Девальвациядан кейін бағаларын жөнсіз көтерген 44 компанияға 300 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Әлиақпар Мәтішев мәлім етті, деп хабарлайды Интерфакс Қазақстан.
Мәтішевтің айтуынша, соңғы 4 айдың ішінде агенттік Қазақстанның 13 өңірінде жалпы саны 27 зерттеу жүргізген. Мемлекеттік қызметкерлер бәсекелестікке қарсы астыртын әрекеттер, нарықтағы басым жағдайын пайдалану мен жосықсыз бәсекеге жол беру сияқты фактілер бойынша азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанар-жағармай және құрылыс заттары нарығында сауда-саттықпен айналысатын компанияларды тексерді. Тексеру нәтижесі бойынша 44 компанияға қарсы әкімшілік істер қозғалып, ұйғарымдар шығарылды.
Агенттік заң бұзған компаниялардың тізімін де жариялады. Алматыда бұлар «Арзан», «Юбилейный», «Рамстор» супермаркеттері; сондай-ақ, қант сататын шығысқазақстандық фирмалар – «Антоненко И.В.» жеке кәсіпорны мен «Өскемен-Қант» ЖШС-і және шұжық өнімдерін сататын – «ШұжықУка» ЖШС-і, «Виктор 17» ЖШС-і; жеміс-көкөніс өнімдерін сататын Алматы облысындағы – «GreenHouse-Зеленый Дом» ЖШС-і; Маңғыстау облысындағы ұн сататын – «CaspianMarket» ЖШС-і және «Ажибек Е.Т.» ЖШС-і, – деп хабарлады Ә.Мәтішев.
Сондай-ақ, тауардың саудасын жөнсіз шектегені үшін «Газпромнефть-Қазақстан» компаниясына айыппұл салынды.