Алматылық қаржы полициясы қызметкерлерінің Алматы облысы жол полицейін пара алғаны үшін-мыс құрықтауға жүзеге аспаған талпынысының соңы нағыз жанжалға айналды. Қазір осы қақтығысты реттеумен құқық қорғау ведомстволарының Астана деңгейінде басшылығы айналысуда.Дегенмен тексеру барысының құпия болуы жаңа қауесеттер мен күдіктер тудыруда.Десек те, дау тараптарының әрекеттеріне баға беру үшін заңға жүгінудің өзі жеткілікті.
Қақтығыс 29-шілдеде кешкісін Қарасай ауданында орын алған. Жол-патруль полициясының инспекторына осыдан бірнеше күн бұрын автомашинаны масаң күйде жүргізді деген күдікпен құрықталған ер адам келген. Ол медициналық сараптама жүргізуді күтпей, инспекторлардан қашып кеткен. Осыдан кейін оның темір тұлпары айып тұрағына тоғытылған, ал құқық бұзушылық туралы материал әкімшілік тобына өткізілген.
Шынтуайтқа келсек, осы жолы жүргізуші мәселені инспектормен өзара шешу үшін келіпті. Бірақ, өкінішке қарай, полицей оның мүмкін емес екенін айтқан. Бұдан кейін жүргізуші тағы біраз уақыт тәртіп сақшысымен келісуге үміттеніп, күмілжіп тұрады. Мазасын алған келушіден мезе болған инспектор Мұхит Абдірахымов өзінің машинасына қарай бет алғанда, оған күтпеген жерден «Лексус» автомобилімен келген белгісіз біреулер тарпа бас салған.
Егер оқиғаны көзімен көргендердің сөзіне сенсек, олар полицейді автомашинаға отырғызбақ болған, тіпті, оның басына пистолет кезеніпті. Ал инспектор қаруды қағып жібергенде, шабуылдаушылар ата бастайды. Соның салдарынан инспектор нысандық кимінің жыртылғанын және дене жарақатын былай қойғанда, қолынан оқ атыс жарақатын алған.
Алматы — Бішкек автожолының 19-километрінде орын алған осындай жүгенсіздікті тек патруль-бекет қызметінің наряды тоқтатқан. Сол кезде шабуылдаушылардың Алматы қаржы полициясының қызметкерлері екені белгілі болды. Ал пистолет кезенген адам Бауыржан Дүйсембаев екен. Олар инспектор Абдірахымовты пара алу кезінде ұстамақшы болған көрінеді. Жедел-тергеу тобы олардың автомашинасынан арнайы құрал-жабдықтар тауып, тәркілепті.
Қазіргі таңда Алматы облысы ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы Алматы қаласы экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Дүйсенбаев пен оның әріптестерінің қандай негізде бөтен аумақта жедел-іздестіру шараларын өткізгенін анықтап жатыр.
— Алматы облысының аумағында жедел-іздестіру шараларын жүргізу үшін Алматы қаласының қаржы полициясы өздерінің осы облыстағы әріптестерімен келісіп, оны ресми түрде рәсімдеп, содан кейін бірлескен әрекеттерді жүзеге асыра алады, – деп хабарлады 365info.kz тілшісіне құқық қорғау органдарындағы ақпарат көзі. – Бұл жедел-іздестіру қызметі туралы заңның талабы. Ал біздің білуімізше, оқиға орнында Алматы облысы қаржы полициясының бірде бір қызметкері болмаған. Сондай-ақ инспекторға қарсы жарақаттау қаруын пайдаланудың заңдылығы біздің қызметкерлердің сұрақтарын тудырып отыр.
Алматы облысы ІІД-сі әкімшілік полициясы басқармасындағы біздің сұқбаттасымыз ЖҚЕ бұзу туралы әкімшілік материалы қақтығыстан үш күн бұрын барлық ережеге сәйкес толтырылып, ары қарай қарау үшін өткізілгенін хабарлады.
Айтпақшы, «Время» газетіндегі әріптестеріміз қақтығысқа қатысушылардың бірі – қаржы полициясының қызметкері Бауыржан Дүйсембаевпен хабарласқан еді, бірақ ол, неге екені белгісіз, өзінің осы қақтығысқа қатысқанын үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Бұл жанжалдың немен аяқталатынын ешкім айта алмайды: барлығы тексерістің шынайы болуына байланысты. Алайда осы оқиғаға қанық адамдар тексеріс қалай аяқталса да, ол екі күштік құрылым арасындағы қарым-қатынастың шиелінісе түсуіне әкеліп соғатынын жоққа шығармайды. Сөйтіп, жақын уақытта қарапайым халықтың осы екі құрылым өкілдерінің арасындағы бұдан да шулы жаңа қақтығыстардың куәгері болуы ғажап емес.