Полицияға өзін прокуратура қызметкері ретінде таныстырған белгісіз ер адамның пәтеріне заңсыз кіріп, күш қолдану арқылы мүлігін ашық ұрлағаны туралы 75 жасар әйел шағымданды, — деп хабарлайды Павлодар облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Кейуананың айтуынша, ер адам подъездге онымен бірге кіріп, көршісі есігінің қоңыруын басқан. Есікті ешкім ашпағасын ол кенеттен жәбірленушіні оның пәтеріне итеріп кіргізіп,өзін прокуратура қызметкерімін деп таныстырып, қызметтік куәлігін көрсеткен.
Алайда баса-көктеушінің өрескел әрекеттерінен секем алған жәбірленуші оның прокуратура қызметкері екеніне сенбеген, өйткені өзінің пайымдауынша, прокуратура қызметкері мұндай әрекетке бармауы керек.Ал тонаушы көргенсіздігін одан ары жалғастырып, кейуананы бетінен бірнеше рет соғып, ақша талап ете бастайды. Шошып кеткен жәбірленуші оған ақша салынған пакетті көрсеткен. Қаскүнем пакетті алып, ішін қаққанда, пакеттен бар-жоғы 500 теңге шыққан. Тонаушы ақшаны алмақшы болып еңкейгенде, кемпір подъездге жүгіріп шығып, көршінің есігін қағып, көмекке шақыра бастайды.Сол уақытта тонаушы да қаша жөнелген.
Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында оқиғаның ізін суытпай қылмыс жасады деген күдікпен қаскүнемді құрықтады. Сөйтсек, ол еш жерде жұмыс істемейтін, бұрын тонаушылық жасағаны үшін сотты болған облыс орталығының 34 жасар тұрғыны екен.
Қазіргі таңда құрықталған қаскүнем абақтыға қамалды, оның үстінен тонаушылық жасау және билік өкілінің өкілетін өз бетімен иемдену фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.