Іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері осы қылмысты ұйымдастырушы мен төрт орындаушынықұрықтаған. Әзірге қылмыс себебі белгісіз, тәртіп сақшылары оны тергеу барысында анықтайды.
Естеріңізге салсақ, аталмыш қылмыс 18-мамырда орын алған болатын. Медициналық бетперде киген екі қаскүнем Торайғыров көшесіндегі үйдің 9-қабатындағы дәлізде «Ертіс» футбол клубының бас директоры Ғалымжан Ержанов пен техникалық директор Болат Ысқақовты темір шоқпармен соққыға жыққан еді. Нәтижесінде, Болат Ысқақов ауруханаға жеткізіліп, оған жедел түрде ота жасалған болатын.
— Біздің қызметкерлер осы қылмысты ұйымдастырушы мен орындаушыларды анықтап, құрықтады. Олар 28-30 жас шамасындағы төрт қаскүнем. Барлығы жергілікті тұрғындар. Қазір олар Павлодар қалалық ІІБ-ның уақытша қмау абақтысында қамауда. Аталмыш қылмысты ашу, әжептеуір қиындық тудырды. Өйткені басбұзарлар медициналық бетперде киген еді. Сондай-ақ күдіктілер мінген көлік те анықталып, тәркіленді, – деп хабарлады Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің бастығыСұлтан Құсетов.
Қылмыстың себебі анықталмағанына қарамастан, полицейлер бұл қылмысқа павлодарлық «Ертіс» футбол командасының семейлік «Спартакты» ірі есепен тізе бүктіруі түрткі болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл кездесу клуб директоры соққыға жығылған күні, яғни, 18-мамырда өтіп 5:0 есебімен аяқталған еді.