Жамбыл облысының тәртіп сақшылары «Көкнәр -2014» жедел-іздестіру шараларының аясында бір күннің ішінде екі наша жинаушыны құрықтап, олардан екі тоннаға жуық «кептірілмеген марихуана» тәркіледі.
Алғашқы наша жинаушы полиция қызметкерлерінің құрығына Қордай ауданы Қайнар ауылы маңындағы ойпатта ілініпті. Бұрын сотты болған Алматы қаласының 37-жасар тұрғыны біраз жабайы қарасораны шауып үлгерген, одан полиция қызметкерлері 1 тонна 7 килограмм «кептірілмеген марихуана» тәркіледі.
Мерке ауданының құмды аймағында Жамбыл облысы ішкі істер департаменті арнайы «Дельта-долина» бөлімшесінің қызметкерлері аудандық ішкі істер органдары бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп, бұрын сотты болған Тараз қаласының 26-жасар тұрғынын құрықтаған.
Оның орын тепкен орнынан полицейлер 940 килограмм «кептірілмеген марихуана» тауып, тәркілепті. Наша дайындаушының айтуынша, ол есірткіні сатуға емес өзі пайдалану үшін дайындаған көрінеді.
«Қазіргі таңда осы екі фатк бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 259 бабының 1-тармағы бойынша (аса ірі көлемде есірткі затын заңсыз сақтау) бойынша қылмыстық іс қозғалып, құрықталғандар уақытша қамау абақтысына қамалып, тергеу амалдары жалғасуда», — дейді облыстық ІІД-і баспасөз қызметінің жетекші маманы Гульчехра Зияутдинова.