2013 жылмен салыстырғанда, үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз аралығында елімізде алаяқтыққа қатысты қылмыстар саны 20 пайыздан астам артқан, деп хабарлайды Интерфакс.
«Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында республикада алаяқтық фактілері бойынша 9067 қылмыс тіркелді, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс санының өсімі 20,4% құрады», – делінеді ҚР Бас прокуратурасының дүйсенбі, 9 маусым күні таратқан баспасөз хабарламасында.
Ақпаратта алаяқтықтың үлес салмағы барлық тіркелген қылмыстар санының 11,4% құрайтыны аталған.
Статистикаға сәйкес, қаңтар-наурыз айлары аралығында барлығы 2177 адам алаяқтық жасаған,олардың 997-сі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Атап айтарлығы, 1180 адам қылмыстық істердің тоқтатылуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Бас прокуратураның деректері бойынша, қылмыстардың көпшілігі ақша үшін жасалған екен, ондай қылмыстардың үлесі 68,6%. Бұдан бөлек, ақпаратта алаяқтықтың ұялы байланыс құралдары, көлік құралдарына, құжаттарға, оның ішінде қозғалмайтын мүліктің, зергерлік бұйымдардың және бағалы металлдардың құжаттарына қатысты жасалатыны атап көрсетілген.
«Жасалған талдау қылмыстың осы түрінің өсуі құқық қорғау органдарының алаяқтықтың алдын алуға бағытталған шараларды жеткілікті мөлшерде жүргізбеуі салдарынан орын алғанын көрсетті. Сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарының басқа өкілетті мемлекеттік органдармен тиісті деңгейде өзара әрекеттестікті орнатпауына да байланысты», – делінген хабарламада.