ҚР Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау Түркиядағы курорттарда қонақ үйлер неліктен Қазақстанға қарағанда арзандау екенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
— Ақмола облысының бұрынғы әкімі ретінде айтатын болсам, Бурабайда қонақ үй нөмірін жылына кем дегенде 200 күн пайдалану керек. Бұл кез келген курорттың мақсаты. Ал Түркияда оларда оның деңгейі жылына 250 күнге жетеді, — деп тоқталды вице-министр.
Осы орайда А.Рау тиісті жоспар тыңғылықты жасалғанын және осы бағыттағы жұмыстар жүріп жатқандығын атап өтті.
— Бірінші кезекте біздегі қонақ үй иелері қызмет көрсету деңгейін жоғарылатып, ондағы қабылдайтын бөлмелер жылына 200 күн бойы сұраныста болуы бағытында жұмыс істеуі тиіс. Бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Ал тек жаз айларында және қыста біршама табыс жасап, жыл бойы сонымен өмір сүруге болмайды. Атап айтқанда, қонақ үй бөлмелері жылына 200 күн сұранысқа ие болса, соған сәйкес, демалыс орындарындағы баға да қалтаны қақпайды, — деді А.Рау.