АҚШ Конгрессі мұрағатының материалдары бойынша қазақ әйелдерінің хиджаб кию мәселесі туралы біздің порталда жарияланған ақпарат оқырмандар арасында қызу пікірталас тудырды.
Бір пайдаланушылар хиджаб — қазақ әйелдеріне тән емес киім үлгісі десе, олардың қарсыластары АҚШ конгрессі мұрағатының материалдарына арқа сүйеп, қарама қарсы пікірді дәлелдеуге тырысып бағуда.
Осы мәселенің анық-қанығына жетіп, ғылымға негізделген жауап алу үшін біз мамандардың пікіріне жүгінуді жөн көрдік — 365 info.kz порталының сұрақтарына ҚР Мемлекеттік орталық мұражайы этнология орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Досымбек Қатран жауап береді.
— Хиджаб кию — қазақ әйелдеріне, қазақ ыздарына тән дүние емес. Соңғы уақытта түрлі әсерлердің нәтижесінде сырттан келген киім түрі. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ әйелдері балалы болғаннан кейін киетін кимешек шылауыш пен хиджабты шатастыруға болмайды. Орта Азия, әсіресе, араб елдерінен келген хиджаб деген киім қыз болсын, ұзатылайын деп жатқан қалыңдық болсын, тұрмыс құрған келіншек болсын, бала тапқан әйел болсын, жалпы әйел заты киюге міндетті киім үлгісі. Ол әйел адамды барлық жерін жауып жүруге міндеттейді. Сондықтан хиджаб қазақ қыздар, әйелдері үшін дәстүрлі киім емес. Ол соңғы уақытта кейбір адамдардың киіп, қазақ қоғамына сіңіргісі келіп жүрген киімнің сырттан келген, бөтен түрі. Хиджаб және пәрәнжі қазақ әйелдерінің киім үлгісі емес. Соңғы уақыттағы мәдени ықпалдармен болған, түрлі алмасулармен келген киім түрі болып саналады, дейді — этнограф.
Д. Қатранның айтуынша, Қазақ әйелдерінің кимешек шылаушы Исламға дейін ежелден келе жатқан бас киім түрі. Ол қазақ әйелдерінен сыртқы табиғи әсерлерден қорғау, олардың дене мүшелерінің жабық болуын қамтамасыз етіп, тіл көзден сақтау үшін дайындалған киім түрі болып табылады.
— Жалпы ұлттық киім, әсіресе, бас киім әйел адамның әлеуметтік мәртебесін, жас, жыныс ерекшелігін айқындап тұратын дүние, — дейді сөзін сабақтаған Досымбек Қатран. — Тұрмыс құрғанға дейін бөрік, тақия киіп жүрген қыздың ұзатылған кезде сәукеле киетіні белгілі. Сәукеленің үлкен ғұрыптық мәні бар екенін жұртшылық жақсы біледі. Ұзатылып, тұрмыс құрғаннан кейін де жас келіншек жаулық деп аталатын жеңіл бас киім киеді, ол әлі басын толық жаппайды. Мұның барлығы әлеуметтік кезеңдерді белгілейтін киім үлгілері. Қазақтар бас киімді әйел адамның әлеуметтік мәртебесін ажырататып, оның қоғамдағы орнын айқындайтын белгі ретінде қарастырған. Қазақи ортада әйелдердің әлеметтік мәртебесін, олардың қоғамдағы орны осындай сатылаған киім үлгілерімен белгіленген.
Ғалымның пікірі бойынша, қазақ әйелінің ұлттық киімі тек сыртқа табиғи әсерлерден қорғану үшін ғана емес, жалпы діни дүние танымға, көзқарасқа көптеген ырым-тыйымдарға байланысты болып келеді. Өйткені қазақи ортада сырт көз күштердің әсері, дәлірек айтқанда, тілсұқ деген дүние бар. Қыз баланы әдемілік пен сұлулықтың белгісіне балаған халқымыз, әйел адамдар тіл-көз тиюге жуық болады деп есептеген. Сондықтан қазақ қыздарының киімі көптеген қорғаушылық қызметтер атқарады. Мәселен, тұрмыс құрып, алғашқы баласын тапқаннан кейін әйелдер беті ғана ашық тұратын кимешек шылауыш деп аталатын киім киетін болған. Бұл бас киімнің ерекшелігі. Қыздар, бөрік сияқты жеңіл киім кигені болмаса, шашы жалпы ашық тұратын болған. Бұл енді қазақтарды түркімен, өзбек, қарақалпақ сияқты Орта Азия халықтарынан айырықшаландырып тұрған біріден бір құбылыс деуге болады.
— Ер адамдардың шалбарына келсек, олардың ұзындығы аяқтың басына дейін келіп тұратын болған, шалбардың да, сымның да ұзындығы. Соңғы кезде сырттан келген мәдени әсерлердің нәтижесінде шалбарды тобықтан жоғары, шолтитып, қысқа кию орын алып жүр, ол қазақы дәстүрге жатпайтын қылық. Қазақ шалбарлары, жалпы киімнің етек-жеңі ұзын, мол пішілген болып келеді, — деді әңгемесін тәмәмдаған Д. Қатран.
http://youtu.be/0_djNuern3o