БҰҰ қазіргі Бас хатшысы Пан Ги Мун 2016 жылы қызметінен кеткен соң бұл лауазымға Жаңа Зеландияның экс-Премьер-Министрі Хелен Кларк өзінің кандидатурасын ұсынуы мүмкін, деп хабарлайды шетелдік ақпарат құралдары.
Осыдан біраз уақыт бұрын Кларк ханым «БҰҰ басшылығына әйелдің келуі әлем үшін қажет», деген мәлімдеме жасаған еді.
Қазіргі уақытта Х.Кларк БҰҰ-дағы маңыздылығы жағынан үшінші орындағы лауазымдық қызметті атқаруда. Ол осы ұйымды дамыту бағдарламасына жетекшілік жасайды.
«БҰҰ-ны әйел басқаратын уақыт жетті ме» деген деген журналистер сұрағына жауап берген ол: «Меніңше, бүкіл әлем әйелдері бұл сұраққа «Иә!» деп жауап берер еді. Айтпақшы, 2016 жылы АҚШ Президенті лауазымына негізгі үміткердің бірі әйел болады. Қазірдің өзінде Халықаралық валюта қорын әйел басқарады. АҚШ Федералды резерв қызметінің басшылығында да әйел бар. Бүгінде әйелдер көптеген биіктерді бағындыруда. Демек, әйелдердің де БҰҰ-н басқаратын уақыт келеді», — деді.
Естеріңізге салсақ, 1999 жылы Хелен Кларк Жаңа Зеландияның Премьер-Министрі болып сайланған тұңғыш әйел болды.