Маусымның 23-і күні қаланың қақ ортасында жол жиегінде тұрған Тойота автокөлігіне ағаш құлады. Қатты желден сынып кеткен ағаштың үлкен бұтағы көліктің артқы терезесін сындырып, шатырын майыстырды.
Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім жарақат алған жоқ. Оқиға орнына шақырылған Алматының құтқару қызметі арнайы техниканың көмегімен жарты сағаттың ішінде көлікке қадалған бұтақты алып тастады.
Қаланың коммуналдық қызметтері жоспарлы түрде ескі ағаштарды кесіп отырса да, қалада ағаштардың құлауы жиі орын алып тұрады. Жыл басынан бері ондаған көлік құлаған ағаштың құрбаны болып үлгерді.
Қазір көлігіне ағаш құлаған жүргізуші төтенше оқиға салдарынан келген шығыны өтелуі үшін соттасуға дайындалып отыр. Бірақ бұл жағдайда жауапқа кімнің тартылатыны әзірге белгісіз, көлік иесі заңгерлердің көмегіне жүгінбек.