ҚР Бас прокуратурасының пікірінше, мектепте оқытылатын «Дінтану негіздері» атты пән діни сауаттылықты арттыратын жәнедіни экстремизмнің алдын алатын шара ретінде тиімсіз.
«Аталған жағдайларды есепке ала отырып, оқу курсын білім алатын жастардың діни сауатын арттыратын, олардың арасында радикалды діни идеологиялардың таралуына тосқауыл болатын тиімді тетік деп санай алмаймыз», – делінеді ҚР Бас прокуратурасының жұма күні таратқан баспасөз хабарламасында.
Мұндай қорытынды жасауға себеп болған жайттар ретінде «Дінтану негіздері»пәні оқулықтарының қазіргі күні күші жойылған «Дін ұстану еркіндігі мен діни бірлестіктер туралы» заңға сілтеме жасалатыны, дәстүрлі емес діни ағымдарға қатысты ақпараттардың тым жеткіліксіз екені, әлемдегі діни экстремизм мен терроризмнің тарихы мен себептері, мұндай құбылыстарға қарсы тұрудың түрлері жайында оқушыларға білім беретін тақырыптық тараулардың жоқтығы, т.б аталады.
Сондай-ақ, «Дінтану негіздері»курсы бойынша сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігіне қойылатын нақты талаптар әлі күнге дейін әзірленбеген, ал көптеген мектептер оқулықтармен қамтамасыз етілмеген.
«Еліміздің жекелеген өңірлерінде «Дінтану негіздері»пәні бойынша қайта дайындықтан өтпеген мұғалімдер сабақ береді. Мәселен, Ақтөбе облысы бойынша 291 педагогтың, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 120 мұғалімнің, Павлодар облысы бойынша – 55, Батыс Қазақстан облысы бойынша 16 мұғалімнің тиісті сертификаты жоқ… Көптеген орта мектептерде қажетті кітаптар жетіспейді. Мысалы, Жамбыл облысы бойынша орта мектеп мұғалімдері мен оқушыларының оқулықтармен қамтылу деңгейі тек 57,7% құрайды, Ақтөбе облысында – 65%»,– делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, «Дінтану негіздері»пәні 2004 жылдан бері еліміздегі мектептердің жоғары сынып оқушыларына оқытылуда.