Армения кез келген жағдайда Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді, алайда бұл одаққа елдің мүшелік ету мерзімі бойынша өзгерістер орын алуы мүмкін. Бұл туралы 26 маусым күні журналистермен әңгімелесу кезінде Арменияның премьер-министрі Овик Абрамян мәлімдеді, деп хабарлайды iratvakan.com.
Оның айтуынша, процесс қалай болғанда да іске асады. «Ештен кеш жақсы деген , қазір болып жатқан үдерістер талқылануда», — деген Армения премьері 3 шілдедегі кездесуден кейін барлығы белгілі болатынын қосты.
Журналистердің «Армения ЕАЭО-ға қосылып жатқан жағдайда Таулы Қарабах Республикасы мен Армения шекарасында кедендік-өткізу бекеті орнатыла ма?» деген сауалына Абрамян жауап беруден бас тартты.
Бұдан бұрын ел премьер-министрі Арменияның ЕАЭО-ға кіруі 3 шілдеге дейін іске аспайтынын мәлімдеген болатын.
Естеріңізге салып өтсек, 29 мамыр күні Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Ресей, Беларусь және Қазақстан президенттері ЕАЭО құру туралы шартқа қол қойған болатын. Отырысқа қатысқан Армения президенті Серж Саргсян елдің Одаққа қосылуы туралы мәселені 15 маусымға дейін қарауды ұсынған еді.