«Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымындағы одақтастары Арменияны сатып кетті» — ArmenianReport порталында осындай тақырыппен Тевос Аршакянның мақаласы жарық көрді. Автор Әзірбайжанның бірден одақтастарының қолдауына ие болғанына, ал Арменияның өзінің серіктестіктерінен тіпті, түсінікті жауап та ала алмағанына түсінбеушілік білдіріпті.
Тевос Аршакянның айтуынша, қазіргі таңда Қарабахты қорғау Армиясы сарбаздары оққа ұшып, әскери техникасы қирап жатқан Әзірбайжанның агрессиясына табысты тойтарыс беруде. «Алайда бүкіл әлемге тарыдай шашылған армян диаспорасы түкке түсінбей дал болуда: «Неліктен біздің Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымындағы (ҰҚКҰ) одақтастарымыздың қылмыстық немқұрайдылық танытып, Әзірбайжанның арандатуын айыптамады?».
Ал осыны түсінген Әзірбайжан Қарабахтың елді мекендерін артиллериялық соққының астына алуда, сөйтіп, бейбіт елдің арасына қырғын салуда. Оған неге қырғын салмасқа, егер оның әрекетін халықаралық қауымдастықты айтпағанда, Армениямен әскери-саяси келісім біріктіретін елдердің өздері айыптамай отырса?
Иә, осындай қиын жағдайда қалған Армения өзінің одақтастары тарапынан қорлық көріп отыр.
Осы орайда, автор екі одақтасы – Түркия мен Пәкістаның Бакуге бірден әскери көмек ұсынғанына назар аударады.
«Мәселен, Әзірбайжан үкіметіне Пәкістанның Қорғаныс министрлігінен әскери көмек туралы ұсыныс түскен. Бұл елдің әскери ведомствосы әскери техника, оқ-дәрі мен құрал-жабдықтар беру жөнінде көмек ұсынған. Ашық түрде! Ал түріктерге келетін болсақ, олардың Сыртқы істер министрлігі «Қарабахты қорғау Армиясының арандатушылығын» айыптады және әлемдік қауымдастықты «армян экспансионизімінің кеңеюін тоқтатуға және күш-жігерді аннексияға ұшыраған Әзірбайжан аумағын аза етуге жұмсауға шақырды».
Бұдан бөлек, түрік БАҚ-тары Әзірбайжанға түріктің әскери кеңесшілерінің, тіпті, әскери техникасының жеткізілгенін хабарлады.Түркия президеннті Ердоған мен премьер-министрі Давутоғлы Әзірбайжан армиясына және Әлиев үкіметіне ашық түрде ресми қолдауын білдірді. Өкініштісі, біздің одақтастарымыз Арменияға осындай қолдау көрсетудің сыңайын да көрсетпеді. Одақтастар бар сияқты болатын, олар – ҰҚКҰ-ның мүшелері Ресей, Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан еді».
Алайда мақалада, керісінше, Беларусь президенті Лукашенконың бірден Әлиевке телефон шалып, өзінің үлкен алаңдаушылығын білдіріп, одан ары орын алуы мүмкін арандатушылықтарға жол бермеу үшін барлық шараларды қолданатынын айтқаны туралы өкінішпен баяндалған.
«Өзінің ресми сайтында „Минск қақтығысты ең алдымен егемендікті сақтайтын және қамтамасыз ететін халықаралық құқықтың жалпы қолдауға ие болған нормаларына сәйкес, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті резолюциялары негізінде шешуді қолдайды», деген ресми мәлімдемені жариялаған Беларусьтің Сыртқы істер министрлігі бірден Әзірбайжанды қолдады.
Минскінің екіжүзділігі Ереванның зығырданын қайнатты. Армениядағы Беларусь Елшісі Игорь Назаров Арменияның Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, Ішкі министрінің орынбасары Шаварш Кочарян оған Беларусь Сыртқы істер министрлігінің Қарабах қақтығысы аймағындағы жағдайға байланысты мәлімдемесіндегі кейбір жәйттер бойынша түсінбеушілігін, соларға орай наразылығын білдірді».
Игорь Назаровқа мұндай мәлімдемелердің армян-беларусь қатынастарының рухына және ҰҚКҰ-ға және басқа халықаралық құрылымдарға кіргенде алынған міндеттемелерге сәйкес келмейтіні, сондай-ақ Әзірбайжанның Қарабах қақтығысында күш қолдануына дем беретіні туралы айтылды.
«Біз басқа одақтастардан, атап айтқанда, қазақтардан да қолдау таппадық.
Әлеуметтік желілердегі қазақ сегменті әзірбайжандарды „түркі-бауыр„ ретінде қолдаған пікірлерге толып кеткен
Ол аз болса, кейбір қызуқанды қазақтар тіпті, өздерінің отандастарын Әзірбайжан елшілігіне барып, Бакуді қолдап соғысуға еріктілер ретінде жазылуға шақырған.
Қоғамдағы көңіл-күйді тамаша білетін Назарбаев Әзірбайжан тарапынан агрессияға тап болған ҰҚКҰ бойынша одақтасын қолдаудан қалыс қалды. Қырғыздар мен тәжіктер мүлдем үнсіз қалғанды жөн көрді. Алайда біз осы екі мұсұлман елі халқының дәл Әзірбайжанды қолдап отырғанына еш күмәніміз жоқ».
Ең соңына автор талғампаздығы туралы айыптаулар айтылған Ресейді қалдырыпты.
«Еске түсіріп көрейікші, 2008 жылғы тамызда оның одақтастары – Оңтүстік Осетия мен Абхазия Грузия тарапынан шабуылға ұшырағанда Ресей қандай қадамға барды. Мәскеу бірден армиясын іске қосып, Грузияға жойқын соққы беріп, оны бейбіт келісім жасауға мәжбүрледі. Ал Армениямен болған жағдайда Кремль басқыншының әскери әрекеттерін үгіт және үндеулермен тоқтатуды жөн көріп отыр. Ал біз, армяндар, олардан неғұрлым белсенді әрекеттерді күткен едік. Және оған біздің толық құқығымыз бар.
Арменияның ҰҚКҰ-ға мүше болуынан бөлек, ол Ресейдің Кавказдағы жалғыз одақтасы.
Иә, осындай қиын жағдайда қалған Армения өзінің ҰҚКҰ-дағы одақтастары тарапынан қорлыққа тап болды, олар жағдайға араласпаудан бас тартып қана қоймай, тіпті, Әзірбайжанның агрессиясына қолдау білдірді. Иә, біздің армия мен халық басқыншыға тойтарыс беруге қауқарлы, бірақ көкірегімізде өзіміздің „одақтастарымыздың„ екіжүзділігінен сызат қалды.
Ел басшылығының болған істен тиісті ащы абақ алғанына сенімдімін, және ең жақын уақытта ресми Ереван өзінің сыртқы саясатының бағдарына шүбәсіз елеулі түзетулер енгізеді. Бұл жолы ол мұхиттың ар жағындағы серіктестің және еуроатлантикалық интеграцияның пайдасына шешіледі. Құдай көріп тұр, біздің басқа бара жеріміз, басар тауымыз жоқ», — дейді ренішін қорытындылаған автор.
Орысщадан аударған Қайрат Матреков