Түз тағысы — қасқырлар ақмолалықтардың есін алып болды. Тіпті қорадағы жылқы мен қойға дейін жыртқыштардың жемтігіне айналуда. Әсіресе, Зеренді және Бурабай өңірлерінде өріп кетіпті, деп хабарлайды «Мұнара» сайты.
Ауыл-ауылды торуылдап жүрген аш қасқырлар өткен апталарда Зеренді ауданына қарасты Молодежное ауылының екі үйір жылқысына шауыпты. 20-ға жуық жылқысы ит-құсқа жем болған халық қатты алаңдаулы.
Қолдарында мылтығы бар бірнеше аңшы күні-түні атқа қонып қасқырларды ұстауға әрекеттенгенімен әзірге нәтиже жоқ. Ақмола облыстық және аудандық санитарлық эпидемологиялық станция мамандары қасқырлардың құтырма ауруына шалдыққан болуы мүмкін деген болжамдарын айтуда. Қазір екі бірдей ауданның жылқысы бар тұрғындары кезекпен үйірдегі жылқыларын күзетуге шығатын болыпты.
— Жылқышылар күні-түні үйірдің басында. Осы наурыз және сәуір айларында қасқырлар пайда болған. Бүгінге дейін тек екі айдың ішінде 20 жылқымызды қасқыр жеп кетті. Қалың ормандарда қасқырды ұстау да қиын соғып тұр. Әрі, құжатты аңшылардан басқа жергілікті аңшыларға рұқсат берілмей отыр, — дейді Ақкөл ауылдық округының әкімі Темірғали Секенов.