Террористердің шабуылына тап болған Пәкістанның Карачи қаласындағы халықаралық әуежай аумағы содырлардан азат етілді, шабуыл жасағандардың барлығы өлтірілді, деп хабарлайды Интерфакс.
Қаза тапқан 10 адамның арасында — әуежайдың тоғыз күзетшісі мен екі бейбіт тұрғын бар, делінеді хабарламада. Туысқандары тану үшін олардың денелері ауруханаға жеткізілді.
Бұрын хабарланғандай, дүйсенбі күні таңертең арнайы жасақ пен әскери бөлімшелер әуежайды содырлардан тазартты.
«Әуежай аумағы азат етілді. Ұшақтарға зақым келген жоқ», – деді журналистерге Пәкістан әскери басшылығының өкілі Асим Баджва.
Операция барысында екі ұшаққа зақым келгені туралы ақпарат келіп түскен болатын.
Әуежай аумағындағы атыс барысында қуатты үш жарылыс болған. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол жарылыстардың бірі — өзін ажалға қиған террористің «шахид белбеуі» болуы мүмкін.
Терминал мен ұшақтарда болған барлық жолаушылар қауіпсіз жерге көшірілді, олардың ешқайсысы жапа шеккен жоқ, деп атап көрсетіледі хабарламаларда.
Жексенбі күні, шамамен сағат 23:00-де автоматты қарумен және гранатометтермен қаруланған содырлар екі бағыттан әуәжайдың қажылыққа баратын жолаушыларға қызмет көрсететін терминалына шабуыл жасаған. Алдын-ала алынған мәліметтерге қарағанда, содырлардың мақсаты авиалайнерді иелену болған көрінеді.
Әзірге, Пәкістан аумағында әрекет ететін содырлар ұйымының ешқайсысы бұл шабуыл бойынша жауапкершілікті мойнына алған жоқ.