Мамандардың бағалауы бойынша, екі миллион гектарды құрайтын Шу алқабының 145 мың гектары есірткі бизнесі серкелері арасында өте танымал жабайы табиғи қарасора өсетін шектеулі аумақ екен. Мамандардың есептеуіне қарағанда, мұнда жыл сайын 24 мың тоннаға жуық қарасора өсіп шығады. Бұл 4 мың 600 тонна марихуана немесе 4 тонна 100 килограмм гашиш дайындауға мүмкіндік беретін көрінеді.
Күн жылынып, жаз жақындай бастағанда қазақстандық полиция, оның ішінде, Жамбыл облысының Ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізуге дайындала бастайды. Ереше, назар бұрнағы жылдардағыдай, Шу алқабына аударылады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, аталмыш алқап бұрынғыдай посткеңестік елдердегі есірткі дайындаушылар мен тасымалдаушыларды тартады. Қарасора алқабы аумағаның орасан болуына және соған байланысты қиындықтарға сәйкес қарасораның пісуі кезінде мұнда күштік құрылымдардың бірнеше бөлімшелері жұмыс істейді.
– Кейбіреулер Шу алқабы – тек қарасора қаптап өскен иен дала деп ойлайды. Кейде қарасора өсетін жерді табу үшін бірнеше жүз километр жүруге тура келеді, — дейді жағдайды түсіндірген ҚР Ішкіісмині Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комитеттің төрағасы Анатолий Выборов. – Алқаптың жалпы аумағы екі миллион гектарға жуық жерді алып жатса, соның тек 145 мың гектары марихуананың шектеулі табиғи өсунің аумағы болып табылады. Міне, сондықтан есірткі дайындаушыларды құрықтау жөніндегі кезекті операцияны өткізу үшін біздің жігіттерге кейде сол иен даланы бірнеше күн мекендеп, алқапта жатуына тура келеді. Абырой болғанда, бүгін оған қажетті заманауи заттардың бәрі бар.
Алайда, есірткі дайындаушыларды күнделікті құрықтап жатқан жедел қызметкерлердің аз емесіне қарамастан, авиацианың көмегіне жүгінбеу мүмкін емес. Мұнда тек тікұшақтарды ғана пайдаланбайды. Авиапаркте ескі болса да ұшақ бар. Жедел қызметкерлердің айтуынша, оған арнайы ұшып-қону алаңы керек емес, қажет болған жағдайда оны алқаптағы кез келген, неғұрлым тегістеу жерге қондыруға болады.
– Ол өмірлік қажеттілік, – дейді Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Шопырхан Жапабаев.– Ол біздің көзіміз бен құлағымыз. Осы ұшақпен біз үнемі алқап аумағын аралап, бақылаймыз. Жоғарыдан өзімізге келген „қонақтарды„ тауып, ол жерге жігіттерді жіберу әлдеқайда жеңіл. Ұшқыштарға ұшу алаңы да қажет емес. Олар құмда оп-оңай ұшып-қонып жүре береді. Сынақтан өткен, өте жақсы машина.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, есірткі дайындаушыларға қарсы күрес жылдан жылға қиындап барады. Өздерін әуеден бақылайтынын біліп алған олар, енді бұрынғыдай палатка құрып, ашық далада жатпайды, жасырынудың неше түрлі амалдарын табуда.
Ондай жасырын апандар жасау соншалықты қиын емес екен. Полицейлер олардың бірін бізге көрсетті де. Дөңнің бөктерінде екі ересек адам сыятын ор қазылған. Жерге көрпе төселіп, жанына газ плитасы, азық-түлік қойылыпты, ар жағында су толтырылған бес литрлік пластик құтылар және шағын сапер күрегі мен ай сияқты иілген орақ жатыр. Бұл жерде есірткі дайындаушылар дем алады және жасырынады. Негізінен олар түнде жұмыс істейді. Күндіз ыстықтан және кез келген уақытта келіп қалуы мүмкін полицейлерден тығылады.
– Ұшақтан немесе тікұшақтан мұндай бұқпайланған баспананы көре қою оңай емес, – дейді әңгімесін жалғастырған полковник Жапабаев. – Ол жалпы көріністен бөлектенбейді. Әдетте, дайындаушылапр осылай жұмыс істейді. Бір жерде бірнеше күн болып, сораны орып, кепитіріп, қаптарға салады. Содан кейін ор қазып, құмға көміп тастайды. Осылай даындалған қарасораны олар күзге қарай әкетеді. Көп ретте поездармен, оның ішінде, жүк тасыйтындарымен. Жақын маңнан темір жол тарауы өтеді. Есірткі тасымалдаушылар өзінің тауарын тиеп үлгіру үшін рельстің түйісу нүктелерін темір тілімшесімен жалғап, бағдаршамды тұйықтайды. Қызыл шам жанған соң, тепловоз машинисі не болғанын анықтағанша, қаскүнем заттарын поездға тиеп, өзі де мініп үлгіреді. Автомашиналармен де тасымалдайды. Оның да өз қулықтары бар. Бекеттегі қызметтік иттер есірткінің иісін сезіп қоймас үшін өзіндік технология ойлап тапқан. Сөйтіп, дайын есірткіні қаптарға салады да, оны жабысқақ таспамен (скотч) мықтап орап, оған иттің немесе өсімдік майын жағып, қайтадан скотчпен орап, қытайлық қаптарға салады. Аттарға тиеп, Қарағанды облысына шығарады да сол жақта машиналарға тиейді. Машинаның артқы панеліндегі дыбыс шығаратын колонканың ішіне тығып өтпекші болғндарды да құрықтадық. Ол кезде біз екі жарым килограмм гашиш тәркіледік. Бірде, тіпті, есірткіні телевизор кинескопына тыққандар да болды.
Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен заңсыз айналымнан 30 тоннаға жуық есірткі заттары тәркіленеді, олардың басым көпшілігі каннабис тобындағылар. Алайда қанша есірткі зат тәркіленгеніне қарамастан, есірткі бизнесінің пысықайларын қатаң жазаға тарту әркез мүмкін бола бермейді. Марихуананы өзіне дайындағанын айтса болды, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, сотты болады. Тек сату дәлелденген жағдайда, 25 жылға сотталуы мүмкін.
Бұрын ішкі істер министрлігінде қызмет еткен алматылық Шу алқабындағы бүкіл қарасораны жойып, босаған алқапқа күріш өсіруді ұсынады. Оның есептеулері бойынша, қырсықты гектарларды есірткілік шөптерден қарапайым әдіспен тазартуға болады екен. Өзінің саяжайындағыбірнеше жылғы зерттеулерден кейін жаңалық иесі осындай тұжырымға келіпті. Атап айтарлығы, бұл мемлекетті шығынға ұрындырмайды, тіпті, табысты болуы мүмкін — ауылдық жердің тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады.
Егер өзінің бастамасын мемлекеттік құрылымдар қолдаса, кезекті сынақ-тәжірибелерді жаңалық ашушы азамат жақын жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология факультетінің ғалымдарымен бірге он гектарға жуық алқапта жүзеге асырмақшы. Министерліктер мен ведомстволар оған қарсы емес, бірақ, әзірше, тек қағаз жүзінде.
Ал өз теориясын тәжірибеде тексеріп көрмекші болған жаңалық авторы өзінің саяжайында бірнеше сынақ өткізіпті. Бірақ ол қарасораны емес, қалақайды жойған, алайда автор бұл соншалықты маңызды емес дейді. Кез келген өсімдік – өзек. Мұндай әдіспен кез келген шөпті құртуға болады.
– Мен өз саяжайымда үште үш алаңқайда арам шөп пен қалақайды жою бойынша сынақ өткіздім, – дейді әңгімесін сабақтаған жаңалық иесі. – 27 күннен кейін нәтижені тексергенімде қалақай мен арам шөптердің жойылғанын көрдім. Олардың тамырлары „күйіп„ кеткен.
Арам шөпті жою әдісі соншалықты күрделі емес. Сөйтсек, әйгілі Шу алқабындағы қарасораны жою үшін бар болғаны құстың қиы қажет екен.
– Бұл әдістің мәні мынада, – дейді ғалым. – Жабайы қарасора өсетін алқапқа біз 1000 кубометр құстың сұйық қиын төгеміз (Жамбыл облысында құс фабрикалары жеткілікті). Шөптің тамырына оттегі бармас үшін, қидың үстін майлы қабықшамен жабуға жеткілікті мөлшерде өсімдік немесе мал майының қалдықтарын төгу қажет. Содан кейін осы учаскенің беті тығыз қара полиэтилен кенеппен жабылып, оның шеттері мұқият нығыздалады. Мұны божудың күшеюі және өзектің тезірек шіруі үшін жасау қажет. Божу үдерісі барысындағы 7–8 күн ішінде қарасора тамырының жүйесі мен тұқымдарының жасушалары өмір сүру қабілетінен айырылып, өледі.
Дегенмен ғалым көп жыл ішінде құртудың талай қыспағын бастан өткеріп, түрлі уытқа „бейімделген„ қарасораның құстың қиына да төтеп беруі мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сондықтан қарасора тұқымының „аман қалған„ өскіндеріне қарсы жалпы жою әсеріндегі гербицидті (глифос) пайдалануды ұсынады.
Жаңалық иесінің айтуынша, кері әсер болуы да ғажап емес екен. Оның пікірі бойынша, топыраққа енгізілетін биохимиялық концентраттың нормасы сақталмаса, қарасора алқабының бірнеше есе өсіп кетуі мүмкін. Ал жүйкені қоздыратын заттар құрамы — каннабис шайыры — өсімдіктің гүлдері мен жапырақтарында үш есе артады. Ол аз болғандай, ғылымға белгісіз мутацияға ұшыраған жасушалар (клеткалар) пайда болуы мүмкін.
– Әрине, қауіп, тәуекел бар. Бірақ ол соншалықты үлкен емес, – дейді жобаның авторы. – Ойлап қараңызшы, есесіне, ол қандай экономикалық тиімділік береді! Мәселен, 140 гектар алқапқа күріш өсіруге болады. Орташа өнімділік әр гектардан 10 тоннадан болса, ал күріштің бір тоннасының нарықтағы бағасы 500 АҚШ доллары тұратынын ескерсек, жыл сайынғы кіріс 700 миллион долларды құрайды!
Ақша өлшеміндегі қорытынды цифрлардың таң қалдырмауы мүмкін емес. Алайда, соған қарамастан, министрліктер мен ведомстволар осы инновациялық жобаға сақтықпен қарайды. Мәселен, ҚР Ішкіісминінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комитетінен: «… Егер Сіздер құзыретті органдардан тиісті грант алсаңыздар, біз жұмыс тобына жабайы өскен қарасораны жою жөніндегі сынақтарды жүргізуге қолдау көсетуге дайынбыз» деген жауап келген.
Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы да қолдау көрсетіп отыр: «Жалпы, біз құрамында есірткі заттар бар өсімдіктерді жою саласындағы Сіздің бастамаңызды қолдаймыз. Алайда дәл осы жерде: «Егер биохимиялық концентраттың топыраққа енгізілетін нормасы сақталмаған жағдайда, құрамында есірткі бар қарасора алқабының аумағы үш есе артуы мүмкін…» және «… бұл, біздің пікіріміз бойынша, көпшілік арасында нашақорлықтың артуына әкеліп соғуы мүмкін» деген ескертулер жасайды.
Әр жылдары Шу қарасорасын жоюдың түрлі жолдары мен әдістері ұсынылған еді. Ол жерге қарулы күзет қою, тоқыма өнімдерін шығару, жабайы қарасорадан дәрі-дәрмек және май өндіру, оны малға таптату немесе құрамында есірткі заттары жоқ өсімдіктерді өсіру ұсынылған болатын. Өртеу, гербицидтермен өңдеу сияқты әдістер де тиісті нәтиже бермеді. Мәселені ғалымдар ұсынған айлалы, нәтиже беруге тиіс-ау деген, пәрменді әдістер де шеше алмады.
Сондай ұсыныстардың бірі ауыл шаруашылығына қатысты болатын. Оның мәні қарасора алқабына Сосновицкийдің балдырғанын (борщевик) егуде еді. Оны егу жөніндегі барлық операцияларды екі жыл ішінде жүргізу ұсынылды. Үшінші жылы, жоба авторларының пікірі бойынша, балдырған қарасораны жойып, ал оның өзінен биоотын және қант өнімдерін өндіру белгіленген-ді. Бірақ ол да іске аспады.
Осыған ұқсас тағы бір әдіс ұсынылған болатын. Ерте көктемде шөлейт жерлерге арпа және софлор сияқты біржылдық жемшөптік дақылдар егілді. Бұл шөптер қуаңшылыққа жақсы төтеп беріп, арам шөптерді ығыстыруға қабілетті. Олар қарасораны да ығыстырды. Бірінші жылы арпа мен софлор егілген жерге, бұрнағы жылдарға қарағанда, қарасора 3000 есе аз шықты. Екінші жылы софлор мен арпа егілген бақылаулы алқапқа қарасора көбірек шықты, әрі бойы биіктеу болды. Зерттеушілер оны былтырғы жер қабатын жыртқанда жер бетінде қарасораның тұқымдары көбірек қалған деп түсіндірді. Бұл сұраққа үшінші жылғы сынақ жауап беру керек еді, бірақ біздің ғалымдар тәжірибені жалғастырмай, әдеттегідей, софлор мен арпа жабайы қарасораны тиімді ығыстырады және азуға ұшыраған жерлер мен жайылымдарды қалпына келтіреді, деп жариялауға асықты.
XIX ғасырдың соңында түркістандық генерал-губернатор Колпаковский құмның жайылуын тоқтату үшін үнді қарасорасының алғашқы тұқымдарын әкеліп, еккен деген пікір бар. Басқа жорамал бойынша, қарасора Кеңес Одағы дүниеге келген кезде Сібірден әкелінген көрінеді. Өсімдікті өндірістік мақсатта пайдалану жоспарланған-мыс, бұған Қазақстанның климат лайықты болған екен. Дегенмен, көпшілігі қарасора Шу алқабында ежелден өскен өсімдік, деп болжайды.