9,8 млн қазақстандықтардың есеп-шоттарында 4,099 трлн теңге болса, жаңа компонент болып табылатын міндетті кәсіби зейнетақы жарналары бойынша тағы 6,2 млрд теңге жинақталған.
Зейнетақы активтерін бір мемлекеттік қорға жинақтау басталғаннан бері 5 ай өтіп, негізгі жұмыс аяқталып қалды.
– Қазіргі таңда оның екінші кезеңі — БЖЗҚ-ға қағаз және электрондық нұсқадағы жеке зейнетақы қорлары бойынша тарихи ақпаратты беру аяқталуға жақын, – деп хабарлады «БЖЗҚ» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Руслан Ерденаев. – Бұл үдеріс жақын күндері аяқталады.
Жалпы, барлық зейнетақы қорларындағы салымшыларының жеке зейнетақы есеп-шоттары енді мемлекеттік БЖЗҚ-ға жинақталған. Зейнетақы активтерін басқаруды қолданыстағы заңдылыққа сәйкес ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. Енді қай салаға инвестиция құюдың тиімді болатынын тек еліміздің бас банкі шешеді.
«Пікірталас клубындағы» журналистермен кездесуде БЖЗҚ-ның басшылығы хабарлағандай, зейнетақы активтері биыл ғана берілген соңғы 5 ЖЗҚ-ның («Астана», «НефтеГаз-Дем», «Грантум», «ҰларҮміт», Қазақстанның Халық банкі) салымшылары жақын арада өздерінің зейнетақы қорланымдарының ахуалы туралы ақпаратты алады.
2014 жылғы 1-қаңтардан бастап зейнетақы жарналарының жаңа түрі – міндетті кәсіби жарналар пайда болды. Бұл зейнетақы жарнасын төлеуші — жұмыс беруші болып табылады, ол кәсіпорынның өз қаржысы есебінен БЖЗҚ-ға қосымша жарна – жұмыскердің ай сайынғы табысының 5% аударуға міндетті. Бұл жерде, құжаттамалық қамтамасыз ету және аймақтық желіні басқару департаментінің директоры Талап Қабденовтың айтуынша, барлығы бақылауға алынған:
– Елімізде қанша кәсіпорын жұмыс істейтіні туралы нақты мәлімет жоқ. Бізде тек 7 мың адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, – дейді Талап Қабденов.
Бүгінгі таңда тек 2,5 мың кәсіпорын БЖЗҚ-мен келісімге отырған. Дегенмен бұл цифр күнделікті өзгеруде. Бүгінде Еңбек министрлігі мен салық комитеттері кәсіпорындардың міндетті кәсіби жарналарды аудару бойынша келісімдерге отыруын тексеруде.
Танылмаған деп аталған зейнетақы есеп-шоттарына келсек, қазіргі таңда олардың барлығы дерлік танылды. Бар-жоғы ондай 600 мың есеп-шот қалды, олардағы қаржы мардымсыз – 5-10 мың теңге, тіпті кейбіреуінде 1 тиын ғана бар.
– Иесі жоқ есеп-шоттар жоқ, – дейді Талап Қабденов. – Бір айда біз 1 мыңға жуық есеп-шот өңдейміз, қазір 28 мың қос есеп-шот анықталды. Қалғадарымен жұмыс істеп жатырмыз.