№2-ші Атырау қалалық соты Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің Атырау қаласындағы УГ-157/11 жалпы тәртіптегі колониясында жазасын өтеп жатқан 20 жастағы Зарина Жамантаеваны Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 242 бабы (терроризм актісі бойынша көрінеу жалған хабарлау) бойынша кінәлі деп тапты.
„2014 жылғы 8-сәуірде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.37-де Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің Атырау қаласындағы УГ-157/11 жалпы тәртіптегі колониясында жазасын өтеп жатқан Зарниа Жамантаева колнонияда орналасқан «Қазтелеком» таксофоны арқылы Атырау қаласы ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығының «102» номеріне телефон шалады. Кезекші оператор жауабынан кейін, теміржол вокзалына бомба қойылғандығы туралы хабарлап, тез шығып кеткен„ — делінген Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қала бойынша дабыл қағылып, тиісті органдар қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруға көшеді. Сөйтіп, темір жол вокзалы ішкі істер органдарының қызметкерлерімен оқшауланып, жолаушылар мен персонал қауіпсіз жерге көшіріледі. Алайда жүргізілген тексеріс теміржол вокзалына ешқандай бомба қойылмағанын анықтады. Терроризм актісі туралы түскенақпараттың жалған болуы салдарынан құзырлы органдарға жалпы көлемі 139 мың 980 теңге 38 тиын сомасында залал келтірілген.
Сот Зарина Жамантаеваны Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 242 бабы (терроризм актісі бойынша көрінеу жалған хабарлау) бойынша кінәлі деп тауып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге үкім шығарды.
Баспасөз қызметінің жетекшісі Боранбай Ғалиевтің айтуынша, бұл З. Жамантаеваның алғашқы рет сотты болуы емес екен. Бұрынырақ ол ұрлық жасағаны үшін екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.