Анна Құдиярова бастаған психологтер тобы Бірыңғай ұлттық тестілеуді күйзеліске ұшырамай, қалай тапсыруға болатыны туралы әңгімелейді.
ҰБТ тапсыру балалар үшін де, ата-аналар үшін де әр уақытта күрделі кезең болып табылады. Осы кезеңде суицидтер де жиілейді. Мәселен, 2012 жылы году кәмелетке толмағандар арасында 200-ге жуық суицид орын алды.Сарапшылар жастар арасындағы өзіне өзі қол салудың негізгі себебі ретінде ҰБТ-ны атап отыр. Біз Қазақстан Ұлттық Психоаналитикалық Ассоциациясының психологтарымен сұқбаттастық, олар ата-аналар мен мектеп түлектеріне жастардың өмірдегі алғашқы сынақтан сүрінбей өтуіне көмектесетін бірнеше кеңес берді.
Психолог Қалипа Төлендитова «ең бастысы — жақсы демалу қажет», деп есептейді
– Сапалы демалысқа уақыт және көңіл бөлген жөн. Оқумен басыңызды қатырмаңыз. Толыққанды демалыс қажет. Айталық, фитнес немесе табиғатқа шығу, достармен кездесу, кәуәп дайындау.
Психолог Елена Манжикова: «Күйзеліске ұшырататын ахуал тудырып, баладан қолынан келмейтін істі талап етуге болмайды».
– Былтыр менің ұлым ҰБТ тапсырды. Мен оған қолдау көрсетіп, оның күн тәртібін оңтайлы ұйымдастыруға тырыстым. Өйткені бәрі ретімен болу керек, бала күндіз-түні сабақ оқумен ғана шектелмей, арасында демалуы тиіс. Ең күрделі мәселе – көптеген ата-ана жиналыстарда сынақтық ҰБТ-да неғұрлым жоғары балл жинауды талап ететін мұғалімдердің жетегімен жүреді. Мектепке рейтингте жақсы орын алуға мүмкіндік беретін статистика қажет. Міне, осы дүрбелеңге қосылған ата-ана өзінің баласына көптеген қиындықтар тудырады. Сіз балаңызды түсініп, оған қолдау көрсетуіңіз керек. Ешкім ешкімге міндетті емес. Мен әр бала өзінің мүмкіндігіне қарай тапсыру керек, деп есептеймін. Біреу үздік, біреу нашар тапсырады. Десек те, күйзеліске ұрындыратын ахуал тудырып, баладан мүмкін еместі талап етуге болмайды. Қолдау көрсетіп, оған сенетініңізді айтқан жөн. Бұл бала үшін өте маңызды. Одан кейін балалардың жүйкесі жұқарып мазасы кететін сәттер болады. Сол кезде өзіңнің қандай күйде, қандай сезімде екеніңді айтып, пікір алысқан дұрыс. Ойындағын айтқан бала сабасына түсіп, жеңілденіп қалады. Сөйтіп, ата-анасынан қолдау тапқан бала бойындағы қорқыныштан арылып, болашаққа сеніммен қарайтын болады.
Балалар психологы Гүлжан Амангелдинова ата-ана қамқорлығының маңыздылығын алға тартады.
– Менің өзім бірер жыл бұрын мектеп түлегі болғанмын. Қатты күйзеліске ұшыраған сәтте қажетті баллға қол жеткізу мүмкін емес. Сынақтық тестілеу тапсыру барысында нашар балл жинаған кезде, неге бұлай болды деген сұраққа қаласың. Күндіз-түні оқыдым ғой деп ойлайсың. Міне, сол кезде ата-ананың: «Тапсырасың, ешнәрседен қорықпа. Мен саған сенемін!» деген сөздері ең маңызды көрінеді. Оны мен өз құрбыларымнан білемін, олардан көп нәрсе талап етілді, олардың алдына „сен міндеттісің„ деген талап қойылды. Олар қиын жағдайға тап болып, күйзеліске ұшырады. Мен күйзеліске ұшырамадым деп айта алмайын. Күйзеліс болды. Мен де, оқуға түсем бе, түсе алмаймын ба, деп қорықтым. Себебі оқуға түсуге мүмкіндік беретін балл табалдырығы артып, қорқыныш үдей түсті. Бірде анам маған былай деді: «Ең бастысы, өту баллын жинасаң болды, бірақ сенің мүмкіндігің одан жоғары деп есептеймін. Өзің байқайсың ғой, өзің шеш». Дегенмен, уақыт өткеннен соң, бүгінгі күннің биігінен қарасаң, балаға көп ерік беруде жөн емес шығар деген ойға қаламын. Өйткені, арқаны кеңге салған адам өз білімін тиісті деңгейде көрсете алмай қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жөнінде абайлап айтқан абзал. Мәселен, дастархан басында тарих, география, грамматика тақырыптарын талқылауға болады. Осындай еркін пікір алысу барысында алған мәліметтер баланың жадында жақсы сақталады. Бұл неғұрлым нәтижелі болады, деп ойлаймын.
Психолог Арыстанбек Түркменбаев:
– ҰБТ-ны дәріптеудің қажеті жоқ. Ол әркімнің бастан өткеретін кезеңі.
Психолог Анна Құдиярова: «Ата-аналар абайлап сөйлеуі керек».
– Мен сіздерге екі оқиғаны, ата-ананың өзін өзі қалай ұстауы, нені еш жағдайда айпауы керектігі туралы айтып берейін.
1-ші эпизод: Анасы ұлын ҰБТ-ға шығарып сала отырып, 5-сіз оралма дейді. Бұл әзіл сияқты, бірақ бұл сөздің шын мағынасы «5-сіз оралма!». Сонымен, бала 3-4 сағат отырып, ҰБТ-ны тапсырды. Алайда ол 5-ке тапсырмағанын іштей сезеді. Тестілеу нәтижесі әлі жоқ, бірақ ол 5-ке тапсырмағанын біледі. Анасы үйге оралма деген. Үйіне қайтып келе жатқан бала дәріханаға кіреді, одан кейін біз онымен аурухананың жансақтау бөлімінде кездестік.
2-ші эпизод: Қыз бала ҰБТ-ға дайындалып жатып, мұғалімімен ерегесіп қалды. Мұғалім қысым көрсетіп, «анау болмайды, мынау болмайды, тек сынақтық ҰБТ-ға дайындал» дейді. Оқушы қыз бұған қарсылық білдіреді. Қызулыққа салынған мұғалім оқушы қыздың анасына телефон шалып: «Сіздің қызыңыз сондай-мұндай» деп, шағымданады. Ызаланған ана қызына телефон шалып, оны жерден алып, жерге салады: «Сен сондайсың, мұндайсың, сен сияқты адамдарға…». Қызы қарсы шығып, «Сен неге мұғалімнің сөзін сөйлейсің, менікі дұрыс қой», деп шырылдайды. Сол кезде анасы қызына: «Сен сияқты адамдарға бұл өмірде орын жоқ», дейді. Сіз оның не айтқанын түсінесіз бе? Әрқайсымыздың үйімізде дәрі-дәрмек толып жатыр, қыз бала жансақтау бөлімінен бірақ шықты.
Бұл қайта суицид аяғына дейін жетпеген шүкіршілік жағдайлар. Ал қаншама бала өзіне өзі қол салды? Сондықтан мен ата-аналарға абайлап сөйлеңіздер дер едім. Сіздердің айтатындарыңыз тек: «балапаным, мен сені жақсы көремін, сен маған керексің. Маған сенің бағаң емес, өзің керексің. Әрине, ҰБТ-ны жақсы тапсырып грантқа ие болсаң, тамаша болар еді. Сүрінсең, ештеңе етпейді, бір ыңғайы болар, бізге сенің амандығың қажет». Ата-ананың махабаты мен ҰБТ-ны тапсыра алмасаң да, ешнәрсе болмайтынына деген сенімі балаға сенімділік және байсалдылық береді. Ол не үшін алаңдайды, үйінде өзін шексіз жақсы көретін әкесі мен шешесі күтіп отырса? Міне, сол кезде ешнәрсеге алаңдамаған бала ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетеді. ҰБТ алдында ұйқының қанық болғаны жөн. Қалжыраған түлектің ойлау қабілеті де төмен болады.
Сөз соңында; ҰБТ-да сәтсіздікке ұшырағандарға айтарым, Билл Гейтс осыдан бар-жоғы бес жыл бұрын жоғары білімін растайтын диплом алды. Ол өзінің миллиондарына жоғары білімсіз-ақ қол жеткізді. Ең бастысы – денің сау, бақытты болғаның!