«Gulnar Tour» компаниясы чартерлік рейске билет сатқан. Алайда жолаушыларды демалыс орнына аттандыруға ұшақ жоқ. Сондықтан рейстің жолдамада белгіленген уақыты өзгерді, деп хабарлады «Хабар» телеарнасы.
Басқа саяхатшылар керісінше елге жете алмай, әбден әбігерге түскен. Екінші күн қазақстандықтар әуежайдың конақ үйлерінде түнеуге мәжбүр.
— Біздің көңіл-күйіміз нашар. Өйткені алдында демалыс 10 күнге жоспарлағанбыз, енді ол 3 күнге қысқарып қалды. Ал ақшасын бізге тек 1 күнге қайтарып береді, — дейді турист Валерий Федосов.
— Үш тәулік бойы бізге еш жағдай жасалмады. «Gulnar Тour» бізге өте нашар конақ үйді ұсынды. Жейтін тамағымыз болмады. Бұл өте сәтсіз демалыс болды деп айтар едім. Мұны ешқашан ұмытпаймыз, —дейді тағы бір турист Елена Феденева.
Турфирма өкілдері бүгіннен қалмай мәселе шешіледі деп сендірді және барлық саяхатшылардың шығынын өтейміз деп отыр. Ал чартерлік рейстердің кешіктірілуін ауа райы келеңсіздігінен туындаған себептермен түсіндірді.
— Біз келіскен Jet Airlines компаниясының ұшағы қиын ауа-райы жағдайына тап болды, ол бұршақтың астында қалды. Сондықтан аздаған жөндеу жұмыстары қажет болды. Содан кейін ұшақ жолаушылар тасымалдау үшін рұқсат алу мақсатында тексерістен өткізілді. Ол біраз уақытты алды,— деді «Gulnar Tour» компаниясы бас директорының орынбасары Анна Исмаилова.