінеді. Әлі бұл әрекетін сынағандарға «Менің лауазымым қымбат тұрады» деп, бірден кесіп жауап берген. Дәл осы жауабы сын тезіне алынып, Ерлан Арынның өз лауазымын қалай қымбаттатып жібергені нысанаға ілінді.
Аталған фактілерді тізбектей отырып, Ерлан Арынның өз лауазымын қалайша асыра пайдаланғанына таң қалмасқа шараңыз қалмайды. Ол жеген қазынаның қаржысы жоғарыда аталған сомалармен шектелмейді, миллиондаған долларлармен ұласады. Соған қарамастан, қазақтілді БАҚ Ерлан Арынның қазақ үшін жасағандарын саналамай отырып, оны орға жығушылардың бар екенін айтады. Мәселен, www.abai.kz сайтында «қарапайым ғылыми қызметкердің көзге ілінуінің сыры неде? Оның бірден ректорлыққа, одан кейін облыс әкіміне дейін өрлеуіне кім ықпал етті?» деген сауалдарға жауап ізделеді. Ерлан Арын тасының өрге домалауына ықпал етуші адам – Аслан Мусин көрінеді. «Аслан Мусин қызметтен аластатылып, басына күн туғанда, оның кланындағы адамдарды да қудалау басталды. Ерлан Арынның басына күн тууына да осы жағдаят себеп болса керек-мыс» делінеді «Ерлан Арынның ісін тергеу аяқталды» атты мақалада. Мақаланың авторы көрсетілмеген, тек abai.kz делінген. Жалпы мақаланың негізгі тұжырымы, пара алды немесе қызметін асыра пайдаланды деген желеуді мойнына артып, әкім-қараларды күйелеу Қазақстанның саяси жүйесінде баяғыдан бар үрдіс екендігі. Олар, мысал ретінде, Ғалымжан Жақияновтың 500 мың теңге пара алды деген желеумен істі болғанын көлденең тартады. Дәл осындай айыппен Жақсыбек Құлекеев, Абылай Мырзахметов, Жақсылық Досқалиевтің істі болғандығы мәлім. Алайда әркімнің ісі әрқалай аяқталды. Абылай Мырзахметов жазасын өтеп келгеннен кейін, ақталып, қазір лауазымды қызметпен қайта табысты. Жақсыбек Құлекеев өзінің кінәсіз екендігін дәлелдей алса, Жақсылық Досқалиев те пара алудан ада-күде болып шықты. Күн сайын асқынып бара жатқан кландардың тартысы, бүгінде күн де бір әкімді домалатумен аяқталып жатқан сыңайлы. Бұл ретте біз Ерлан Арынды сүттен ақ, судан таза еді деуден аулақпыз. Парақорлық дендеп алған бүгінгі қоғамда қолы таза әкім немесе шенеунік бар деуге ешкім илана қоймайтындай дәрежеге жеттік. Тіпті, Елбасының өзі Министрлер кабинетінде өткен бір жиынында лауазымды тұлғалардың кез келгенін қолынан сүйреп, абақтыға жаба алатынын және ондай деректердің қолында бар екендігін айтқаны есімізде.
Бізді Ерлан Арынның ақтығы немесе жалалы болғандығы толғантып отырған жоқ, елдегі екітілді БАҚ-тың екі түрлі бағыт ұстанғаны толғантады. Мәселен, қазақтілді БАҚ оның Павлодар облысына келгеннен кейін істеген абыройлы еңбектерін санамалайды. Ерлан Арынның Қалижан Бекхожинге ескерткіш орнатып, оның жүз жылдығын атап өтуге бел шеше кірісуі, Потанин мен Уәлихановтің бюстерін ашып, саяси қуғын-сүргін, аштық құрбандарына, алғашқы мұғалимаға ескерткіш тақталар орнатып, ескерткіштер тұрғызуын қазақтілді БАҚ орысы басым, қазақы құндылықтарға назар аудармайтын өлкенің қазақтануға аяқ басуы деп, ұлттың құндылықтарын әспеттеу деп баға берсе, орыстілді БАҚ оны шексіз дарақылық деп бағалай отырып, аталған шараларға бөлінген қаржы да қолды болды, деген қорытынды жасайды.
Ерлан Арын ұсталардан бұрын бір топ қазақ зиялылары Елбасыға үндеу жариялады. Ондағы негізгі мәтін Ерлан Арынның Павлодар қаласында жасаған істеріне саяды. Үндеу авторлары «Павлодар облысының әкімі қызметіне Қанат Бозымбаев тағайындалған күннен бастап «Городская неделя», «Обозрение», «Версия» тәрізді жергілікті орыстілді тәуелсіз басылымдардың белсенділігі күрт артып, бұрынғы басшының жұмысын қаралайтын бір жақты сыни материалдарды жарыса жариялауда» деп бастайды әңгімесін. Олар Ерлан Арын тұрғызған ескерткіштерді орыстілді басылымдардың жоққа шығарғаны әсер еткен болуы керек, жаңа әкім, Қанат Бозымбаевтың Жүсіпбек Аймауытовтың мүсініне бөлінген қаржыны қысқартып тастағанын қынжыла баяндайды. Қалада әлі күнге дейін патша заманынан қалған отаршыл атаулардың тұнып тұрғандығын, әлі Тәуелсіздік монументінің бой көтермегенін, 1910 жылы салынған «Россия» қонақ үйін орыстілді БАҚ тарихи жәдігер ретінде реконструкциядан өткізу туралы байбалам салғанда, қазіргі әкімшіліктің оған да құлақ асқанын, Павлодар атауы мен басқыншы Ермак атындағы көшенің өзгермегенін ашына жазады. Ал Ерлан Арынның Павлодар атауын Кереку деп өзгерту туралы ұсынысы да орыстілді БАҚ-тағы сын нысанасының біріне айналған. Жергілікті халық Мәшһүр-Жүсіп пен Ишан Ата кесенелерінің асқақтай бой көтергенін Ғалымжан Жақиянов пен Ерлан Арынның енсімдерімен байланыстырады екен. Алматыда айдаладағы ағылшындық «Битлзге» ескерткіш бой көтерсе, Павлодар университетінің алдына «Дос-Мұқасанға» ескерткіш тұрғызылыпты.
Сөйтіп, елді дүрліктірген Ерлан Арын ісіне нүкте қойылар күн алыс емес. Оның ақ қарасын құзырлы органдар анықтап, жазасын өздері берері қақ. Төрелік айту біздің өкілеттігімізге кірмейтіні де анық. Алайда, елдегі БАҚ-тың бұл істі ала-құла баяндағаны, мәселенің соңында белгілі бір топтардың тұрғанынан сыр берсе керек.