Қазақстанда қайтадан девальвация болмайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Девальвацияға қатысты ешқандай да алғышарттар жоқ екенін бүгін тағы да атап өткім келеді. Егер ресейлік рубльдің бағамына қарайтын болсаңыздар, бұл валюта жеткілікті деңгейде тұрақты. Яғни ол Ресей Банкі жоспарлаған дәлізде өз құнын сақтап тұр. Атап айтқанда, Қазақстанда да осындай жағдай қалыптасты»,- деді министр.
Сонымен қатар Е. Досаев Ресей мен Қытайдың өзара есептесуді рубльге немесе юаньге көшірудің мүмкіндігі теңгенің құнсыздануын тудыруы ықтимал деген алып қашпа сөзге байланысты түсініктеме берді.
«Біз де Қытаймен кейбір сауда-экономикалық қатынастарды юаньмен есептесуді қарастырудамыз. Себебі бұл — екіжақты сауда қатынастары болғандықтан қалыпты құбылыс. Осының аясында бүгінде бізде мультивалюталық себет пайдаланылуда. Бұл өз кезегінде валюта бағамын талқылау керек дегенді білдірмейді», — деді Е. Досаев.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы ақпанда Қазақстанда теңге бағамына түзетулер енгізілген болатын.