Рахат Әлиевтің өкілі Манфред Айнедтер мырзаның айтуынша, бұрынғы елші билікке өз еркімен беріліп, тергеу барысында ықпалдасуға дайын, деп хабарлайды L’Agence France-Presse.
Бұрын хабарланғандай, ақпанның 3-і күні ҚР сенаты аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысы бар деп айыпталып, қатаң тәртіптегі колонияда 13 жылға бас бостандығынан айырылған, әрі дүние-мүлкі тәркіленген болатын. Жазасын өтеу мерзімі 2006 жылдың 22 ақпанынан бастап саналады.
Еске салсақ, 2006 жылдың 13 ақпанында, 11 сағат 40 минутта Алматы облысының Талғар ауданындағы «Көктөбе» және «12 бригада» елдімекендерінің ортасындағы қара жолдың шетінде Алтынбек Сәрсенбайұлы, оның жүргізушісі Василий Журавлев және күзетшісі Бауыржан Байбосынның оқ тиген өлі денелері табылған болатын.
25 ақпанда Қазақстан сенаты аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаевтың тұтқындалғаны туралы хабар таратылды. 2 наурызда Ержан Өтембаев Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіргенін мойындады.
Қатарынан үш адамды өлтіруге тапсырыс берген басты күдікті ретінде Ержан Өтембаев сот үкімімен 20 жылға сотталды. Қылмысты орындаушы Рустам Ибрагимовке ең қатал жаза берілді. Бірақ Қазақстанда ату жазасына мораторий жарияланғанына байланысты үкім орындалған жоқ. Осы қылмыстық іс бойынша айыпталған Ұлттық қауіпсіздік қызметінің арнайы «Арыстан» бөлімшесінің бірқатар сарбаздары ұзақ мерзімдерге бас бостандықтарынан айырылды.
2013 жылдың 20 желтоқсанында ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге шын мәнінде тапсырыс бергендер Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев екенін хабарлады.
– АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы осы іс бойынша тергеуге тікелей қатысқан болатын. Тергеу барысында қайта ашылған мәліметтер толықтай расталды. 2006 жылы Рустам Ибрагимовтің полиграфологиялық зерттеу мен АҚШ Федералдық тергеу бюросы агенттерімен болған сұхбаттан кейін кісі өлтіруге шын мәнінде тапсырыс берген Рахат Әлиев екенін айтқаны анықталды, – деді ол баспасөз мәслихатында.