Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетованың хабарлауынша, Маңғыстау облысында бірқатар жобалардың жүзеге асырылуына байланысты өңірде жұмыс істейтін ресейлік және белоруссиялық мамандардың саны 1 мыңнан 2 мың адамға дейін көбейеді.
Қазір біздің Маңғыстау облысымыздың аумағында жұмыс күші ретінде Ресей мен Беларусьтің мыңға жуық азаматы жүр. Егер біз жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобалар жайында айтар болсақ, ол өндірістерде жұмыс істеуге тағы мыңға жуық маман тартылады, – деген әкім орынбасарының сөзін келтіреді КазТАГ.
Әкім орынбасарының айтуынша, ол жұмысшылардың дені жоғары білікті мамандар болады.
Шолпан Ілмұханбетова қазір бірқатар ресейлік компаниялармен «Ақтау Теңіз порты» Арнайы экономикалық аймағында машина құрастыратын өндіріс орындарын ашу жайында келіссөздер жүргізіліп отырғанын атап өтті.