Алматы облысының полицейлері жылжымалы фоторадарлық кешендердің көмегімен облыс жолдарындағы және елді мекедеріндегі жылдамдық тәртібін бақылауға алуды көздеп отыр.
— Қазіргі таңда Алматы облысы ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы жол полициясының қызметін жетілдіру мақсатында 19 «КРИС»П жылжымалы фоторадарлық кешенімен қамтамасыз етілді, -дейді Алматы облысы ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы басқармасы автоматтандыру және электрондық қызмет көрсету бөлімінің инспекторы Тимур Сұлтанов. — «КРИС»П жылжымалы фоторадарлық кешендерінің басқа қондырғылардан өзіндік ерекшеліктері бар. Ол жолда келе жатқан көліктің жылдамдығын, осы көлік жүргізушілерінің басқа құқық бұзушылықтарының бар-жоғын автоматты түрде анықтайды.
Бұл кешеннің басқа қондырғылардан артықшылықтары көзге ұрып тұр. Біріншіден, енді инспектор қанша тырысса да кешенге түскен ақпаратты өшіре алмайды. Екіншіден, полиция қызметкерінің басты мақсаты — тек құралды бақылау: олардың жүргізушіні тоқтатуға құқығы жоқ, тәртіп сақшысының міндеті — жүргізушілер арасында «сүйінші» аталып кеткен айыппұл салу туралы хатты жолдау.
Алматы облысының ішкі істер департаментінде осындай 19 фоторадарлық кешен бір апта бұрын ғана жұмыс істей бастады. Осындай қысқа мерзімде жүргізушілер оларға бейімделіп үлгермеген сияқты. Сондықтан да болар алғашқы жеті күннің нәтижесі күткеннен асып түсті.
Сөйтіп, бір апта ішінде Алматы облысының оңтүстік өңірінде осындай 9 кешен жүргізушілер тарапынан жылдамдық тәртібін бұзудың 2589 фактісін анықтаған. Айыппұлдың ең төменгі мөлшері 18 мың 500 теңге екенін ескерсек, қазірдің өзінде жол қозғалысы ережесін бұзушылар мемлекеттік қазынаға 48 миллион теңгеге жуық қаржын төлеуге міндетті.
Сонымен, аталмыш қондырғылар жол-патруль қызметі полициясының жұмысын жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар облыс бюджетін толықтыруға қомақты үлес қосады деуге толық негіз бар. Мәселен, құралды пайдалану кезінде адами факторға мүлдем жол берілмейді. Яғни, жол полициясының инспекторы жүргізушімен тікелей қарым-қатынасқа түспейді. Атап айтарлығы, енді тәртіп сақшылары фоторадарлық кешеннің жұмысына араласа алмайды. Жол шетіне орнатылған қондырғы жол-қозғалысы ережесін бұзу жөніндегі ақпаратты автоматты фото-, бейнежазба түрінде тіркейді, өңдейді және жинақтаушы флеш-картаның көмегімен радио арна арқылы Ақпаратты өңдеу орталығына жібереді.
Атап айтарлығы кешенге басқа флеш-карта орнатуға болмайды, онда радар жұмыс істемейді. Күнделікті қолданыстағы компьютер арқылы кешендегі ақпаратқа қосылу мүмкін емес. Ол аз десеңіз, кешеннің жадындағы ақпарат арнайы цифрлық кодпен қорғалған, яғни кешенденгі ақпаратты тек облыс орталығы Талдықорған қаласындағы ақпаратты өңдеу орталығында оқуға болады. Тағы бір артықшылық, аталмыш кешен тәуліктің кез-келген кезінде, яғни, күндіз де, түнде де жұмыс істеуге қабілетті.
— Бұл кең ауқымды қызмет көрсететін құрал, — дейді әңгімесін сабақтаған Тимур Сұлтанов. — Ол сондай-ақ басқа жол белгілері бойынша да жұмыс істейді, жолды бөліп жатқан қос жолақты кесу, қозғалысқа тыйым салатын бағдаршамның қызыл түсіне өту және қауіпсіздік белбеулерін тақпау сияқты ережелерді бұзуды анықтайды. Алайда біз осы кешенмен жұмыс істеуді енді бастап жатқандықтан, әзірше, тек жылдамдық тәртібін қадағалаймыз.
Бұл қондырғылар жол апаты жиі орын алатын қауіпті учаскелерде және елді мекендерде орнатылады. Атап айтарлығы олар белгілі бір жерде тұрақты тұрмайды, үнемі орын ауыстырып отырады. Облыс полицейлері аталмыш қондырғылардың осылай жылжымалы негізде жұмыс істеуі аса жылдам жүруді ұнататын жүргізуішілерді тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді деген сенімде.
https://www.youtube.com/watch?v=vGix-2kNwzM&feature=youtu.be