Еліміздің ғалымдары Медеу шатқалынан ежелгі сақтардың қонысын тапты. Табылған артефактар бұл жерде дамыған ежелгі өркениет болғанын дәлелдеп отыр. Археолог-ғалымдар бұл кездейсоқ ашылған жаңалық емес, бірнеше жылғы жүйелі жұмыстың нәтижесі, дейді.
Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан топтың жетекшісі-ғалым-археолог Руслан Шербаевтың айтуынша, бұл жерде қазба жұмыстарын жүргізу 2013 жылы жоспарланған екен. Қазіргі таңда Қазқалажобалау мемлекттік институтының жоспары бойынша қаба жұмыстары атқарылып жатыр. Алматы қаласының 2050 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес қазба жұмыстары осы Медеу шатқалынан басталыпты. Ол қазба жұмыстарын жүргізетін алғашқы нысандардың бірі болған көрінеді.
«Жұмыс бастаған кезде біз осындай керемет нәрсе табылады деп ойлаған жоқпыз. Өйткені қала маңындағы Алмаарасан, Медеу, Бұтақты, Ақсай сияқты шатқалдарда осыған ұқсас ескерткіштер бар. Мен бұл жерден үйсіндердің ескерткішін табам деп болжап едім. Ал мына біз ашқан тарихи ескерткіш, сақ дәуірінікі болып шықты. Біз қазір сол қоныстың орнында отырмыз. Ол террассалардан тұрған, мына қазылған жер соның бір бөлігі», — дейді Руслан Шербаев.
Археологтың сөзіне қарағанда, ашылған қоныстың сақ дәуірінің ескерткіші екенін белгілі археолог-ғалымдар Әлішер Ақышев пен Бекен Нұрмұқанбетов растапты. Қазір ғалымдардың ашқаны ежелгі қоныстың технологиялық орталығы көрінеді. Оны осы жерден табылып жатқан заттар да дәлелдейді. Бұл жерде қыш, тері және тағы басқаларын өңдеу орталығы болған. Сонымен қатар ежелгі сақтар егіншілікпен де айналысқан.
Тағы бір атап айтарлығы, бұл жерден ежелгі сақтардан бастап кейінгі сақтарға дейінгі дәуірдің ескерткіштері табылып отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл осы жерді мекендеген сақтардың қонысы көрінеді. Тарихи дереккөздеріне, оның ішінде, Қытай мұрағаттарындағы жазбаша дереккөздеріне сәйкес, кейіннен жауынгер бабаларымыз бұл жерден кетіп, сонау Египетке дейін барған.
„Қазіргі біздің ашқан қабатымыз, біздің эрамызға дейінгі IV ғасырға сәйкес келеді. Оның төменгі қабаттары қандай құпия сақтап жатқанын бір Алланың өзі біледі. Қазір біз стратеграфиялық шурф жасап көріп жатырмыз, бірақ бетін әлі ашқан жоқпыз. Әзірге, оны ашпайтын да шығармыз. Өйткені, алдымызда қыс келе жатқанын ескерсек, қазіргі беті ашылған 200 шаршы метр жерді сақтаудың өзі оңай соқпайды. Қазіргі біздің атқарып жатқанымыз — барлау жұмыстары. Ары қарай заманауи технологияны пайдаланып, қазба жұмыстарын жалғастырып, табылған артефактарды зерттеп, елімізде осындай керемет тарихи ескерткіштер барын әлемге паш етпекпіз. Біздің басты мақсатымыз — аз қазып, мейілінше көп ақпарат алу, — дейді әңгімесін жалғастырған ғалым.
Бірақ ғалымдарды толғандырып отырғаны — беті ашылған тарихи ескерткішті сақтап қалу мәселесі. Руслан Шербаевтың айтуынша, 20-ғасырда гектарлап беті ашылған тарихи ескерткіштердің біразын сақтай алмаппыз, мәселен аты әлемге әйгілі Отырарда осындай жәйттер орын алыпты.
„Қазіргі таңда қазба жұмыстарын шағын учаскелерде жүргізіп, ландшафты өзгертпеген жөн. Өйткені болашақта осы жерден археологиялық саябақ, ашық аспан астындағы мұражай ашу да ойымызда бар. Мәселен, Медеу мұз айдынына дем алуға, конькимен сырғанауға келген отандастарымыз айдынның қасында тұрған сол болашақ саябаққа кіріп, туған жеріміздің тарихынан мағұлымат алып, көне дәуір ескерткіштерін, бабаларымыздың көне заманда қандай жетістіктерге жеткенін көзімен көрсе, тамаша емес пе?! Міне, соның барлығын кешенді түрде жүзеге асырған жөн. Өзіңізге белгілі, Ұлы Жібек жолының бойында көптеген тарихи ескерткіштер аз емес, ал оның біраз бөлігі біздің елдің аумағында, соларды келер ұрпақтарға жеткізу — біздің тарих алдындағы борышымыз„, — дейді археолог.
Осы орайда, ел болашағына бей-жай қарамайтын ел басқарған азаматтар ғалымдарымызға қол ұшын беріп, тарихи ескерткіштеріміздің сақталуына септігін тигізеді деп сенеміз.
[gallery ids=»50121,50122,50123,50125,50126,50127,50128,50129,50130,50131″]