«Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері Алматы Халықаралық әуежайында экономикалық контрабанданың жолын кесті, деп хабарлайды Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
«Алматы- Стамбул» халықаралық әуе бағытына қатынайтын авиарейске кедендік бақылау жүргізу барысында Сербия Республикасының азаматы құрықталды. Алматылық кеденшілер ұсталған шетел азаматын тексеру барысында одан 35 мыңға жуық АҚШ доллары табылған. Кеден шекарасын өту кезінде шетелдік азамат көрсетілген қаражатты декларацияда көрсетпеген.
Бүгінде аталған дәйекке (экономикалық контрабанда) қатысты Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті ҚР ҚК 209 бабы 1 тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде.