Бас прокуратура Қазақстанда адамдардың жол апатынан қаза болуының ең жиі кездесетін себебі — жылдамдықты шектен тыс арттыру деп есептейді, деп хабарлайды Интерфакс. Сондықтан күштік құрылым өкілдері ұзақ шақырымдарға созылатын жолдарда жылдамдықты тіркейтін жүйелер орнатуды ұсынып отыр.
— Біз қазір жол полициясының, Көлік министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің назарын Франция, Бельгия және Италия сияқты елдердің тәжірибелеріне аударып отырмыз. Бұл елдерде «автодория» әдісі қолданылады. Бұл әдістің мәні жолдың ондаған шақырымдық учаскесіне жылдамдық детекторларлары орнатылады, ол жерді айналып өту мүмкін емес, жүргізушінің жылдамдығы әр жерде тіркеліп, кейін қозғалыстың орташа жылдамдығы есептеледі, – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко Заң мен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің сейсенбі күні Астанада өткен отырысында.
Кравченконың айтуынша, Еуропада мұндай тіркеуіштер орнатылғаннан кейін жүргізушілер әрбір бақылау учаскесінен өтер алдында уақыт созғанша, белгіленген жылдамдықты сақтап отырған тиімді екенін түсінеді. Бұл әдіс қазақстандық жүргізушілерді де жылдамдық тәртібін сақтауға мәжбүрлейді.
Прокуратураның дерегінше, Қазақстан жолдарында жылдамдықты арттыру — жол-көлік апаттарының «ең кең тараған себебі, әрі адам өліміне ең жиі себеп» болып отыр. Тек соңғы екі жылдың ішінде осы себептен 1 мың 355 адам қайтыс болыпты.
А.Кравченко жауапкершілікті күшейту мен радарлар орнату арқылы еліміздің жолдарындағы жағдай тек ішінара жақсарғанын атап өтті. «Жүргізушілер радардың алдына келгенде жылдамдығын күрт азайтады да, одан өткеннен кейін қайтадан жылдамдық тәртібін бұзады».
Сонымен бірге, Бас прокуратура төрағасының орынбасары былтыр радарлар арқылы тіркелген 550 мың тәртіп бұзушылықтардың 49 пайызының ғана айппұлдары төленгенін хабарлады. «Жылдамдық арттыруға қатысты жол инспекторлары әшкерелеген фактілерге келсек, жағдай сәл тәуірлеу, бірақ сонда да әлі мінсіз емес. Салынған 3 миллиард 22 миллион теңге айыппұлдың тек 1 миллиард 827 миллионы немесе 60,5 пйаызы ғана төленген».