Жанармай нарығының сарапшылары Қазақстанда жанармай құю бекеттеріндегі бензин бағасының жаңа белеске көтерілуге дайындалып жатқанын мойындауға мәжбүр.
Мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуандық Құлмұрзин 365info.kz медиа порталына берген сұқбатында бағаны арттыруда объективтік қажеттіліктің бар екенін растады…
– Қандай факторлар қазақстандық жанармай құю бекеттеріндегі баға көрсеткіштерін ауыстыру қажеттігі туындағанын көрсетуде?
–Жанармай – нарықтық тауар, оның бағасы оны өндірудің өзіндік құнына ғана тәуелді емес. Бұл сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдік. Қазір сұраныс ұсыныстан артық болып тұр: Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара маңындағы жанармай саудасы баға айырмашылығы салдарынан бірнеше есе өсіп кетті. Ресейліктер біздің елге арзан бензин алуға жиі келетін болды: шекарадан өтеді де, алғашқы қазақстандық жанармай құю бекетінен бензин багін толтырып алып, кері қайтады. Сәйтіп, шекара маңын мекендейтін ресейліктер қазақстандық арзан жанармайдың есебінен отбасының қаражат қорын үнемдеуге тырысуда. Ал осыны кәсіп қылған кейбір алып-сатарлар осылай күніне бірнеше рет келіп кетеді: келеді, жанармайды құйып алып, Ресейге кері оралады, жанармай төгіп, қайтадан біздің елге жанармай алуға келеді.
– Біздің бағаны ресейлік бензиннің бағасымен теңестіру жоспарларыңызда бар ма?
– Министр айтты, мен қайталайын: «Жылдың соңына дейін бағаны өзгертпейміз».
– Ал Жаңа жылдан кейін ше?
– Егер қазір «осындай күннен бастап жанармайдың бағасын көтеру жоспарланып отыр» деп айту, ел арасындағы дүрлікпе сұранысты тудыруға арандату деген сөз. Тұтынушылар: «бензин қымбаттайды екен, молырақ алып қояйық», деп дүрлігіп, жанармай құю бекеттеріне ағылады. Ал сатушылар: «бензин қымбаттайды екен, қазір сатып қайтеміз, ұстай тұрайық, бірнеше айдан кейін жаңа бағамен сатып, пайда таппаймыз ба», деп ойлап, ұсынысты қасақана төмендете бастайды. Міне, тұтынушылар мен сатушыларды осындай ойлар мазалап, оның соңы тапшылық пен баға өсуін қосқанда, басқа күтпеген салдарларға әкеліп соғуы мүмкін.
Мен айтып өткендей, біз нарық жағдайында өмір сүріп жатырмыз және әлемдік экономикамен ықпалдасудамыз. Бүгін мұнай бағасымен не болып жатқанын өзіңіз көріп отырсыз ғой. Әрине, Жаңа жылдан кейін не болатыны туралы бал ашуға болады, бірақ қазіргі нарықтық жағдайда негізделген ұзақ мерзімдік болжам жасау — жақсылыққа жетелейтін іс емес. Біз өз тарапымыздан, Қазақстан халқын жанармаймен қамтамасыз ету үшін қолымыздан келетіннің барлығын жасаймыз және бензин бағасын шарықтатпас үшін қолда бар барлық тетіктерді пайдаланамыз.
– Бензині ең арзан Венесуэла үкіметінің өзі оның бағасын көтеруге жүрексініп отыр. Атап айтарлығы, Венесуэладағы орташа айлық 800 АҚШ доллары, ал бензиннің бағасы 1 литріне 2 цент. Көпшілік мұны әділ деген сенімде: егер ел мұнай өндірсе, тиісінше, жанармай да арзан болу керек.
– Бізде өңдеу тереңдігі шамамен 70 пайыз, ал Венесуэалада Қытайдағыдай 90 немесе 94 пайыз болуы мүмкін. Олар бір тоннадан 80 пайыз бензин өндіреді, ал біз ары кеткенде 30 пайыз шығарамыз. Оның үстіне, бізде бензин құнының жоғары болуын салық саясатымен түсіндіруге болады. Қазақстанда жанармай өндірушілерге дотация, яғни демеу қаржы берілмейді, керісінше, жанармайға салық салады. Мүмкін, мұны кейбіреулер әділдік деп санамайтын болар.
– Айтпақшы, әділдік хақында. Үстіміздегі жылғы тамызда Энергетика министрлігі жанармайдың басым бөлігін Sinooil компаниясына беріп, жанармай квотасын соншалықты әділ бөлмеді, сөйтіп, «Helios» жанармай құю бекеттері жүйесінің «көңілін қалдырды».
– Сіз бұл үдерістің бірінші бөлімін ғана көрдіңіз. Таратудан кейін бес күн өткенде Sinooil өзіне бөлінген жанармайдың тең жартысын Helios бекеттеріне берді. Өзі берді.
– Ал үкімет неліктен Helios-тың «көңілін қалдырды»?
– Сол сәтте Helios ондай көлемді қабылдауға дайын емес еді. Тағы бір атап айтарлығы, «ҚазМұнайГазӨнімдери» мен «Sinooil» жанармай құю жүйелерінің Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында өздерінің өңдеу орындары бар. Қарапайым тілмен айтқанда, олар қолдарында барды квота арқылы алды. Алайда Helios мұны әділетсіздік деп санады.
P.S.: Естеріңізге салсақ, қырқүйекте бензин «патшалығында» Энергетика министрлігі ортасында қал5ан жанжал туындады. Жанжалдың мәні қарапайым: үкімет пен Helios жанармай құю бекеттерінің жүйесі квотаны бөлу мәселесінде келіспей қалды. Квотаны бөлу кезінде Энергетика министрлігі Helios-қа бәсекелестеріне қарағанда бензин мен дизельді кем бөліп, «көңілін қалдырды» (толығырақ Бензин тапшылығы: үкімет «ҚазМұнайГаздың» орнына «SinoOil»-ды таңдады. Қыркүйек қиын болады. Материалынан оқыңыз)