Қырғыз-Қытай шекарасы арқылы Кедендік одақ аумағына заңсыз тауар жеткізудің алдын алу мақсатында Ресей, Қазақстан және Беларусь Қырғызстанға қаржылай көмек көрсетпек. Қырғыз республикасының басшылығына осы қаржыға Қытаймен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен шекарадағы кедендік және шекаралық өткізу бекеттерін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет. Қазақстан 377 млн доллар сомасындағы өтеусіз көмек көрсетуге келісті. Бұл келісімді қалай бағалауға болады: желге шашылған ақша ма, әлде қызметтестікке құйылған қаржы ма? Сондай-ақ бұл қаржы қайда жұмсалады?
Осы жағдайға саясаттанушы Досым Сәтпаев түсініктеме береді:
— Егер ағымдағы экономикалық жағдайға қарасақ, Қазақстанда инвестициялар қысқарып, салық салынатын база төмендеуде. Біз шағын және орта бизнеске, өндіру кәсіпорындарына қолдау көрсету арқылы бюджетке түсімді арттыруға тырысып жатырмыз, бірақ салық салынатын база бәрі бір көтерілмеуде. Қазақстандағы бизнес-ортаны қолдауға қанша тырыссақ та, ол заңды, ашық салаға келмей отыр, «көлеңкелі» дүние өте көп. Ендеше, біз мұнай бағасының жоғары болуы есебінен күн көріп отырмыз. Мәселен, Иракта белгілі жағдайлар орын алып, мұнайдың бағасы артты. Ол біз үшін жақсы. Біздің бюджетте бір барельдің бағасы 90 доллар көлемінде белгіленген, ал қазіргі баға 100 доллардан асады. Соның арқасында біз кіріс алып отырмыз, бірақ сол кіріс қайда кетіп жатыр? Ұлттық қорға. Қазір онда 77 млрд долл. жинақталған. Бірақ 77 млрд. доллар дегеніміз не!? Егер ұзақ мерзімдік елеулі қаржы дағдарысы болса, біз бұл қаржыны 3 жылда жұтып қоямыз. Яғни, бізде ақша бар, бірақ біз оны тиімді пайдалана алмай отырмыз. Мен Қазақстан Қытай сияқты несие беруі керек деп санаймын: «мен ақша беремін, бірақ сіз осы жобаны жүзеге асыру үшін ол ақшаға менің өнімімді сатып аласыз». Шартты түрде алсақ, ол былай жүзеге асады – асфальт, бетон, техника. Шын мәнінде, ақша бізге қайта оралады. Ал несие алушылар бізге несиені пайдаланғаны үшін пайыз төлейді.
— Бірақ Қырғызстан осы көмектің арқасында, мүмкін, тезірек көтеріліп кетер?
— Саяси тұрақтылықсыз экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Мен саясаттанушы ретінде, қырғыздарға қайран қалам. Олар Орталық Азияда алғашқы болып президенттік-парламенттік республиканы байқап көрді. Артынан оны парламенттік республикаға өзгертті. Қырғызстанның басындағы бар пәле, олардың саяси эксперименттермен әуестеніп, экономикалық жүйеге назар аудармауында. Ал экономикалық реформаларды жүзеге асырмай, мемлекет өзін өзі асырауға көше алмайды. Мұндай жағдайда олар тек ақша сұрап қана қоймай, сонымен қатар бір нәрсе өндіріп, КО мен ЕАЭО-ның басқа қатысушыларына пайда әкелетін ойыншыға айнала алмайды. Сондықтан мәселе Қырғызстан басшылығының экономика және басқа салаларда жүйелі және терең реформаларды жүзеге асыруға қаншалықты дайын екендігінде. Ақша алу оңай. Кезінде Бакиев пен оның ұлы Ресейден 300 млн долл. алды? Сол ақша қайда? Қазір Бакиев те, оның ұлы да жоқ. Ал бұл Қырғызстан қайта сұрап отырған сомаға пара пар.
Міне, біз ақшаны бердік, мейлі, ол өтеусіз көмек болсын. Бірақ біз, қалай болса да, ол ақшаның қайда жұмсалғанын білуге құқықтымыз. Әдетте, ақша бір мақсатқа жұмсалады. Қырғыздар бізге қандай да бір жол картасын ұсыну керек еді. Оның барлығы қайда? Ол ақпарат қайда? Ешқандай ақпарат жоқ!
— Қырғыздар суға ерекше қарайды, бірнеше жыл бұрын олар бізге су сатып алуды ұсынған болатын.Сол кезде бұл мемлекет басшысының ашуын тудырды. Сол қайталануы мүмкін бе?
— Қырғыздар үшін су мұнай іспетті. Олар «қазақтар өзбектерден газ сатып алсады, бізден неге су сатып алмайды» деп ойлайды? Ал 15-20 жылдан кейін Қазақстан су тапшылығын сезе бастайды, әсіресе, еліміздің оңтүстігінде. Сол кезде келесі мәселе туындайды: өздерінде судың орасан зор қорын жинақтаған Қырғызстан және Тәжістанмен арадағы су қатынасын қалай реттейміз. Ал шығысымызда біздің су қорын Қытай елеулі шектеп отыр. Осы мәселені біз қалай шешеміз?Қалай болса да, асығы алшысынан түсіп тұрған қырғыздармен келісуге тура келеді…
Мүмкін, осы 377 млн долларды келешекте туындайтын су мәселесін шешуге құйылған инвестиция деп есептеу керек шығар, алайда ол жөнінде нақты келісім жоқ. Тым болмағанда, ашық ақпарат көздерінде.