Елорда күніне орайластырылған шараларға сатылған билеттерден түскен қаржы қайырымдылыққа бағытталады, деп хабарлайды astana.gov.kz.
«Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен құрылған «Бәйтерек» қайырымдылық қоры төрт жылдан бері ем-дом қабылдауды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесіп келеді. Астана күніне орай ұйымдастырылған шараларға сатылған билеттерден түскен қаржы жыл сайын қордың шотына аударылып, балаларды емдеуге жұмсалады. Әрбір елорда тұрғыны мен қонағы мерекелік шараға билет сатып алып, игі іске өз үлесін қосады және балаға сауығып кету мүмкіндігін сыйлайды», — делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда кезекті акцияға қатысуға ата-аналардан 34 өтініш келіп түсті. Ем-дом жүргізуді қажет ететін балалардың ата-аналарынан өтініштер қабылдау жалғасуда. Елорда күнін мерекелеу аяқталған соң, акция қорытындысы шығарылады.
Аталған шара әр балаға өзінің қиындықтарына немқұрайлы қарамайтын қоғамның қолдауын сезінуге мүмкіндік береді. Ұснылған мәліметтерге сәйкес, қайырымдылық қоры осы күнге дейін жиналған қаржымен 96 балаға жалпы 100 млн. теңгеден астам сомаға материалдық көмек көрсетті. Балалардың бәріне Қазақстан, Қытай, Ресей, Израиль, Германия және т.б. мемлекеттердің медициналық мекемелерінде жоғары білікті көмек көрсетіледі.