Жалғызбасты, бейшара және жұмыссыз – Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі суррогаттық ананың келбетін осылай сипаттайды. Ал бөтен біреуге бала көтеру – жақсы ақы төленетін жұмыс.
Еуропа елдерінің көпшілігінде тыйым салынған суррогаттық ана болу бизнесі Қазақстанда кеңінен қанат жаюда. Әйелдер өз жатырын бөтен балаларды көтеруге беруге дайын. Әрине, тегін емес. Бір баланы тауып беру 10 000 доллардан 22 000 долларға дейін тұрады. «Ананың» айлық еңбекақысы 40 мыңнан 80 мың теңгеге дейін. Бұған дәрі-дәрмекті, азық-түлікті және киім-кешекті қосыңыз.
Баланы тауып бергеннен кейін әйелмен не болатынын ешкім білмейді. Республикада бала туғаннан кейін суррогаттық ананың жағдайын қадағалайтын бірде бір медициналық мекеме жоқ. Ал бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендер өзінің денсаулығы туралы медициналық қорытынды тапсыруға міндетті. Денсаулық сақтау министрлігі шенеуніктерінің айтуынша, ол құжатты құрамына еңбек және әлеуметтік қорғау органдарының өкілі кіретін дәрігерлік комиссия береді екен. Алайда «Болашақ» суррогаттық аналық орталығының мәліметтері бойынша, ондай анықтамаларды ЭКО орталықтарында ешқандай комиссиясыз беретін көрінеді.
Не десеңіз де, сандар мен деректер «бала көтеру» бизнесінің танымал болып бара жатқанын көрсетеді. Бұл жаман емес. Дегенмен дәрігерелер «тапсырыс берушілерді» сақ болу қажеттігі жөнінде ескертеді:
Джейран ДАНАЕВА ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Заңгерлік қызмет департаментінің директоры:
— Ананың психологиялық ахуалы балаға елеулі әсер етеді. Екіқабат әйелдің басынан өткерген оқиғалары сәби ер жеткенде оның түйсігінің және психикалық ахуалының қалыптасуына әсер етеді. Бүгінде ақшаға қызыққан кейбір әйелдердің суррогаттық ана қызметін ұсынғанда өзінің денсаулығы туралы жалған мәлімет беретіні белгілі. Оларға ең бастысы материалдық ынталандыру. Сондықтан суррогаттық ананы мұқият таңдап, олардың денсаулығы бала көтеру кезінде сыр бермеуіне көңіл бөлген жөн. Сондай-ақ көп рет босанған әйелдерді бағдарламаға қатыстырмаған дұрыс, өйткені бұл ана қазасы қауіпін арттырады.