Қарағанды өңірінің бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевке қатысты тергеу жүргізіліп жатыр деген ақпарат облыс тұрғындары арасында түрлі алып-қашпа сөздер тудырды. Қарағандылықтар бұрынғы әкімнің үстінен екі қылмыстық істің не үшін қозғалғанын білмей дал болуда. Болжамдар көп.
Қисынды ойлай білетін азаматтар Қарағанды өңірі бірінші басшысының қызметтен кетуін және одан кейін оған тергеу органдары тарапынан қызығушылықтың туындауын, бірінші кезекте, президенттің оның Қарағандыдағы кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттеріне ашулануымен байланыстырады. Естеріңізге салсақ, үстіміздегі жылғы 30-тамызда мемлекет басшысы шахтерлер астанасына барған сапарында Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішевтің қызметтен кетуін оның басшылығы кезінде Қарағандыда шағын және орта бизнес субъектілеріне жер учаскелерін заңсыз берумен және олардан тартып алумен байланыстырған еді. Президент мұндай жүгенсіздікті тоқтатуды қаржы полициясына тапсырғанын бүкпесіз, ашық айтты. Тапсырманың нәтижесін 23-қыркүйекте Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров жеткізді.
Шахтерлер қаласындағы оқиғаларды мұқият бақылап отырғандар бүгінде жер учаскелерімен қандай заңсыз әрекеттердің жасалғаны туралы сұрақ толғандырмайды. 2013 жылы қала және облыс кәсіпкерлерінің өздерінің жолға қойылған бизнесін ешқандай өтемақы төлемей, арсыз тартып алып жатқанына көпшіліктің назарын аударуға тырысып, дабыл қаққандарын еске алсақ, жеткілікті болар. Н.Әбдіров атындағы орталық даңғылдың бойындағы бірнеше жазғы кафелердің иелері әкімшілік ресурсы мен бульдозерге қарсы тұра алмады. Он жылдан астам сол жерде (сол Қарағанды әкімшілігі жалға беру туралы келісім негізінде берген) жұмыс істегеннен кейін, шенеуніктер кенет жалға беру келісімін ұзартудан бас тартты. Соттар мемлекеттік жерге заңсыз орналасқан нысандарды жою туралы шешім шығарды. Одан кейін жер қатынастары бөлімінің өкілдері бульдозер алып келіп, бәрін ойрандатты. Сөйтіп, кәсіпкерлер «маңғыт, аузыңа саңғыттың» күйін кешіп қалды.
Дәл осындай жағдайға ондаған кафелердің, дүкендер мен автотұрақтардың иелері ұшырады. Олардың арасында, мәселен, тікелей Бауыржан Әбдішевтің әрекетіне шағым айтқан Н.Әбдіров даңғылының бойындағы шағын-маркеттің иесі Раиса Яйлиди де бар. Өйткені осы шағын маркетті ашуға жер учаскесін, кейін сатып алу құқығымен, Қарағанды қаласының әкімі болып тұрған кезінде Бауыржан Түйтеұлының өзі беріп, жер комиссиясы бизнесвуменге жер учаскесін бөлу туралы шешім шығарған. Одан кейін Әбдішев мырза қызметінен кетіп, оның орнына Мейрам Смағұлов келді. Міне, сол кезде кәсіпкер әйелдің төбесіне жәй түскендей болды — қалалық әкімдік оған жерді беруден бас тартты, өйткені оның дүкені оған жер берілгеннен кейін қабылданған дәлденген жоспарға кірмеген көрінеді.
Әрине, бұған Бауыржан Әбдішевтің не қатысы бар деуге болушы еді. Бірақ, осы орайда басқа сұрақ туындайды: қала басшылығы облыс басшысының еркіне қарсы бір нәрсе жасайды дегенге кім сенеді?
[gallery ids=»42273,42283,42282,42281,42280,42277″]
Айтпақшы, ұсақ кәсіпкерлермен Бауыржан Әбдішев ең басынан, қала басшылығына келген сәттен, дұрыс қарым-қатынас құра алмады. Қарағандылықтардың есінде болар, 2011 жылы Қарағанды қаласының әкімі болған кезінде, Бауыржан Түйтеұлы шахтерлар астанасының адамдар көп жүретін аймағында орналасқан газет киоскілерінің иелерін күнделікті табысынан айырды.
Сол кезде қала басшысы «бұл жергілікті бизнесмендерге қысым көрсету емес, қала игілігі үшін атқарылып жатқан іс», деп иландыруға тырысты. Өйткені газет киоскілері қала келбетін бұзады, сондықтан оларды қоқыс төгетін орындарға күштеп әкетуде екен-мыс. Рас, қала басшысы болған кезде Әбдішев мырза қала эстетикасын «бұзушыларға» түсіністікпен қарап, оларға келтірілген шығынның орнын біркелкі стильдегі павильондар салумен толықтыру жөнінде уәде берген еді. Алайда ол көп ұзамай қала әкімдігі басшылығынан кетіп, өңірге облыс басшысы ретінде қайта оралғанда, ол өз уәдесін есіне алмады. Оны түсінуге де болар, облыс басшысының әрекеті әлдеқайда ауқымдырақ қой!
Бұл жерде әңгіме, тіпті, оның Қарағанда өңірінің басшысы болып тұрған кезінде шахтерлер қаласында үйлердің аулалары мен гүлзарларына ұмыт болған үй салу (ең болмағанда, Ленин көшесінің бойына бизнес-орталығын салуға байланысты жанжалды еске алайық) әдетінің қайтадан жанданғанында, ғимараттарды салуда құрылыс нормалары мен ережелерінің ескерілмеуінде емес (Орталық әмбебап дүкенінің жанынан салынған сауда орталығының құрылысы кезіндегі ереже бұзушылық мәселелері бойынша көпшіліктің жанайқайы биліктің құлағына жетпей-ақ қойды). Бұрынғы Ботаника бағы мен серуентоғай аумағында тұрғын үйлердің екі есе күшпен салына бастағанына да көз жұмайық. Алайда, егер, тіпті, президенттің тапсырмасымен құрылған комиссияның өзі үлестес фирмаларға жер уческелерінің заңсыз беріліп, олар сол сәтте үш есе қымбат бағаға сатылғанын анықтаса, бұрынғы әкімнің нақты «істерінің» қаншалықты ауқымды болғанын ішіңіз сезетін шығар.
Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевті қылмыстық жауапқа тарту мен Қарағандының экс-әкімі Мейрам Смағұловқа қарсы қозғалған істің арасынан байланыс іздеушілердің шындықтан соншалықты алыс болмауы ғажап емес. Естеріңізге салсақ, 3-шілдеде Қарағанды облысының қаржы полициясы шахтерлер астанасының бұрынғы әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Мейрам Смағұловқа өзі үйінде жүргізілген жөндеуді ол жеке ақшасына емес, несиелік үйлерді салушы мердігер — «ЮТЭКС» ЖШС-сі қаржысы есебінен жасады деген айып тағылды, Атап айтарлығы, 5 млн. теңге жұмсалғанына қарағанда, жөндеу жақсы жасалған болу керек. Бірақ қаржы полициясы жеке фирма директорының осындай жомарттық жасауының себебі туралы хабарламады.
Бірақ «ЮТЭКС» ЖШС-сінің 2014 жылғы көктемде «Мәңгі алау» мемориалдық кешенін қайта құрылымдау бойынша өткізілген тендер жеңімпазы болғанын білгенде, көпшілік өз қорытындысын жасады. Сол кезде әу-баста төселінген қымбат табиғи тасты қарапайым тас төсеме алмастырып, ал табиғи гүлдер өсіп тұрған гүлзарға жасанды шөп қосып, жетілдіріліп, ал барельефтің өзі қара түскен боялған еді. Осындай «косметикалық жөндеуге» 65 миллион теңгенің бөлінуі көпшіліктің және қаржы полициясының күдігін тудырды! Қаржы полициясы әлі күнге дейін осы ақшаның қаншалықты тиімді пайдаланылғанын тексеріп жатыр.
Қарағандыдағы тутұғырға бөлінген қаржы сомасы да қала тұрғындарының осыған ұқсас сұрақтарын тудыруда. Биіктігі 91 метр тутұғыр мен оның алдындағы шағын алаңшаның құрылысына билік 191 миллион теңге жұмсаған!
Бұл адам сенгісіз қаржыландырылуы туралы көпшілікке мәлім болған екі нысан ғана. Ал Бауыржан Әбдішев әкім лауазымында қызметте болғанда олардың қаншамасы болды?